Таным • 14 Шілде, 2020

Қазағына қызмет қылған қайраткер (Шәріп Өтеповтің Қобда беті қазақтары арасындағы саяси қызметі)

746 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Моңғол Халық Республикасы социализм жолына (1921ж.) бет бұрған сәттен бастап, жаңа мизам саясатын орнықтыру үшін саяси жұмыстар қолға алынды. Әсіресе елдің батыс шебінде өмір сүріп жатқан қазақтарды жаңа өмірге икемдеу ісі тоқырауға ұшырады. 1928 жылы 14 желтоқсанда ашылған Моңғолия Мемлекеттік 5-ші кіші құрылтайы қабылдаған төтенше қаулының «Халық ағарту ісі туралы» бөлімнің 170-бабында: «Шекаралық аймақта орналасқан қазақтар арасына оқу-білім ісін жоспарлы жүргізуді қолға алу» жайлы сөз болса, аталмыш құжаттың 9-бабында: «...қазақтар арасына жаңа мизам сая­сатын жүргізу қажет» деп нақты атап көрсетіпті.

Қазағына қызмет қылған қайраткер (Шәріп Өтеповтің Қобда беті қазақтары арасындағы саяси қызметі)

Суретте: Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің хатшысы Шәріп Өтепов (оң жақта). 1929 жыл.

Осы орайда, «бәрін кадр шешеді» деп кеңестік көсем Сталин айтпақшы, моңғолдар бұл мәселеде, яғни батыс өлкедегі қазақтарды ағарту үшін қазақ­стандық кадрлар күшін пайдалануды құп көрді.

 

Моңғолия Жастар одағының үшбу хаты

Сөйтіп, 1925 жылы 8 желтоқсан күні Моңғолия Революцияшыл Жастар Ода­ғының Орталық Комитеті Қазақстан өлке­лік комсомолы орталық комитетіне арнайы хат жолдайды. Аталмыш хатта:

«Құрметті жолдастар! Коммунистік Жастар Интернационалының Атқару Комитеті бізге қазақ комсомолы сіздердің ұйымдарыңыздың шефі болып белгіленді деп хабарлады. Моңғолия Революцияшыл Жастар одағының Орталық Комитеті бүкіл ұйымның атынан өзі шефіне – Қа­зақстанның Лениншіл комсомолына жалынды туысқандық сәлем жолдайды және біздің ұйымдарымыздың арасында берік байланыс орнайды деп, тұрақты ақпарат алмасып тұратын боламыз деп сенім білдіреді. Өзара ақпарат алмасу мен туысқандық бай­ланыс жасап жұмыс тәжірибесін алмасып тұруға, Коммунистік Жастар Ин­тер­националының туы астында бүкіл дү­ниежүзінің еңбекшілері мен езілген ха­лықтарын капиталистік құл­дықтың теп­кісінен азат ету жолында күресіп жат­қан революцияшыл жастардың ха­лық­аралық туысқандық бірлігін орнату мүд­десі үшін қажет» делінген екен. Бұл хаттың артында Тұрар Рысқұлов тұрғаны анық. Өйткені, осы тұста қазақ қайраткері Да Күреде (Ұлан-Батыр) Коминтерн өкілі ре­тінде жауапты қызмет атқарып жүрген-тін.

Жоғарыдағы хатты Қазақ өлкелік комсомол комитеті жылы қабылдап, 1928 жы­лы желтоқсан айында, яғни тура үш жылдан кейін арнайы жауап жолдаған екен. Ол жауап хатта елде атқарылып жатқан коллективтендіру науқаны жайлы айтылып, осы жылы (1928) қазақ жастары тарихта тұңғыш рет Жұмысшы-шаруа Қызыл Армия қатарына шақырылғаны үнді леппен, көтеріңкі түрде баяндалып, келесі жылы (1929) өткізілетін БЛКЖО өлкелік комитеті пленумына өкіл жіберіңіздер, «отыра қалып ақыл­дасайық» деген сыңайлы лепес білдіріпті.

Сөйтіп, 1929 жылы Қазақ өлкелік комсомол комитетінің пленумына Моң­ғолдың Революцияшыл Жастар одағы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, жастар газетінің редакторы қатысып, екі ел жастары арасында ынтымақтастық байланыс орнату жайы ВЛКСМ өлкелік комитет бюросында талқыланады. Сөйтіп моңғол жастарына көмектесу үшін ұзақ мерзімге өкіл жіберу мәселесі шешіледі. Бұл шаруаға ыңғайлы адам ретінде сол кездегі Ақтөбе облыстық комсомол ко­ми­­тетінің секретары Шәріп Ғайсаұлы Өтепов таңдап алынады.

 

Шәріп Өтепов кім?

Шәріп Ғайсаұлы Өтепов – 1906 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ахмер ауы­лында туған. 1920 жылы комсомол қатарына өтіп, ауыл жастары арасына жаңа өкімет үгітін белсенді жүргізуші ре­тінде танылған.

1924 жылы тамыз айында комсомол жолдамасымен Семей губерниялық совет-партия мектебіне оқуға қабылданады. Сол тұста саяси кадрларға марксизм-ленинизм идеяларымен қатар орыс тілі, география, қазақ әдебиеті пәндері де қоса оқытылады екен. – «Әдебиет» пәнінен бізге атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі сабақ берді. Бір жолы қаладағы қазақ театр клубы сахнасында жазушының «Еңлік-Кебек» пьесасын қойдық. Ең­лік рөлін губерниялық совет-партия мектебінің студенті Дилнұз Әсетқызы Бекматова орындады. Көрермендер зал­ға лық толды. Спектакль соңында студенттерді Мұхтар Омарханұлының өзі келіп құттықтады» – деп еске алады Ш.Өтепов өзінің естелігінде. Мұндағы жас комсомол Дилнұз Әсетқызы кейін Шәріп Ғайсаұлының жары болды.

Осылай, партия мектебінің екі бас­қышын бітірген жылы Өтеповті жергілікті үкімет Қарақарлы уезіне жастар ісін басқаруға жібереді. Бұл бір дүние шуға толы заман-тын. Батырақтарға билік тиіп, олар «Бай менен молданы, қойдай қу қамшымен» деген ұран астында екпіндеп тұрған кез. Әрине бұндай астым-төктім науқаннан біздің кейіпкеріміз де қалыс қалмағаны анық. Соның нәтижесі шығар, Шәріп Ғайсаұлы 1929 жылы Ақтөбе об­лыстық комсомол комитетінің секретары қызметіне дейін көтеріледі...

«Арада жыл өткенде, яғни 1930 жылы ақпан айында мені Ақтөбе округтік партия комитетінің хатшысы шақырып алып: – Сені Мәскеуге ВЛКСМ Орталық Комитеті шақырып жатыр. Мен білсем сізге бұдан былай Коммунистік Жастар Интернационалы саласында Шығыста жұмыс істеуге тура келетін сияқты. Шет елде жұмыс істеу оңай емес. Өзіңе бекем бол. Коммунист деген атқа кір келтірме. Жолың болсын», – деп сәттілік тіледі», дейді Шәріп Ғайсаұлы өз естелігінде.

