Аймақтар • 18 Шілде, 2020

Түн тыныштығын бұзатындар жазасыз қалмайды

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаздың бір жарамсыз қылығы - мотоциклшілердің түнгі серуені. Петропавлдың ең үлкен көшелерінің бірі – Жамбыл даңғылында түнгі серілер жарыс ұйымдастырып, ұйқыдағы тұрғындардың мазасын алып жатқаны туралы жергілікті әлеуметтік желілер жарыса жазуда, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Түн тыныштығын бұзатындар жазасыз қалмайды

Осыны тию үшін полиция даңғылдың бойына түнгі уақытта мотоциклдердің қозғалысына тыйым салатын белгілер орнатуға мәжбүр болды. Барлығы 22 жол белгісі орнатылып, әйтеуір тыныштық орнады.

Түнгі жарыс петропавлдық есер жастардың жылдан жылға жалғасып келе жатқан жағымсыз ермегі. Бір кезде облыс басшылары мұны қойдыру үшін, бәрібір ұшақтардың түнде келмейтінін пайдаланып әуежайдың жолына арнайы жарық бергізіп, түнгі авто мен мотожарыстар қаланың сыртындағы сол жолдың бойында болған еді. Алайда өздеріне еркін тиген жолда серілер сау жарыспай, мас болып жарысып, ақыры бір-екі апат болған соң ол да тиылған еді. 

Түнгі серілердің жүйткитін жолдарының бірі қазір Петропавл мен Бескөл селосының арасы болыпты. Осы соңғылардың шағымымен жуырда СҚО ПД патрульдік полиция батальоны экипажының қатысуымен түнгі рейд өткізілді. Құқық қорғау қызметкерлері жылдам жүрісті ермек қылатын мотоциклшілерді қызықтыратын Бескөл аулы маңымен өтетін тас жолды бақылауға алды. Бұл түні құқық бұзушылықтар анықталмады. "Алдағы уақытта да бұл аудан орталығы автопатрульдердің жіті бақылауында болады. Патрульдік полицияның жеке құрамы мотоцикл жүргізушілері тарапынан болатын құқық бұзушылықтарды анықтауға тұрақты түрде бағдарланды. Мотоциклшілердің арасында ең көп таралған құқық бұзушылықтар – заңсыз қайта жабдықтау, маневр жасау ережелерін бұзу. Ең қауіпті бұзушылықтардың қатарына жылдамдықты асыру және жолдың қарсы жолағына шығу жатады. Тұрғындар түнгі шуға көптеп шағымданады", - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов.

Полиция қызметкерлері түнгі сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін уақыттағы шу үшін Әкімшілік құқық бұзушылық Кодекстің 437-бабы "Тыныштықты бұзу" бойынша бес АЕК мөлшерінде айыппұл салынатындығын ескертеді. Аталған бап бойынша Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлерімен әзірге 1308 әкімшілік хаттама толтырған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы