Аймақтар • 23 Шілде, 2020

COVID-19 жұқтырған науқастар қандай жағдайда ауруханаға жатқызылады?

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан әкімдігінде өткен брифингте "Астана" медицина университетінің жұқпалы аурулар кафедрасының ассистенті, инфекционист дәрігер Гаухар Нұрахметова коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарды стационарға орналастыру шарттары туралы айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

COVID-19 жұқтырған науқастар қандай жағдайда ауруханаға жатқызылады?

"Елімізде коронавирус жұқпасының өршуіне байланысты азаматтарымыздың арасында әртүрлі сауалдар туындауда. Сол сұрақтардың ішіндегі ең маңыздысы – коронавирусқа шалдыққандар қандай жағдайда ауруханалық ем қабылдай алады? Яғни, ауруханалық емге науқастарды сұрыптауды емхана деңгейіндегі жалпы тәжірибелік дәрігерлер жүргізеді. Сонымен қатар жедел жәрдемді үйге шақыру кезінде жедел жәрдем қызметкерлері немесе коронавирусқа арналған оқшауланған аурухананың қабылдау-диагностикалық бөліміндегі кезекші дәрігерлер анықтайды. Бұл медицина қызметкерлері науқастарды ауруханаға жатқызу барысында ҚР хаттамасын басшылыққа алады. Ол хаттама бойынша коронавирус жұқпасы ағымының ауырлық дәрежелері анықталған", – дейді Гаухар Нұрахметова.

Сонымен қатар дәрігер КВИ инфекциясымен ауыратын науқастар жоспарлы түрде емдеуге жатқызылмайтынын, яғни стационарлық емдеуге тек аурудың айқын белгілері болған жағдайда жатқызылатынын атап өтті.

"Біздегі КВИ-ге арналған ауруханалар заманауи үлгіде жабдықталған. Әр палата оттегі көздерімен, аппараттармен, ҚР хаттамасына сай барлық дәрі-дәрмектермен толық жабдықталған" – деді Г.Нұрахметова.

Инфекционист дәрігер коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі бар науқастарға да тоқтала кетті.

"Ең алдымен, науқастың жасы 65-тен жоғары болса, ол қауіп-қатер тобына жатады. Екінші орында – жүрек аурулары. Адамда қан қысымы болса, оның қан қысымын 3 сағат сайын өлшеу, көтерілуіне жол бермеуге тырысу керек. Сонымен қатар қант диабеті бар адамдарда қант көлемі көтеріліп кетсе, емге көнбеуі мүмкін. Яғни, вирус жұқтырған кезде созылмалы аурулардың барлығы қозып, науқас жағдайын одан сайын ауырлатады. Сондықтан мұндай ауруларды қатаң қадағалау хаттамада көрсетілген", – деп түйіндеді дәрігер.