Пневмония ма, жоқ коронавирус па?
Еліміздің әр өңірінде пневмония диагнозымен ауыр жағдайда ауруханаға түскендердің күрт көбейгенінен тест-жүйелердің сапасына күмән туғаны рас. Өйткені өкпесі қабынған әрі Сovid-19 симптомдары бар адамдарды тексерсе, вирус анықталмайды. Жақында Түркістандағы туысымыз хабарласып, өзі тұратын көшенің бойындағы 16 адамның пневмониядан қайтыс болғанын, ал өздері отбасы мүшелерімен тұмауратып жатқанын жеткізді.
«Өкпесі қабынып қайтыс болғандар арасында кейде бір үйден 2 адам бар. Көршілеріміздің көбі тұмауратып жүр.
Өткенде бір ағайынымыз пневмониядан қайтыс болған ағасының сүйегіне кіріпті. Жерлеп келгеннен кейін артынша мазасы болмаған. Енді сол ағайынымыз қатты ауырып жатыр. Ең қорқыныштысы, ағайынымыздың симптомдары – тура қайтыс болған ағасыныкіндей. Сонда пневмония жұқпалы ауру болып кетті ме?», дейді туысымыз. Иә, өте салмақты сұрақ. Себебі тұмауратқан түркістандықтарды тексерсе, коронавирус анықталмаған. Сонда бізге өкпені «жейтін» жаңа вирус жетті ме, жоқ тест-жүйелер коронавирусты анықтауға қауқарсыз ба?
Осы жерде ең алдымен бір нәрсенің басын ашып алған жөн. Коронавирустың бар-жоғын тексеретін тест-жүйенің екі түрі бар: бірі – экспресс тест, екіншісі – ПТР тест. Мамандардың айтуынша, ПТР тест сенімді, дұрыс әрі дәл анықтайды. Ал экспресс тест-жүйелер, әсіресе қазір қолданыста жүрген қытайлық, англиялық және ресейлік өнімдер тек 30 пайыз ғана жұмыс істейтін көрінеді. Сондықтан бұл жерде тексерілген адамдар қандай тест-жүйеге жүгінгенін анықтап алу керек. Әдетте өздігінен тексерілетін жандар экспресс тест-жүйелерін қолданады, себебі бұл ПТР тест-жүйесіне қарағанда арзандау. Дегенмен қарапайым адамдар ғана емес, тексеруге тиіс кейбір ауруханалардың немесе қандай да бір медициналық мекемелердің өзі экспресс тестін пайдалануға мәжбүр. ПТР тест-жүйелері бәріне бірдей жете бермейді. Өйткені ПТР тест-жүйелерімен жұмыс істеуге арнайы жабдықталған аппарат керек. Ал мұндай құрал өте қымбат тұрады. Дегенмен ПТР тест-жүйелер де дәл COVID-19 белгілері бар науқастан неге коронавирусты анықтай алмайды? Осы жерде тест-жүйелерге деген күдік туады.
Өзгенің өнімі қаншалықты сапалы?
Қазақстан ғалымдары Ухань қаласынан індет шыққаннан кейін іле-шала вирустың бар-жоғын анықтайтын тест-жүйелерді жасап шығарды. Олар жыл басында әзірлеп қойса да әлі күнге шетелдік өнімдерді пайдаланып келеміз. Бұл – шын мәнінде Үкіметтің төтенше жағдайға дайын болмағанын және осы уақытқа дейін отандық ғылымға лайықты көңіл бөлінбей келе жатқанын көрсетеді. Себебі ғалымдарымыз өнімді әзірлеп, сынақтан сәтті өткізіп, дайын үлгісін қолға ұстатса да оны көп мөлшерде шығаратын зауыт немесе шетелде шығаруға қаржысын салатын инвестор жоқ. Ал өзгенің өнімін пайдаланудың өзі көңілге сенімсіздік ұялатады. Өйткені әлемге таралған вирус бір болғанымен, пандемияның әр ұлттың гені, әр елдегі тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану, жалпы денсаулыққа деген көзқарасы, менталитеті мен иммунитетіне қарай әртүрлі әсер етіп жатқанын, әрі ағзаға қарай өзгеріске ұшырап отырғанын көріп жүрміз. Ал шетелдік тест-жүйелер осындай өзгешеліктер мен ерекшеліктер ескеріліп әзірленді ме?
