Аймақтар • 25 Шілде, 2020

Шекарадан заңсыз пестицид алып өтпек болғандар ұсталды

202 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» кеден бекетінен контрабандалық жолмен пестицидтерді алып өтпек болғандардың жолы кесілді, - деп хабарлайды Egemen.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап. 

Шекарадан заңсыз пестицид алып өтпек болғандар ұсталды

Өзбекстаннан Қазақстанға өтпек болған көлікте құжаты жоқ 2 млн теңгенің тауары табылған. Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеденшілер түн ішінде Өзбекстаннан Қазақстанға бағыт алған автокөлікті тексерген.

Оны сканерлеу кезінде ішінде декларацияланбаған тауар болғаны анықталған. Жауап алу барысында көлік жүргізушісі шекара арқылы «AKARA BIO препаратын» (акарицид) пестицидтерін заңсыз алып өтпек болғанын жеткізген. Ондағы 50 қаптаманың әрқайсысында бес литрлік 4 ыдыстан болған. Заңсыз тауардың құны 1 454 545 мың теңгені құраған.

Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын дәл сол кеден бекеті арқылы тағы бір Қазақстан азаматы декларацияланбаған темекі бұйымдарын алып өтпек болған еді. «Кедендік тексеру кезінде Өзбекстанға бағыт алған автокөліктен жасырылған 600 қорап «Heets» темекісінің стиктері табылды.

Құжаттарын тексеру кезінде Қазақстан азаматының тауарды Ресей Федерациясынан алып келе жатқаны анықталған. Бұл фактілер бойынша барлық материалдар тергеу іс-шараларын жүргізу үшін құқық қорғау органдарына өткізілді» делінген хабарламада.