Білім • 15 Шілде, 2020

Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

241 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында қашықтан оқытуда инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің барын, осыған байланысты өткен төртінші «төтенше» тоқсанда тиімді оқыту болмағанын алға тартып, Білім және ғылым министрлігінің жаңа оқу жылына дайын екеніне күмәнданатынын жеткізді. Елдегі пандемия проблемасы ушығып тұр, ал жағдай осылай жалғасса, жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталатыны белгілі. Азаматтардың амандығы, адам денсаулығы бәрінен маңызды. Дегенмен біраз ата-ана қашықтан оқытуға қарсы болып отыр.

Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

 

Екіжақты қарсылық

Қашықтан оқытуды ең алдымен педагог қауым қолдап отыр. Бұлай деуімізге әлеуметтік желіде Білім және ғылым ми­нис­трінің атына жазылған педа­гогтердің петициясы себеп. Ұжым­дық үндеуде мұғалімдер: «Оқы­та білетін мұғалім қандай жағ­дай болсын оқытады. Оқи білетін бала қандай жағдай болсын  оқи­ды. Кезінде майшаммен де кітап оқы­ғанбыз. Бірақ денсаулық ма­ңызды. Бала­ның денсаулығы – бола­шағымыздың ден­саулығы» дей келе, мектеп мұғалімдері үшін қашықтан оқыту – жаңа әрі қиын формат болғанына қарамастан бір-біріне қол­дау көрсетіп, жұмысты жеңіл жүргізіп кеткенін негізге алып, қашықтан оқытуды қолдайтынын жазған.

Десе де, біраз ата-ана редак­циямызға жаз­ған жә­не әлеуметтік желі­де­гі сауал­дамамызға бер­ген жауабы арқылы қа­шықтан оқы­туға қарсылық танытып отыр. Сондай ата-ананың бірі Нұр­­лыбек Зинаб­дин: «Балам осы оқу жы­лында бірінші сыныпқа барады. Отбасында қолға қалам ұстатып, оқу мен жазуды дұрыс үйрете аламыз ба, қайдам. Мұғалімсіз, үйден сауат ашу өте қиын болады. Ұстаздың тұлғасын көріп, мектептің аурасын сезінуі керек. Біз – ата-аналар оқу, жазуды дұрыс меңгертуде мұғалімдей бола алмаймыз. Егер бала ең болмағанда жазып, оқи алса, қашықтан білім алуға болар еді. Ал әлі мектепті көрмеген балаға қашықтан оқу қиын», дейді. Осыған дейін көз жеткізгеніміздей, кейбір шетелдерде пандемия өршіп тұрған уақытта да бастауыш сыныптарды дәс­түрлі форматта оқытты, әлбетте барлық санитария талаптары қатаң сақ­талды. Осы ретте баласы 1-сыныпқа баратын ата-аналардың алаңдауы басым. Жо­ғарыда ата-ананың сөзінен және сон­дай мазмұндағы бірнеше ата-ананың пікірінен бұл уайымның барына анық көз жеткізіп отырмыз. Осыдан да сұрақ туады: мұғалім өзі әлі әліпбиді толық меңгермеген балаға әріпті қашықтан қалай танытады? Бұл – біздің ғана емес, биыл 1-сыныпты қабылдайтын мұғалімдердің де көкейіндегі сұрақ.

Осы жерде екі жақты қар­­сылықтың барын білдік. Өйт­кені сауалдамамызға: «Мен қа­шық­­тан оқытуға қарсымын. Биыл бірінші сыныпты аламын. Әріп танымайтын баланы қа­лай қашықтан оқытамын?» деп шы­рыл­даған мұғалімдер де болды. Сондықтан шетелдік тәжі­рибе қолданылып, бастауыш сынып оқушылары мектепте оқи ала ма?