Сөйтіп, осы жылдың мамыр айында Коммунистік Жастар Интернационалы (КИМ) ұйымының жолдамасымен Өте­пов Ұлан-Батыр қаласына келіп түседі. «Ұлан-Батырда мені жылы қабылдады. Менімен бірге серігім әрі жұбайым Дил­нұз Өтепова Коминтерннің жолда­масымен бірге келді. Бізбен әңгіме­лескен моңғолдық жолдастар: – Ашы­ғын айтқанда біз қазақтар арасына жұ­мыс жүргізе алмадық. Енді сіз бізге көмек береді деген сенімдеміз. Ол жақ Шыңжаң провинциясымен шекаралас, гоминданшылардың ықпалы басым, сондықтан сақ болыңыз, – деп шығарып салды...», деп жазады комсомол қайраткеткері 1981 жылы Алматы қаласында жарық көрген естелігінде (Шәріп Өтепов. Жалындаған жастығым – комсомолым: – Алматы: «Жалын», 1981. – 122 б). Сөйтіп, Шәкең 1930-1932 жылдары БК(б)П ОК және КИМ жолдамасымен Моңғолиядағы қазақтар арасында 3 жылға жуық жұмыс істеп, қара халыққа жаңа мизам саясатын насихаттаған.

 

Қобда бетіндегі күндер

– Біз Шеруші қошуына (әкімшілік бірлік) келгенімізде ел Дайын-Норда (Дайын көлі) жайлауда екен. Олар жыл он екі ай көшіп жүреді, егін екпейді, пішен шаппайды, тек мал өсіреді, аң аулайды. Біз ауылды аралап жаңа үкімет саясатын түсіндірдік. Халық: «Біз сауатсыз өмір сүрдік, енді балаларымыз сауатты болсын. Егер мүмкіндік болса мектеп ашыңыздар», – деді», деп еске алыпты Қобда бетіндегі алғашқы әрекеті жайлы комсомол қайраткері.

Ол тұста Моңғол елінің батыс ше­ті, яғни Алтайдың теріскейі Қоб­­да бе­тіне қоныстанған қазақтар тек Ше­ру­ші қошуынымен шектеліп қалмай­тын. Осындағы Ш.Өтеповпен Қобда бетіне бірге келген коминтерн өкілі Абай Қасымов 1930 жылы қазан айын­да Моңғол Халық Партиясының Орта­лық Комитетіне жолдаған баянхатын­да: «Мұндағы қазақтар жүз мың шаршы шақырым жерге иелік етіп отыр. Шаңырақ саны – 2000, олардың қолында 49,6 мың ірі қара, 370 мың ұсақ малы бар», деп жазып, қазақтар қонысының шығыс шеті Қоңырөлең, батыс шебі Моңғол-Совет шекара өткелегі орналасқан Ұлан байшынтыға (Қызыл үй) дейін созылып жатыр», – деп жазыпты (Монғолхүү Б. «Қарлы Алтай күмбірі», Ұлан-Батыр қ. 2009 ж, – 244 б). Осы дерекке қарағанда бұл уақытта қазақтар әжептәуір жерге иелік етіп, әрбір ру өздерінің қыстау-қо­нысын сайлап, толық орнығып қалғанын аңғаруға болады.

Осы орайда, КИМ және Коминтерн өкілдері не себепті, үгіт-насихат орталығы ретінде Ақбалшықты таңдап алды дегенге келсек, бұл жерде ресейлік саудагерлер орнатқан жүн жуатын кәсіпорын бар еді. Осында жеке шаруашылығы жоқ кедей қазақтар ала жаздай жұмыс істейтін. Осы жағдайды есепке алып, жаңа мизам үгітін азғана жұмысшы табына сүйене отырып жүргізуді қолай көрдік деген екен Шәріп Өтепов мырза 1971 жылы Бай-Өлкеге келген сапарында жергілікті тұрғын Мәдениет Түркістанұлымен екеуара әңгіме барысында.

Осылай үгіт-насихатты Шеруші қо­­шу­нынан бастаған қазақстандық өкіл­­­дер әуелі елдің жайымен танысып ең­бекшілерге, жастарға ауыл-ауыл­да жи­­­на­лыс өткізіп Қазан революция­сы мен Монғолияда 1921 жылы жеңген ха­лық революциясының, Моңғол Ха­лық Рево­люцияшыл партиясының мақ­сат­тарын түсіндіріп, жаңа мизам заң ере­желерін кеңінен насихаттауды бастайды.