Иә, солай әзірленген күннің өзінде біз қолданар алдында жан-жақты бақылаудан өткізіп алдық па? Өйткені кез келген тесттің өзін тексеру керек. Бұл – тұтынушылық қана емес, әрбір зертхананың жұмыс жүйесінде болуы тиіс тәртіп-талап.
Ұлттық биотехнология орталығы Алматы филиалы директорының орынбасары Юрий Скиба: «Білікті маман кез келген тест-жүйенің сапасын алдымен тексеріп алады. Барлық зертханада тест-жүйені тексерудің арнайы алгоритмі бар. Ал бұл өнімнің сапасы ең алдымен оны қолданатын маманға, содан соң тест-жүйенің сақталуына байланысты. Неліктен бірінші маманға екпін беріп отырмыз? Себебі медицина маманы пациенттен анализді дұрыс алмаса, тест-жүйе қанша жерден сапалы болғанымен нәтиже бұрыс шығады. Мәселен, диагностикадан өткен таныстарыммен сөйлескенде анализдің кейде дұрыс алынбайтынын білдім. Өкінішке қарай, мемлекеттік және жекеменшік зертханаларда да осындай жағдайлар орын алып отыр», дейді. Биолог-ғалымның айтуынша, арнайы құралмен тамақтан немесе мұрыннан жұғынды көбіне жеткілікті жерден, қажетті тереңдіктен алынбайды, бергі жағынан қайтады. Ұзын, жіңішке құралды тек 2 сантиметрге дейін тамақ пен мұрынға сұғатын мамандар дұрыс нәтижеге қол жеткізе алмайды. Құралды 8 сантиметрге дейін сұғып, жұғынды көмекейдің үстіңгі қабатынан, тым болмаса соған жетер-жетпес жерден алынуы керек. Яғни анализ алудың да өз тәртібі бар.
Отандық өнім қашан қолданысқа енеді?
Отандық өнім дайын болса да, неге біз әлі күнге шетелдік тест-жүйлерді қолданып отырмыз? Не кедергі? Бұл сұраққа отандық тест-жүйенің үлгісін жасап шыққан орталықтың маманы, жоғарыда аты аталған сарапшы Юрий Скиба: «Біз отандық өнімді өндіріске енгізу мәселесінде шетелдік шикізатқа тәуелдіміз. Бұл да белгілі бір деңгейде жұмысты кешеуілдетіп отыр. Әлбетте тест-жүйенің негізгі бөлігін өзіміз дайындаймыз, ал ПТР-ге қажетті ферменттерді әзірге шетелден алдыртуға мәжбүрміз. Бірақ дәл осы ферменттерді біз де әзірлеп, өндіре аламыз. Десек те ауқымды өндіріске қаржы қажет. Ал біз зертханамызда біршама данасын ғана шығара аламыз», деп жауап берді. Оның ойынша, әлем бойынша нақ осы өнімге, яғни ферменттерге сұраныс артқан. Сондықтан оны елде шығару шетелдік шикізатқа тәуелділікті жеңуге, қаражатты үнемдеуге, сенімділікті арттыруға септігін тигізіп, бірден бірнеше проблеманың түйінін тарқатады.
