Қоғам • 21 Шілде, 2020

Карантиннің сақталуы қатаң бақылауда

98 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Індеттің тез таралуын тежеу үшін карантин режімі енгізіліп, оның қатаң сақталуын арнайы мониторигтік топ бақылауына алды. Өңір-өңірде белсенді жұмыс істеп жатқан арнайы топ санитарлық нормалардың бұзылғаны туралы бірқатар факті тіркеді.

Карантиннің сақталуы қатаң бақылауда

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев карантин режімін сақтамаған жағдайлар кездесіп жатқанын нақты дәлелдермен атап өтті.

Оның айтуынша, 6-14 шілде аралығында мониторинг топтары 16 572 нысанды тексеріп, оның 1 617-сінде санитарлық нормалардың бұзылғаны анықталды. Келеңсіз жағдай ретке келгенше 564 нысан өз еркімен қызметін тоқтатты. Әкімшілік бұзушылық туралы 225 хаттама жасалып, айыппұл салынды.

Сауда және қоғамдық тамақтану орын­дарында анықталған негізгі бұзу­шы­лықтар – халықтың маска тақпауы, әлеуметтік арақашықтық белгілердің болмауы, дене қызуы­ның өлшенбеуі, ауаны тазартпау, аумақты зарарсыздандыр­мау. Сондай жағдай Қостанай облысын­да тіркелген, сондағы бір нысанда қыз­меткерлер маска, қолғап, антисептик қолданбаған.

Ақмола облысында жұмыс істеуіне тыйым салынған, аумағы 500 шаршы метрден асатын дүкен жабылмаған. Оған 638 940 теңге айыппұл салынды. Семейде «Әлем» сауда үйі мен «Восход» базарына да  карантин режімінде жұмыс істегені үшін тиісті айыппұлдар салынды.

Карантинге қарамастан той-жиындар да жасалып жатыр. Алматыда 30 адамға арналған банкет пен 100 қонаққа үйлену то­йын жасағаны үшін екі мекеменің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы мұндай сақтық шара­ла­ры­ның бұзылуы еліміздің барлық өңірінде анықталған.

«Сондай-ақ мониторинг топтарына дәрі-дәрмектің шекті бағасы мен оның заңсыз саты­луын қадағалау міндеті жүктелген еді. Аймақтардан келіп түскен мәліметке сәйкес, 1 400-ден аса дәріхана ұйымына мониторинг жасалған. Жалпы мұндай ұйым­дардың саны – 8 мың. Аймақтарда қажетті дәрі-дәрмекті қымбат бағамен сату жағдайы әлі де тірке­ліп жатыр. Бұған қоса жалпы құны 110 млн теңгелік тіркелмеген дәрі-дәрмектің 200 түрінің сатылып жатқаны анықталды. Осы жағдайлар бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасты өңірлік департаменттерде 65 әкімшілік материал бар. Қазіргі таңда жалпы сомасы 972 мың теңге болатын 12 әкімшілік айыппұл салынды. Қазақстанда дәрі-дәрмектің 6 478 түрі шекті бағамен сатылады. Дәрі-дәрмектің қымбатқа сатылып жатқанын көрген азаматтар біздің комитеттің аумақтық департаменттеріне хабар бере алады. Байланыс құралдары комитеттің сайтында бар. Мұндай жағдай бойынша электронды үкімет порталы немесе Dari.кz мобильдік қосымшасы арқылы жүгінуге болады», деді Тимур Сұлтанғазиев.

Қазіргі уақытта ауыр жағдайда жан­сақтау мен анестезиология бөлімінде емделіп жатқандардың саны – 306 адам. Ауыр жағдайда 265 сырқат, өте ауыр жағдайдағы 41 науқас бар. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған 67 науқас ем қабылдауда. Инвазивті емес өкпені жасанды желдету аппаратында 133 сырқат жатыр. Өзінше демалатын оксигенотерапия алып жатқан сырқаттардың саны – 106. Өз бетінше демалатын науқастардың саны – 9265 науқас.

«Осы жылдың наурыз айынан бері Қытайдан жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 696 мың тест-жүйесі сатып алынды. Бүгінге дейін Қазақстан аумағында 1 млн 700 мың зерттеу (ПТР-тест) жүргізілді. Оның 971 мың зерттеуі Ұлттық сараптама орталығында жасалды. Қалған тесттер жеке медициналық ұйымдар мен медициналық ұйымдардың зертханаларында алынды. Ұлттық сараптама орталығының барлық филиалында отандық тауар өндірушілердің тест-жүйесін қолдану көзделуде. Үкіметтің резерві аясында 1,2 млн зерттеу жүргізу үшін тест-жүйелерін сатып алу жоспарланған. Отандық болсын, шетелдік болсын тест-жүйелеріне қойылатын техникалық талаптар бар. Осы талаптарға барынша сәйкес келетін тест-жүйелері ғана сатып алынады», деді Тимур Сұлтанғазиев.