Руханият • 16 Шілде, 2020

Жері де, елі де абыз

1881 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Эссе/естелік

Жұмағұл Дәуітұлының рухына!

 

Арқада, қарағайлы орман-тоғайы көздің жауын алатын қасиетті Қарқаралыда, ежелден ірге бекітіп, кең жайлаған, қысы-жазы қопарыла, түп көтеріліп, өзен-көлді жағалай көшіп-қонып жүрген сайыпқыран елдің еншісі – Абыз.

Жері де, елі де абыз

Бақты – аузы дуалы абыздар жері, жақсылар мекені. Пайғамбардан бас­қа­ның бәрі шыққан құнарлы өлке, құтты жер, әйгілі Қарқаралы, Қу, Кент таулары сандықтас шоқы, жон-қыр­қаға ұласатын ұрымтал тұс.

Ақтоғай да Қарқаралы. Бұл өңір бір шоғыр алаш ардақтылармен бел­гілі, қазақтың ұстаздары – Әлихан, Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан туған – кіші Отан.

Тарата келсеңіз, шағын ауыл, ұсақ ұлыстарға бөлініп кететін даңқ­ты аймақ, Қаз дауысты Қазыбек би, Тәт­тімбет Қазанғапұлы, Мәди Бәпи­ұлы, Қалибек Қуанышбаев, Жүсіпбек Елебеков, Шолпан Жандарбекова, Күләш Бәйсейітова, Қасым Аман­жолов, ең соңғы алыптар тұяғы Тоқтар Әубәкіровтің елі тұрғысында бір ұғым-түсінікті атауға бірігеді.

Топ қайың, қасқыр құйрық қара­ғайлар қаптап өскен дөңес, шоқылар, жасыл бөктер, жынысты-жыңғылды тал-шілік, қабырғадан құлаған тау суы, екпіндеп аққан сарқырама, бұрқ-сарқ атқылаған асау бұлақ, қайнар, шайырдың иісі, ағаш майы аңқыған саф ауа, дің бойына жиналған сағыз, жеміс-жидек жұпары, мәуелі ағаштар, қараған адамға атамзаманнан қалғып-мүлгіп тұрған тәрізді көрінетін, бірақ шын мәнінде, талай тарихи дәуір, шежірелі уақиғаларға толы, куә, жад, ізгілікті де, зұлымдықты да көрген, сойқанды да, ойранды да бастан кешкен, қуанышы да, жұбанышы да көп, топырағы асыл Қарқаралы.

Бір перзенті – керегелі әулет жал­ғасы, сойы-тегі, үрім-бұтақты зәузат, ұрпақ атасы, ырысты, берекелі отбасы иесі, кешегі алып тұлға, батыр, қамқор әке, жақсы елдің нәсілі, қаракесектің қырғыз тобынан, арғы аталары мұраға қазыналы жер қалдырған, батасын алған, өсиет айтқан, Хангелдіден Келдібай, Келдібайдан Рақымбай, Рақымбайдан Түсіпбай, Түсіпбайдан Ыдырыс, Ыдырыстан Ахмет, Ахмет­тен Қоңыркөз, Қоңыркөзден Дәуіт, Дәуіттен – Жұмағұл.

Жұмағұл ақсақал алты бала сүйді. Бес ұлдың ішінде жалғыз өскен ер мі­незді, ізгі жан – Күлғайша.

Бар ғұмыры құрылыс төңірегінде өткен бейнетқор Жұмағұл ақсақал зейнетке шыққанша көптеген үй тұрғызды, елдің ажарын енгізді, қатар-қатар бой көтерген ғимараттар болашақтың елшісіндей, жақсылықтың жаршысындай өзіне шақырып тұратын.

Келер шақ, ертеңгі күнге бастайтын өткел тәрізді. Құрылыс – ауыр еңбек, жауапкершілігі де аз емес, үй салу – өмірге сәби келгендей жаңалық, ризық, қуаныш, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Талант, дарын, та­лап­қа да білімнен басқа көзбен мөлшер­леп, оймен өлшейтін білік қажет. Аспан­мен астасқан, көтерілген са­йын қазбауыр бұлт, ақша бұлтпен ара­ласқан, көкпен тілдескен шың-құз, құз-шатқалдай биік мұнаралар, зәулім ғимараттар техникалық табыстың, архитектуралық қабілеттің ғана емес, сонымен қатар санасына, көкірегіне тұнған тәжірибенің де туындысы.

Үйге кіргенде пұт-Бұдда секілді төрде үнді шайын ішіп, қалқайып тау мүсіндей отыратын. Құлама шатқал, тік жартастан шауып әкелген балбалдай елестейтін.