Ғалымдар тест-жүйені де, оған қажетті шикізатты да шығаруға әзір екен. Қаржы ғана кедергі. Әлбетте тест-жүйелерді өндіруге тапсырыс беру, нарыққа шығару негізінен Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты болар. Алайда Білім және ғылым министрлігінде ғылыми жобаларды үш түрлі бағытта қаржыландыруды (базалық; гранттық; бағдарламалық-нысаналы) жүзеге асыратын Ғылым қоры, Ғылым комитеті бар. Осы ретте министрлік әзірге шұғыл қажеттілігі жоқ жобаларға бөлінген қаржыны коронавируспен күрес жобаларына бағыттағаны жөн-ақ. Өйткені елдегі жағдайды реттеу бәрінен де маңызды болып отыр. Білім және ғылым министрі журналистермен онлайн режімде кездескен брифингте: «Біз осы індет елге таралмай тұрып министрлікке қарасты екі ірі ұйымның – Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасын жаңартуға қомақты қаржы бөлдік. Шешіміміздің дұрыс болғанына вирус жайлағанда анық көз жеткіздік. Сонымен қатар жыл басында, қаржы бөлінісі кезінде де ғылыми жобалардың негізгісі ретінде осы биологиялық қауіпсіздік саласына басымдық бердік. Бұл басымдықты Президент те Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтқан болатын. Біз осы тапсырманың шеңберінде биотехнология мен медицина ғылымындағы жобаларды қаржыландыруды қолға алдық. Оны жүзеге асыруға ғалымдарымыздың әлеуеті толығымен жетеді», деді.
Иә, өзіміз қадіріне жете бермейтін отандық ғалымдардың білім-білігі бізде мақтаулы шетелдік мамандармен теңдей дәрежеде екеніне соңғы уақытта анық көз жеткізіп жүрміз. Сондай ғалымның бірі – Англиядағы Ноттингем университетінде генетик мамандығының бакалавриатын, Биомедициналық инженерия бағытында Назарбаев университетінің докторантурасын бітірген ғалым, Cellular Therapeutics компаниясының негізін қалаушы, биолог Болат Сұлтанқұлов жақында жаңалығымен бөлісті. Әлеуметтік желідегі жазбасын: «COVID-19 жайы бізде күн өткен сайын күрделеніп барады, жай ғана вакцинаны күтіп отыруға болмайды. Менде коронавирустан сақтануға және емдеуге мүмкіндік беретін шешім бар. Наурыз айынан бастап тиімді әрі арзан тест-жүйені әзірлеу мақсатында коронавирусты көп зерттедім. Осы іспен айналысып жатқан әлемдегі көптеген ғалымға хат жаздым. Мені отандастарым Массачусетс технология институтындағы Мая Миталипова мен Стенфорд университетіндегі Болат Мүрсәлі қолдады», деп бастаған биолог-ғалым зерттеу жүргізуіне Жас ғалымдар альянсының қолдау көрсеткенін жеткізген. Сонымен қатар Швейцариядағы Цюрих университетінің профессоры Маркус Сигер (Markus Seeger) жолдаған бейтараптандыратын нанодененің (Nanobody – кішкентай антидене) елімізге жеткізілгенін жазды.
«Ол маған өз өнімін бір тиын алмастан тегін берді. Бұл наноденені вирустың қаупін азайтатын терапевтикалық спрей немесе ағзадағы антидене мен вирустың бар-жоғын анықтайтын тест-жүйе жасауға қолдана аламын. Швейцария ғалымдары синтетикалық нанодене жасаудан әлемде көш бастап келеді. Енді COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаны әзірлеу тобындағы ғалым, профессор Қайсар Табыновпен нанодененің осы вирусқа тиімділігін тексереміз. Күзге қарай коронавируспен күресте бір шешім шығара аламыз», деді Б.Сұлтанқұлов.
Мінекей, Білім және ғылым министрлігі зерттеу жүргізуге, Денсаулық сақтау министрлігі мен кәсіпкерлер қауымы өндіріске енгізілуін қолдауға тұрарлық – жоба. Иә, биолог-ғалым айтқандай, америкалықтар, швейцариялықтар, жалпы шетелдіктер көмектесіп жатқанда мемлекетімізден, отандық инвесторлардан демеу болатын шығар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сапалы тест-жүйе бізге қоғам болып пневмониядан қайтыс болғандарды коронавирустан кеткендердің қатарына қосуды және дұрыс статистиканы талап етіп жатқан қазіргі уақытта ғана емес, бұдан былай да әрдайым қажет. Ал тест-жүйенің отандық өнім болғаны – екі есе құт.