– Біз әуелі, – деп жазыпты Шәріп Ғай­саұлы: – халыққа кәсіподақтың рөлі жайлы айтып, алғаш рет ұйым құрдық... Кешікпей халықтық-революциялық пар­тия мен ревсомол ұяларын ашып едік, бұл жаңалық далаға шапшаң тарады. Кедейлер қуанып, байлар бұл мұ­сылманшылыққа қарсы шығу деп санады. Партия ұясының секретары болып батыл азамат Оспан Кітапбайұлы сайланды. Бұл тұста елді қошуын бастығы басқаратын. Бірақ ол адамды ауыл ақсақалдары сай­лайтындықтан, ол солардың ықпалынан шыға алмайтын. Біз осы дәстүрді бұзып, жаңадан Қаби Бәжіұлын қошуын бастығы етіп сайладық...», – десе моңғолиялық қаламгер Монғолхүү Бестайұлы ел ішін­дегі естеліктерге жүгіне отырып: «1930 жылдың жазында Ш.Өтеповтің ұйым­дастыруымен Қойшы деген адамның үйінде бір топ адам жиын ашып, Қобда беті қазақтары арасында алғаш рет партия және жастар ұясы құрылды. Партия ұясына мүше болып: К.Оспан, Б.Қаби, А.Райысхан, Ө.Самыхан, Ж.Қали, Е.Қа­бидан, Д.Жеңісхан, Қ.Шәріп, Б.Түркістан ілесті. Жастар ұясына мүшелікке: С.Әжі­кен, Қ.Көксеген, И.Рахмет, О.Маха­был­дардың сыртында әйелдерден Тұқи мен Әлипа өтті»  – деп жазыпты («Қарлы Алтай күмбірі», Ұлан-Батыр қ. 2009 ж, – 244 б).

Сонымен қатар өлкедегі әйелдер арасына да саяси-ағартушылық жұмы­сы қарқынды жүргізіліп, бұл іске Шәкеңнің жұбайы Дилнұз Әсетқызы мен Абайдың зайыбы Тәшінке Мірқасым­қызы бас­шылық жасаған екен. Олар қыз-келін­шектерге жаңа заман бағытын насихаттайтын қызыл отау ұйымдастырып, оның жанынан қосымша дәрігерлік пункт ашумен қатар, әйелдерге сауат ашу курсын да тұрақты жүргізеді. Сонымен бірге, әйелдерге жаңа заман киімін пішіп, тігуді үйретеді, қоғамдық жұмысқа тартады.

Осы әйелдер арасынан Райысханның жұбайы Тұқи қызыл отаудың меңгерушісі болса, орынбасарлығына Рымханның әйелі Әлипа тағайындалады. Түркістаның әйелі Күміс, Оспанның әйелі Күлән, Қаби­дың әйелі Шәуен, Самыханның әйелі Кәлсін т.б-лар отаудың белсенді мүшелері ретінде тарихта аты қалды. Оспанның қарындасы Күзенай мен Биғайша 1931 жылы көппен бірге Мәс­кеуге оқуға аттанды. Өкініштісі, Күзенай осы сапарында қаза тапқан.

Шын мәнінде, Өтеповтердің Қоб­да беті қазақтарына жасаған игі қыз­меті тағы аңдай тау жастанып, бұйра тірлік­тің бұйығы салтын ұстаған халыққа тек жақ­сылық әкелді. Жоғарыдағы саяси-қоғамдық істердің сыртында халық­тың тұрмыс-тіршілігін кәсібилендіру үшін де жаңадан коммуна, артель ұйым­дас­тырды.

