Аймақтар • 16 Шілде, 2020

Алтынсаринде құрылыс қарқынды

209 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туған жерінде спорт нысандары мен медицина мекемелері жаңарып, ауыл жолдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Биыл ауданға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 788,9 млн теңге, ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 1 млрд 13,9 млн теңге қаржы бөлініп, жалпы саны 18 жоба қолға алынған.

Алтынсаринде құрылыс қарқынды

Аудан орталығындағы 25 жыл жөндеу көрмеген ескі орталық стадионға күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 556,1 млн теңге.

– Жөндеу жұмыстары сәуір айының соңына таман басталған. Жаңадан жасанды көгал төселіп, жаңа трибуна тұрғызылды. Көрер­мендерге арналған ағаш орын­д­ықтардың орнына 848 плас­тик орындық қойылады. Одан соң, спорт кешенінің жа­нын­­да­ғы жабық ғимарат кеңей­­тіліп, төре­шілерге арналған бөлме, спорт­шылар шешініп, киім ауыс­тыратын, жуынатын орын­дар, бөлмелер салынады. Бір-біріне іргелес орналасқан Үлкен Чураков, Обаған, Силантьев, Шербаков сияқты ауылдарға ортақ бұл стадион – балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балансында. Сондықтан, қайта жаңғыртудан өткен жаңа стадионда алдымен осы спорт мектебінің тәрбиеленушілері жаттығатын болады. Қазір спорт мектебінде 500-ге жуық жас спортшы волейбол, футбол, теннис, жеңіл атлетика, күрес түрлері, бокс сыныптарында тәрбиеленіп жатыр. Соңғы жылдары ауылда жастардың саны артып келеді. Сондықтан биыл салынып жатқан спорт кешенінің болашақ аудан спортын дамытуда маңызы зор деп білемін. Мұның сыртында, ауылдағы ересек адамдарға да есік ашық болады. Аудан орталығының тұрғындары жұмыстан соң, әсіресе, волейбол, футбол ойнау­ды дәстүрге айналдырған, – деді аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Серік Жанақаев.

Аудан әкімінің орынбасары Жанат Жиенбаевтың айтуынша, мердігерлер жұмысты биыл қазан айында аяқтауды жоспарлап отыр. Мұның сыртында, Силантьевте 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. – Бұл көшелердің барлығы бұрын соңды дұрыс жөндеу көрмегендіктен, тозыңқырап кетіп еді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл облыс бюджетінен 75,8 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Осы арқылы орталық көшелер едәуір кеңейтіліп, жол шетіне жаяу жүргіншілерге арналған тротуар төселеді. Көше мен тротуардың арасына суағар қойылып, тротуарға заманауи табантас төселеді. Бұл шаруаның бәрі келісімшарт бойынша «Танар» ЖШС-на жүктеліп отыр. Серіктестік шілденің басында жұмысқа кірісіп кетті. Қазір карантин режіміне байланыс­ты қиындықтарға қарамастан, күзге дейін алты көше бірдей жөндеуден өтіп, мезгілінде тапсырылуы тиіс. Сондай-ақ Обаған ауылындағы 2 ұзын көше оңдалып жатыр. Бұл көшелерге бөлінген қаржы көлемі – 89,9 млн теңге. Мұнда «Элит Пласт» серіктестігі жұмыс істеуде. Бұл серіктестіктің есепшотына кеше ғана 27 млн теңге аудардық, күзге қарай толық есеп айырысып, жұмысты қабылдап аламыз, – деді әкім орынбасары.

 «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында аудан тұрғындары үшін 253 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінге дейін 189 адам еңбекпен қамтылып отыр. Солардың бірі Силантьев ауылының тұрғыны – Сергей Архипов. Қостанайда жоғары білім алып жатқан студент қазір жазғы демалыста жүргенімен, үйінде қарап жатпай жұмысқа орналасуды жөн көріпті. – Қазір пандемияға байланысты қалада жұмыс орындары азайып кетті. Содан ауылға келген соң, жұмыспен қамту орталығына бардым. Олар орталық стадион құрылысына жұмысшы керектігін айтты. Келісімшарт бойынша берілетін айлығы да тәуір, – деді С.Архипов.

Ауданда қолға алынған игі жобаның бірі – Силантьев пен Обаған ауылының арасын жалғайтын жаяу жүргіншіге арналған тротуар. Іргелес жат­қан бұл екі елді мекеннің арасына жаяу қатынайтын халық көп. Жаяу адам үшін, әсіресе, қыстың боранды күндері жол қатынасы қиындайды. Кешкілік жұмыстан қайтқан тұрғындарға, әсіресе, мектеп жасындағы бала­ларға күре жол үстімен толас­сыз ағылып өтіп жатқан авто­көліктер үлкен қауіп туғы­зып келген. Былтыр ауыл тұр­ғын­дары облыс әкіміне осы жол аралығын жарықтандырып, қол ұшын беруді сұраған еді. Биыл екі ауылдың арасындағы жолдың бойына жаяу адамдарға ұзындығы 3 шақырым, ені 1 жарым метр болатын арнайы тротуар төселіп, оны жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобаның құны 87,9 млн теңге. Тротуарды «Бақыт К» серіктестігі төсеп жатыр. Қазір 45 млн теңге игерілді», деді Ж.Жиенбаев.

Алтынсарин ауданында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар қазіргідей күр­­­делі кезеңде ауыл тұрғын­да­­рының уақытша болса да жұ­­мысқа тұрып, табыс табуы­на мүмкіндік беріп отыр. Аудан әкімдігі мен мердігерлер ара­сын­дағы келісімшарт бойынша әр жобаны жүзеге асыруға жұ­мылдырылған жұмыс күші­нің 50 пайызы – жергілікті тұр­ғын­дар. Ал оларға төленетін еңбек­­ақының ең төменгі мөлшері 85 мың теңгеден басталады.

 

Қостанай облысы,

Алтынсарин ауданы,

Силантьев ауылы

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20