Бірақ әзілқой адам еді. Кейде түсін суытып жан-жағына шола қарағанда дастарқан басы тына қалатын. Үйге бірге еріп келген Асекең достары даурыға сөйлесіп, ағыл-тегіл әңгіме айтып, сыр шертіп, арқа-жарқа отыр­ғанда, кенет суық көзқарасты бірден сезіп, байқап, үндей алмай, кібіртіктеп, ақсақал күліп жібергенше, тырп ет­пеуші еді. Негізі, жұмсақ, қонақжай, байыпты кісі еді.

Фальшті ұнатпайтын, жалған сөй­­легенді жақтырмайтын. Кең, бай­сал­ды, қолы ашық, ақеділ ақсақал мақ­­таншақ жұртты да суқаны сүйе бер­мейтін. Жақсы қасиеттері ұрпағына жұқты, бәрі тегіс кішіпейіл, елгезек, қарапайым еді.

Есікті ашқанда тау теңселіп, қозға­лып келе жатқандай көрінетін. Жа­сын­да сері де болды, жұмысын да мүл­тіксіз атқарды, аздап аңшылық, саят­шылықты да көрді, күресті, кір көтерді.

Ұрпағы да күресті, жықты, жеңі­ліс­тің де ащы дәмін татты, батыр ұлдары шетінен сайдың тасындай ірі, салмақты еді, спортпен әуестенді, бәйге шапты. Кенжесі Асқат бокспен шұғылданды, мен көргенде, ол бабында еді, тоқсаныншы жылдардың аласапыранында институт, факультет, жатақхана намысын қорғады.

Боксшы дос-жаран Асқатты қатты қадір тұтты.

Төлбасы Талғат Жұмағұлұлы заман өзгергенде, іскерлікпен айналыс­ты. Қолы жүріп, дәулет бітті, еңбегі жанды, жұртқа араша, жанашыр бол­ды. Әрине қашанда бауыр-қарын­дасына үлгі Тәкеңнің соңынан ерген бес туғанына осы жолы да өнеге көрсеткені өз алдына жеке бір әңгіме.

Алты бала да жақсы оқыды. Бәрі жоғары немесе орташа білім беру оқу орнына түсті. Нұрқат, тау-кен инженері, Күлғайша, Бағдат, Сағдат та бір-бір мамандық иесі.

Асқат Қаныш Сәтбаев атындағы политехниалық институттың геоло­гиялық барлау факультетін тәмамдап, Мәскеуде білімін жалғастырып, ке­йін дипломаттық қызметке ауысты. Ше­телде тұрып жатыр.

Жұмағұл ақсақал ұлы нәубеттің алдында, 1930 жылы дүниеге келді, қиындықты да көрді, ауыртпашылықты да өткерді, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, саналы ұр­пақ өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырып, әкелік парызын толық атқарып, 2010 жылы жаз айының бірін­де бақиға озды.

Биыл туғанына тоқсан жыл, қайт­қанына он жыл толып отыр. Қанағат. Жаманмен арпалысты, алайда жақсы­лықты да көп көрді, қуанышқа да шаш-етектен батты.

Қайтқанда, тамыз айында, кісі көп болды, өз даңқы бар, ұрпағының беделі бар, ақтық сапарға шығарып салушылар қарасы мол еді. Қаралы көш қыр асып бабалар зиратына бет алғанда, жұрттың бәрі жұбаныш етті, асыл адам екен, өмірі бір қаралы көш­ке сыймай бара жатыр десті, аза тұтқандар қарасы бір тайпа елдің кө­се­мін арулап қойғандай қисапсыз көп еді.

Көкірегіне тоқығаны өз әулеті ғана емес, бір ұлыстың, бүкіл Қарқаралы дуанына өсиет, әділет пен шындықты мұрат қылған абыз ақсақал бір емес, бірнеше өмір сүргендей қадірлі, ондай атаққа жетудің өзі шексіз абырой, жұмақтың жолы. 

Жақсы мен жаман егіз, ағайынды, бір-біріне шарт, бірақ таразы басын теңестіретін кірдің тасы – ізгі істе­рің мен Құдайға құлшылығың, ақсақал екеуін де жасады, десек те, жақсылығы артық шықты, Тәңірі ние­тін, пейілін таныған тәрізді, Қар­қаралы сілемі, Кент тауларының арғы жағында, Қарағайлыдан алпыс үш шақырым жерде, Бақтыға қарасты Абызда, ата-бабалар қорымында, қажы, әулие, хафиз, молда жұрт, намазхандар арасында, туған-туыс зира­тында сүйегі жатқан асыл ердің жаны жұмақтың бағын кешіп жүрген шығар, табалдырығын аттағаннан кейін жұмақтың босағасы да төр екенін бә­ріміз де аңғарамыз.

Жақсының ғұмырын ұрпағы ұзар­тады, ісін ұлысы жалғастырады, қыз­метін ұлты ұмытпайды.

 

Дидар АМАНТАЙ