Былтыр облысқа өзге өңірлерден 200-ге таяу дәрігер келді. Жартысына жуығы тәжірибесі толысқан білікті мамандар. Сол лектің ішінде бүгінгі облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, облыстағы жалғыз балалар нейрохирургы Ұлықбек Асылбеков те бар. Білікті маман келе салысымен, балалар ауруханасынан 5 орындық нейрохирургия бөлімін ашып, жүйке жүйесінде ақауы бар балаларға жергілікті жерде ота жасай бастады.
Ұлықбек Егенұлы еңбек жолын Алматыдағы балалар клиникалық ауруханасында бастады. Қазақтың тұңғыш балалар хирургы Камал Ормантаевтың дәрістерін тыңдады. Элияс Рудольф сынды білікті дәрігер-ұстазынан тәлім алды. «Ол кісінің ұлты – неміс. Қазақстанға соғыс басталған жылдары келген жас баланы қазақ отбасы асырап алған екен. Содан қазақ мектебін бітіріп, алпысыншы жылдары мединститутты тәмамдайды. Сол жерде қалып, ғылымға бой ұрады. Ол кезде медицина ғылымының кандидаты еді, қазақша таза сөйлейтін. Неміс тілін де білетін. Өзі бір алтын кісі еді», дейді Ұлықбек Егенұлы ұстазы жайында.
Қостанай облысында бір жылда шамамен 14 мыңға жуық бала дүниеге келсе, соның 400-ге жуығы шала туады екен. Бұл санаттағы нәрестелердің ішінде суми, жұлын жарығы дертіне ұшырағандар жиі кездеседі. Дәрігер-нейрохирург бүгінге дейін осындай 50 шақты нәрестеге күрделі операция жасаған.
Ұлықбек Егенұлының шипа-шарапатының арқасында беті бері қарап, ауыр дертінен айыққан баланың бірі – Евелина Шарафутдинова. Дәрігердің алдына өздігінен тұрып, жүре алмайтын, айтқан сөзге түсінбейтін есі кіресілі-шығасылы ауыр халде келген алты жасар қыз бала жедел түрде ауруханаға жатқызылып, компьютерлік томография жасалады. Басында ісік бар екені анықталған соң, магнитті томография тағайындалады. Мишықтағы үлкен ісік су жүретін жолдың бәрін бітеп тастап, ми қарыншаларының бәрі кеңейіп кеткеніне көз жеткізген тәжірибелі маман дереу операция жасау керек деген шешімге келеді. Бірақ бала күрделі операцияны көтере алмауы мүмкін еді. Сондықтан білікті дәрігер отаны екі кезеңге бөліп жасауға бел байлайды. Алдымен миға шунт қою арқылы нәзік қан тамырларына дәрі-дәрмек құйып, жетілуін күтеді. Арада он күн өткен соң, ісікті толық сылып алып тастайды. Сәтті жасалған отадан кейін оңала бастаған науқас қыз жолдамамен Нұр-Сұлтандағы «Ана мен бала» ғылыми орталығының онкологиялық бөлімінде емделді.
«Қызым о дүниенің шетін көріп келді. Қазір жағдайы жақсы. Ажалдан арашалап қалған қолы алтын оташы Ұлықбек Егенұлына алғысымыз шексіз. Ол кісі болмаса, қызымыз қазір бар болар ма еді, жоқ болар ма еді, тіпті ойлаудың өзі қорқынышты. Нағыз білікті, өз мамандығына адал дәрігерге кездескенімізге шүкірлік етемін. Қазір қызым дәрігерге өз аяғымен келіп-кетіп жүр. Қосымша ем-дом қабылдап, кеңес алып жатырмыз», деді Евелинаның анасы.
«Бізде қазір жас нәрестелер нейрохирургиясы жаңа дамып келе жатыр. Бұрын 1 килоға толмай туған балалар түсік болып есептелетін. Қазір жаңа туған баланың салмағы 500 грамм болса, ол тірі туған болып есептеледі. Бұлар – 22-24 апталық, яғни 6 айлық, тіпті алты айға да толмаған сәбилер. Мұндай нәрестенің ішкі ағзасының бәрі - өкпе де, жүрек те, ішек те жетілмей туады. Енді Жаратушы адамға анасының ішінде жату үшін 9 ай, 9 күнді бекерге берген жоқ қой. Адам бастапқы кезеңде құрсақта жатып дамып, осынау жарық әлемде өмір сүре алатындай шамаға жеткенде ғана дүние есігін ашады. Сондықтан шала туған сәбидің тамырлары да дұрыс дамымайды, өте жұқа болады. Мидың ішіндегі қарыншаларына қан құйылады, содан мидың ішіндегі су жүретін иненің көзіндей жолдардың бәрі бітеліп қалады. Содан суми пайда бола бастайды. Қазір 1 килоға дейін туған балалардың 80%-ында мидың қарыншасына қан құйылады. Ол жай ғана сылып алып тастайтын нәрсе емес. Қызылшақаның бәрі арнайы медициналық құрылғының көмегімен жасанды түрде тыныс алады. Оны 2-3 килоға жеткізгенше, ми клеткалары жансызданып кетеді. Бас сүйектің ішінде мидың орнына 80% cу ғана қалады. Сондықтан шала туған сәбиге уақтылы көмек көрсетілуі керек: суды сыртқа шығару, жуып-тазалау керек. Неонатальды нейрохирургия деп аталатын бұл сала бізде енді қалыптасып, дамып келе жатыр, деген бас дәрігер бұл мәселе таяу уақытта Қостанай облысында да жолға қойыла бастайтынын аңғартты. Қазір облыстық балалар ауруханасында 35 төсектік жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімшесі жұмыс істеп жатыр. Шала туған сәбилер дәрігерлердің қырағы қадағалауымен осы жерде жетіліп, дамиды.
Елордада 2012 жылы заман талабына сай үлкен аурухана салынды. Қазір көп салалы №2 қалалық балалар ауруханасы деп аталады. Ұлықбек Егенұлы біраз жыл сол емдеу мекемесінде жұмыс істеді. Нұр-Сұлтандағы заманауи ауруханада ең озық үлгідегі медициналық құрылғының бәрі бар. Ал Қостанайда жағдай басқаша. Мұнда ғимарат – көне, құрал-жабдық ескі, сондықтан көп мәселеге келгенде кәнігі маманның қолы байланып қалып жатады. Бас дәрігердің айтуынша, биыл облыс әкімінің қолдауымен біраз дүниені түгендеп алуға қам жасалып жатқан көрінеді. Мәселен, таяу күндері балалар ауруханасының ғимараты күрделі жөндеуге жабылады. Алты қабатты ғимарат 14 жылдан бері күтім көрмепті. Желдеткіш жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Жуырда ғана республика бюджетінен 1 млрд 400 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, кеше ғана жобалық-сметалық құжаттар дайын болыпты. Енді мердігерді анықтау қажет. Күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бас дәрігердің ендігі мақсаты – миға аса нәзік операциялар жасауға мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі озық құрылғыларға қол жеткізіп, науқас балаларды шалғайға сабылтпай, облыстық аурухана қабырғасында емдеу.
Қостанай облысы