Руханият • 27 Шілде, 2020

Жастар тарихи мұраны жандандырмақ

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысы жастар ресурстық орталығы «Birgemiz: Asyl mura» жалпыұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау жобаларына волонтерлерді тарту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. «Birgemiz: Asyl мura» жалпыұлттық жобасының Түркістан облысындағы арнайы фронт-кеңсесінің ашылуы да орталық жұмысын оңтайландырып, аймақ волонтерлеріне қанат бітірді.

Жастар тарихи мұраны жандандырмақ

Бұл жобаның басты ерек­шелігі республикамыздың түк­пір-түк­піріндегі еріктілерге өз еркімен жобаға қатысып, бел­сенділігін арт­тыруға мүм­кіндік беруінде. Туған халқының тарихын зерттеу ортақ мақ­са­ты­на айналған талантты жас­тар бір-бірінің шығар­ма­шы­лығын шыңдап, рухани ке­мелденуіне ықпал ете отыра, мәдени мұраның сақталуына ақпараттық ізденіс қоса алады. Сонымен бірге, ең бастысы, тарих, мәдениет ескерткіштерін және мемориалдық кешендерді қал­пына келтіру және сақтау жө­ніндегі жобаларға қатысып, та­ри­хымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалуына қолғабыс етеді.

Жақында түркістандық волонтерлер Отырар, Күлтөбе, Сайрам, Исфиджап, Ордабасы, Ұзын ата, Үкаш ата, Сауран, Аппақ Ишан ме­дресесі сын­ды тарихи орындарында, Ақсу-Жа­бағылы, Қаратау қорық­та­рында реставрациялық, қал­пына келтіру бойынша жұ­мыс­та­рын бастады. Қазіргі таңда осы жобаға қатысуға өтініш біл­дір­ген волонтерлер саны 300-ге жетті. Бұл – негізінен республика бойынша жоғары көрсеткіш. Ай­­мақтағы жастардың тарихқа қызы­ғушылығымен қатар, қа­сиет­ті жерлерді құрмет тұтып, қа­дір­леуінің нышаны іспеттес.

Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ре­сурс­тық орталығының» басшы­сы Амалбек Өміртайдың айтуынша, мұндай жобалар жас­өспірімдер мен жастардың назарын мәдени мұраларға аудару, ұлттық құн­ды­­лық пен ұлт­тық код туралы жас­­тардың тү­сініктерін жан­дан­дыруға айрық­ша әсер етеді.

«Жобаға ұсыныс білдірген волонтерлер санының көптігі де жастардың мәдениет пен тарих­қа деген қызығушылығын аңғартса керек. Өзім де жас во­лон­терлермен бірге Сауран, Бәй­­­­дібек аудандарындағы ша­ра­лар­ға қатысып, сондағы жұмыс барысымен таныстым. Өз үле­сімді де қостым. Өйткені біз ұлт­тық мәдениетіміз арқылы ға­на өзіміздің түп-тамырымызды се­зініп, болашаққа бағдар аламыз», дейді орталық басшысы.

Осы кезге дейін «Birgemiz: Asyl mura» бағытының «Өз еліңді танып біл» жобасы аясында Бәйдібек ауданында орналасқан Аппақ Ишан мешіт-медресесіне, Бәйдібек би, Домалақ ана, Қос ана кесенелері, Боралдай петро­глифтеріне волонтерлерге арнал­ған экскурссия өтті. Оның аясында жастар бұл мекендерде та­залық жұмыстарын жүргізіп, қабырғаларды әрлеуге, қоршау аймағын сырлауға атсалысты.

«Әзірет-Сұлтан» республи­калық қорық мұражайына қа­расты Көне Сауран қаласында еріктілермен сенбілік жұмыс­тары жүргізіп, аталған музейге қарайтын «Күлтөбе» ар­хео­­­­­логиялық қазба орны да волонтерлерге таныстырылды. Тек Түркістан облысының ай­ма­ғы ғана емес, көршілес Жам­был облысы Жуалы ауданын­да­ғы «Жылқышы төбе» қоры­мын­дағы археологиялық қазба жұмыс­тарына өңіріміздің волон­тер жас­тары барып, ондағы жұмыс­тарға белсенді атсалысып, қазба жұмыстарына қатысып келді.

Түркістандық волонтерлер әлі де болса қарқынды жұ­мыс істеп, тарихи-мәдени орын­дарды гүлдендіре түспек ниетте. Тек тазалық пен ретке кел­­тіру жұмыстарынан өзге ал­­дағы уақытта тарихи аймақ­тар­­­­­да ашық аспан астындағы театр­­­ландырылған қойылымдар даяр­лау да жоспарда бар. Оның да­йындық жұмыстарына кірі­сіп, қазіргі уақытта Күлтөбе аума­ғындағы қойылым сценарий­лері даярланып жатыр.

Бұл жұмыстардың бәрі жал­пыұлттық жобаның аясында та­рихи нысандарды сақтау мен қал­пына келтіруге ықпал етіп қана қоймай, жастардың оларға деген қызығушылығын оятуға әсер етіп отыр деген сенімдеміз.

 

Рысгүл ДОСЖАНОВА,

Волонтер