Қоғам • 21 Шілде, 2020

Еріктілер карантин кезінде аға буынға көмек көрсетуде

460 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда #Birgemiz акциясы аясында жалпыұлттық жобаның еріктілері қарттарға барып, көмек көрсетуде. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Еріктілер карантин кезінде аға буынға көмек көрсетуде

COVID-19 пандемиясына байланысты аға буын өкілдеріне коронавирус жұқпасын болдырмау үшін үйде болу ұсынылғаны белгілі.

Бұл жолы еріктілер жеке үйде тұратын зейнеткерге барып, көкөніс бақшасын ашуға көмектесіп, ауланы қоқыстан тазартты.

"Осы қиын-қыстау кезеңде, әсіресе аға буын, жалғызбасты адамдар көмек пен қолдауды қажет етеді. Олар үшін көңіл бөлу маңызды, біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Сонымен қатар біз медицина мамандарына көмектесуге тырысамыз. Бұған бізге кәсіпкерлер жәрдемдеседі. Жақында бір кәсіпкер 70 литр қымыз берді, енді бірі 300 медицина қызметкерін тамақтандыруға дайын", дейді #Birgemiz ұлттық жобасының еріктісі Сұлтан Аллабергенов.

Батыржан – мүгедектігі барына қарамастан еріктілер қатарына қосылып, қала тұрғындарына көмек көрсетіп жүргендердің бірі.

"Мен коронавируспен күресуге өз еркіммен қосылдым. Жерлестерімнен карантин талаптарын қатаң сақтауды сұраймын: маска тағу, антисептик қолдану, әлеуметтік қашықтық сақтау керегін ескертемін", дейді ол.

Сонымен қатар еріктілер елордалық кәсіпкерлермен бірге 100 дәрігерге тегін қымыз таратуды ұйымдастырды. Қымыз шөл басып, денені қуаттандырады. Халықтық медицинада ол авитаминоз үшін қолданылады. Сусынның құрамында В дәрумені, аскорбин қышқылы және амин қышқылдары бар. Барлық берілген қымыз зертханалық тексеруден өтті.

Сонымен бірге, Қазақстанның астанасында карантин тәртібін сақтау бойынша рейдтер жалғасуда. Оған полиция қызметкерлерімен бірге еріктілер де қатысады. Соңғы рейд барысында 15 заң бұзушылық анықталды.