Экология • 22 Шілде, 2020

Жаз соңына дейін Көбейтұздан көз жазып қаламыз- блогер

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі блогер, саяхатшы Яков Фёдоров кейінгі айда елдің шектен тыс қызығушылығын оятқан Көбейтұзға арнайы барып, көлдің дәл қазіргі ахуалы жайлы жазба қалдырды, - деп хабарлайды Egemen.kz. 

Жаз соңына дейін Көбейтұздан көз жазып қаламыз- блогер

Оның айтуынша, дәл осылай жалғаса берсе, Көбейтұздан көз жазып қаламыз. 

"Көбейтұзға жассаған сапарымда мен көлге көптеп келетін көлік іздерін, жағада от жағып, сауық құрған орындарды, "емдік қасиеті бар" деп қазылған тұздың орнын, тіпті күлгін көл мен көк аспан ортасында әдемі күйі орындаған қыздың отырған орнына дейін көрдім. Әлеуметтік желіге жүктеу үшін жасалған видео түсірілген орын жоғарыдан түскен қысым себебінен үлкен шұқырға айналған. Бұл "жарақаттардың" орны кемі 10 жылсыз оңалмайды", - дейді блогер. 

Яков Фёдоровтың айтуынша, көл жағасында аса көп қоқыс байқалмаған. Десе де, бұл жақында келіп, айналаны жинап кеткен волонтер жастардың арқасында екен. 

Бұл - бірнеше жыл дегенде күлгін түске оралатын әлемдегі санаулы көлдердің бірі. Блогер сондықтан, Көбейтұздың көз алдымызда құрып кетпеуіне бәріміз бір кісідей атсалысуымыз керек екенін айтады. Бұған байланысты, биліктен шара көру керек екенін де сұрапты. 

"Біріншіден, Көбейтұзды шұғыл түрде мемлекеттік қорғауға алу керек. Бұл жер иесіз қала берсе, жаз соңына дейін жоғалтып аламыз.

Екіншіден, жағалауда қолдануға белгілі бір шарт енгізу аса қажет. Көл жағасында от жағуға тыйым салынбаса болмайды. 

Үшіншіден, көлге зиян тигізетіндерге шара қолдану керек. Кім Көбейтұздың тұзын сатуға әрекеттенсе, жарнама жасасса, оны нағыз алаяқ деп тануды сұраймын", - делінген жазбада.