 

Шешімі бар ма?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кеше өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жы­лында оқытудың 3 нұс­қа­сын ұсынды. Біріншіден, оқу­шы­лардың барлығын жаппай қа­шық­тан оқыту. Бұл ретте шал­ғай елді мекендерде орна­лас­қан шағын жинақты мектептер дәстүрлі форматта оқыта бер­мек. Ведомство басшысы осы нұсқадағы негізі мәселеге: «Бізде 2019-2020 оқу жылындағы төр­тін­ші тоқсанның тәжірибесі бар. Алыста орналасқан әр бала саны аз мектептердегі оқушылар дәс­түрл­і форматта оқыды. Мұндай мек­тептерде бір сыныпта 5, 10, 15 баладан оқиды, сондай-ақ мұ­ғалімдер мен оқушылар мек­тепке жаяу қатынайды. Осын­дай жағдайда қауіп аз бола­ты­­нына көз жеткіздік. Сол се­беп­ті қауіп жоқ өңірлерде орна­ла­­сқ­ан мектептерде штатты ре­­­жімде оқыту жұмыстарын ұйым­­­дастыруға мүмкіндік беріп отыр­­мыз», деді. Министрдің мә­лім­деуінше, дәстүрлі формат­та оқыту үшін сол өңірдегі, ауыл­­дағы пандемия жағдайы толығымен ескеріліп, облыстық білім басқармаларымен бірлесіп шешім шығарылуы тиіс. Егер ша­ғын жинақты мектебі бар ауыл­дың өзінде вирус өршіп тұрса, қа­шықтан оқыту форматына көші­ріледі. Қоса кетейік, елімізде бар­лығы 127 мың бала білім алатын 1 934 шағын жинақты мектеп бар. Бірінші нұсқадағы маңызды мәселе осы 2 мыңға жуық мектепке қатысты болып отыр.

Екіншіден, кейбір сыныптарды санитария талаптарын қатаң сақтай отырып дәстүрлі форматта оқыту. Бұл нұсқада қашықтан оқытуға екі жақты қарсылық еске­рілгендей. Яғни бастауыш сы­ныптың оқушылары ата-ана­ла­рының жазбаша өтінішімен дәстүрлі форматта, мектепте оқы­тылады. Ата-аналарының ке­лі­­сімімен дәстүрлі форматта білім алатын бастауыш сынып оқу­шылары үшін кезекші сынып­тар болады. Осы нұсқаны Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте толығырақ түсіндірген министр А.Аймағамбетов: «Бұл жерде біз бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Кезекші сыныптардың оқушылары бар­лық пәнді мектепте оқиды деу­ге болмайды. Қашықтан оқы­ту­ға қиындық туғызатын негізгі пәндер бар. Мәселен, матема­ти­­кадан есеп шығару, әсіресе жаңа тақырыпты алып кету оңай емес. Сонымен қатар 1-сынып оқу­шы­ларына әріп таныту керек. Мұндай маңызды сабақтарды қашық­тан оқыту өте қиын. Сон­дай негізгі пәндерді мектепке қа­тынап оқиды. Ал музыка, ең­бек­ке баулу секілді жаңа тақы­рып­тарын алыстан үйретуге бо­ла­­тын пәндер қашықтан оқы­ты­лады», деді.

Үшіншіден, штаттық режімде оқы­ту. Мұндай жағдайда әлбетте бар­лық оқушылар мектепте оқи­ды, санитария талаптары қатаң түрде сақталуға тиіс. Бірақ бұл ұсыныс Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау таппаған сыңайлы. Себебі Білім және ғылым министрімен қатар Үкімет отырысында коронавирус инфекциясына қатысты жағдай туралы есеп берген баяндамасында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Карантин кезінде балалар мен ұжымдық топтар арасында вирусты жұқтыру дең­ге­йі төмендеді. Күздегі тұмау мау­сымын, оған қоса коронавирус инфекциясының таралуын есепке алсақ, балалардың сабаққа ба­руы олардың арасындағы ауру­ды өршітіп жіберуі мүмкін. Сон­дықтан оқу жылының бірін­ші тоқсанында аз қамтылған мек­­теп­терден басқа барлық орта мек­­­теп оқушыларын қашықтан оқы­­туды ұсынамын», деді. Сол се­бепті Білім және ғылым минис­трі­нің үшінші нұсқасы ел­д­егі эпидемиялық жағ­дай әбден тұрақталып, жағдай жақ­сар­майынша, жүзеге аспайтын секілді.