Дәл осы тұста Моңғолия эко­но­ми­касын түрлендіру мақсатында арнайы жолдамамен келген тағы бір қазақ азаматы Қосжан Сариев Кеңес үкіметінің өкілі ретінде батыс өлкенің әкімшілік орталығы Қобда қаласында сауда ұйым­дастыру ісін басқарып отырған болатын. Осы кісінің көмегімен Ақбалшық-Қызылқайың қазақтары арасына тұтыну кооперативі ұйымдастырылып, оның бастығына Райысхан Әукеұлы, орынбасары болып Түркістан Байжүнісұлы бекітілген екен. Сөйтіп, әр жерде артель құрылып, олар мемлекет бөлген ақшаға түйе сатып алып, кіре тартып, жүк тасымалдауды жолға қояды.

«1930 жылдың күзінде Ақбалшықта 60 түйесі бар 30 адам мүшелікке ортақтасқан артель құрылды. Олар ел арасынан ши­кізат (жүн, тері, сүйек) жинастырып, оны Таулы Алтайға кіре тартып жеткізді. Ол жақтан сіріңке, шам, ұн, шай әкеліп тұрды» – деп жазады моңғолиялық журналист Монғолхүү өзінің «Таулы Алтай күмбірі» атты естелік кітабында.

 

Оқыту-ағарту ісін қолға алу

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақтар арасына саяси жұмысты жүйелеп алған қазақстандық қайраткерлер халықты сауаттандыру үшін жаңа заманның саяси оқуын үйрететін мектеп ашуды қолға алды. Осы мақсатта Моңғолия үкіметіне талап жолдады. КИМ мен Коминтерн өкілі айтқан өтініш жергілікті билік үшін – заң. Жергілікті әкімшілік оқу-ағартуға көп-көрім қаржы бөлген екен.

Осы оқиға жайлы Шәріп Ғайсаұлы өзінің 1981 жылы Алматыда жарық көр­ген «Жастық шағым – комсомолым» естелігінде: «Біз жаңа орнаған партия және ревсомол ұйымдарымен келісе отырып, алдымен жаңа оқу жолымен оқытатын мектеп ашуды ұйғардық. Партияның Орталық Комитетінен мектеп ашуға қаржы сұрап едік: «Қазақ ортасынан екі жерден қазына қаржысымен интернат мектеп ашсын», деген қаулы келді. Ол кезде қазақтар үкіметке ешбір алым-салық бермесе де Моңғолия үкі­меті қазақ халқының алғашқы игілікті істерінен қаржы аямады. Мектепке кедей батырақ балалары түсті. Байлар: «Құран-әптиек оқымайтын мектепке балаларды бермеңдер», – деген үгіт жүргізді. Бұлар балаларды бұзады, шоқындырады деп арпалысты. Бұлардың үгітіне қарамастан, күзде Ақбалшықта мектеп ашылды Енді балаларды оқытатын мұғалім мәселесі де оңайға түскен жоқ» – деп жазады.

Расында, мектеп ашу ісі оңайға түс­­­­пеген сыңайлы. Баяғы надандық – «шо­­қын­дыратын оқуға бала беруге бол­­майды». Халық жаңа мизам оқуы бала­­ларды діннен айырады, кәпір болып кетеді деп қорықты. Әсіресе байлар қарсы үгіт жүргізді. Ұйым­дасқан қас­тандық іс-әрекеттерге дейін барды. Бұл жөнінде моңғолиялық тарихшы Сарай Асқанбайұлы «Төңкерістен кейінгі Бай-Өлке қазақ ұранхайлары» атты еңбегінде: «Халық арасында КИМ және Коминтерн өкілдері қолға алған шараларға наразы топ: «Абай мен Шәріп келді, аусыл мен сарып келді», – деп жиіркенішті сөздер тарата бастады. Мұ­нымен қоймай Тотығұс, Мәми, Оспан, Қойшы бастаған 12 адам «халық ішіне қауіп төнді, Өтепов, Қасымовтарды ел арасынан қуып беріңдер» деп үкіметке арыз жазғаны жайлы деректі архив қорынан алып, баяндағаны бар.

 

(Жалғасы бар)