Әлем • 22 Шілде, 2020

ҚазҰУ Оксфорд университетімен бірге ізгілікті қоғам құру жолына түсті

357 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі және Оксфорд университетімен бірлесіп, "Әл-Фараби: оның өмірі мен мұрасы" атты адамзаттың ұлы ойшылының 1150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми симпозиум өткізді. Онлайн форматта өткен іс-шараға АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Қазақстан және басқа да елдердің танымал ғалымдары мен фарабитанушылары қатысты, - деп жазады Egemen.kz

ҚазҰУ Оксфорд университетімен  бірге ізгілікті қоғам құру жолына түсті

Ұлы ойшыл әл-Фарабидің Батыс пен Шығысты байланыстыратын рухани көпірге айналған жарқын мұрасының бүгінде көкейкестілігі артты. Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында ұлы ойшылдың мұрасы тағы бір мәрте түрлі елдер мен континенттердің ғалымдары үшін виртуалды диалог алаңына айналды.

Симпозиумның бас ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов құттықтау сөзінде әл-Фарабидің рухани мұрасына жүгінудің бүгінде, әсіресе, пандемия және жаһандық экономика мен саясаттағы терең өзгерістер жағдайындағы заманауи әлемде зор маңызы бар екенін атап өтті. Әл-Фараби ілімі ізгілікті әрі кемелді қоғамға қол жеткізу мақсатында бірігу және ынтымақтасу идеяларын алға тартады, олар жаңа сын-қатерлерге тап болған бүгінгі күнгі әлемде ерекше өзекті.

Симпозиумда негізгі спикер ретінде ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов сөз сөйледі. Ол қазіргі заманғы университеттер әл-Фарабидің маңызды идеясын насихаттаушыға айналу керектігін атап өтті. Яғни, білім алу – оқу жүйесінің тек бір ғана бөлігі, оның түпнегізін жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесі құрау қажет. Осы ретте, ҚазҰУ БҰҰ-ның Жаһандық Хабы ретінде жаңа буын университетінің – "Университет 4.0" моделін әзірлеп енгізді. Оның басты миссиясы – жоғары білікті мамандарды өзінің жеке тағдырына ғана емес, бүкіл адамзаттың болашағына жауапты ел және әлем азаматтары ретінде даярлау. БҰҰ штаб-пәтерінде ұсынылған және кеңінен таратылуға ұсынылған бұл модель бүгінгі таңда халықаралық деңгейде БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесіп және әлемнің 12 жетекші университетінде құрылған Әл-Фараби орталықтары арқылы жүзеге асырылуда.

Оксфорд университетінің исламдық зерттеулер орталығының директоры Фархан Низами өз сөзінде әл-Фарабидің зияткерлік мұрасының қазіргі әлем үшін өзектілігін атап өтті. «Исламның алтын ғасырында» түрлі ғылыми салаларды зерттей отырып, ұлы ғалым бүкіл адамзаттың үлкен игілігі болып табылатын бай шығармашылық мұра қалдырды. "Біз үшін Әл-Фараби есімімен аталған ҚазҰУ-мен ынтымақтасу үлкен құрмет. Біз ұлы ойшылдың ілімімен қарулануымыз үшін әлі де көп зерттеу жүргізуіміз керек. Симпозиум жалпы Қазақстанмен академиялық және ғылыми қарым-қатынастарды нығайтуда өз жалғасын табады деген үміттемін", - деді доктор Фархан Низами.

Әл-Фарабидің ізгілікті қоғам туралы ілімін талқылауды Людвиг-Максимилиан атындағы Мюнхен университетінің профессоры Питер Адамсон жалғастырды. Кембридж университетінің профессоры Фериэль Бухафа ұлы ғалым философиясындағы жақсылық пен зұлымдықтың онтологиясын талдады. Этнограф және араб музыкасының теориясы жөніндегі маманы, Уэслиан университетінің (АҚШ) профессоры Саида Дәукеева әл-Фарабидің музыканы дамытудағы маңызды рөлі және оның осы бағыттағы зерттеулері мен ғылыми еңбектері туралы әңгімеледі.

Онлайн симпозиумның қатысушылары атап өткендей, осындай іс-шараларды өткізу Ұлы әл-Фарабидің мұрасын насихаттауға ықпал етіп қана қоймай, ізгілікті әлемді құруға жол ашады.

 

 

АЛМАТЫ