 

Не кедергі?

Бұл сұраққа негізінен Президент Қ.Тоқаев: «Мұға­лім­дердің 20 пайыздан көбі үйле­рін­де толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады. Мектептердің балансындағы 400 мыңнан аса компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен министрлік жұ­мы­сының нәтижесі. Әкім­дік­тер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқ­таж отбасыларды қажетті тех­­никамен жабдықтауы тиіс», деп жауап берген болатын. Иә, қа­шықтан оқыту форматына кө­шу­де интернет пен техниканың тапшылығы қол байлайды. Мұ­ға­­лімдер мен оқушылардың бұл кедергіге өткен «төтенше» тоқ­санда кезіккенін көрдік. Ал алда­ғы тоқсанда тағы алдымыздан шы­ға­тын тосқауылға енді қалай төтеп бермекпіз?

Көктемде техника тап­шы­лы­ғы мәселесін шешу мақ­са­тында министрлік мектеп­тер­де­гі компьютерлерді оған мұқтаж мұ­ға­лімдер мен оқушыларға та­ра­тып берді. Сонымен қатар қа­шық­тан оқыту мәселелері жө­нін­­де өткен 17 сәуірдегі бас­пасөз жиы­нында Білім және ғы­лым вице-министрі Шолпан Кари­нова мұға­лімдер мен оқу­шы­ларға 11 мың техника сатып алынғанын айтты. Сол уа­қытта министр 80 мың техни­ка алуды жоспарлап отыр­ға­нын жеткізген. Осы техникалар өз иесін тапты ма? Нақты қай облыстарға таратылды? Бұл сұрақтарға тиісті министрліктен әзірге жауап ала алмадық. Бір анығы, министр А.Аймағамбетов кеше Орталық коммуникация­лар қызметіндегі брифингте: «Біз техника тапшылығының бар екенін жасырмаймыз. Иә, шын мәнінде Мемлекет басшысы айтқандай, мектептердің балан­сындағы көп компьютерлер жұмысқа жарамсыз. Дегенмен бұл бір жылда орын алған проб­лема емес, қанша жылдан бергі жиналған түйткілдер. Істен шыққан компьютерлерді, олардың жалпы жағдайы туралы мәліметтер уақтылы жаңар­тылмағандықтан, мәселе күр­де­леніп отыр. Қазірдің өзінде жер­гілікті атқарушы органдар­мен бірлескен жұмыстың нәти­же­сінде 36 мың жаңа компьютер сатып алынды. Жаңа оқу жылы­на дейін тағы да сатып алу жұмыс­та­рын ұйымдастырамыз», деді.

Енді қараңыз: мектептердің балансында барлығы 405 мың компьютер бар, оның 162 мыңы ғана (40 пайызы) жұмыс істейді. Оған ведомство басшысы айтқан 36 мың жаңа техниканы қоссақ, 198 мыңға жетеді. Сонда әлі 207 мың компьютер керек. Әр компьютерді ең арзан бағамен (150 мың теңге) есептегеннің өзінде кемі 31 млрд теңгеден аса қаржы қажет. Бұл – тек қана техника тапшылығын жою үшін жасалуы тиіс қадам. Біз әлі интернет мәселесін қозғаған жоқпыз.

Негізінен Цифрлық даму, ин­но­ва­циялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі жа­уап беретін жалпы Қазақстанға ортақ интернет проблемасын көк­темдегі «төтенше» тоқсанда Білім және ғылым министрлігі теле­арналардағы видео, радио­да­ғы аудио сабақтар мен пошта қызметі арқылы шешкендей болды. Бірақ мұндайда сапалы бі­лім туралы сөз қозғаудың өзі қи­сынсыз...