19 Қазан, 2013

Ұлттық рухтың жаршысы

540 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қай ғасырға, қай заманға көз салсақ та ар мен намыстан жаралған, рухы биік, елім деп, ер Едігедей еңіреп туған қазақ­­­тың ұлағатты перзенттері көп болды. Солардың бірі кешегі Кеңес заманында өзінің ерен еңбегімен ата салтына, ел дәс­түріне лайық өресі биік қайсар туған қайраткерлердің жолын салып өткен Жақып­бек Жанғозиннің туғанына 100 жыл толып қалды. Аты аңызға айналған асыл ағамыз Алатауды еркін жайлап, Керекуде кереметтей із қалдырып, Ақмолада тың көтерісіп, Қарағандыға облыстық атқару комитетінің төрағасы болып келгенде алғашқы рет Жезқазғанда таныстым. Ол кезде қырыққа жетпей қылшылдап тұрған қылыштай жас кезім ғой, Қаныш Сәтбаев атындағы кен-металлургия ком­бинатының парткомының хатшысы қыз­ме­тін атқарушы едім.

Қай ғасырға, қай заманға көз салсақ та ар мен намыстан жаралған, рухы биік, елім деп, ер Едігедей еңіреп туған қазақ­­­тың ұлағатты перзенттері көп болды. Солардың бірі кешегі Кеңес заманында өзінің ерен еңбегімен ата салтына, ел дәс­түріне лайық өресі биік қайсар туған қайраткерлердің жолын салып өткен Жақып­бек Жанғозиннің туғанына 100 жыл толып қалды. Аты аңызға айналған асыл ағамыз Алатауды еркін жайлап, Керекуде кереметтей із қалдырып, Ақмолада тың көтерісіп, Қарағандыға облыстық атқару комитетінің төрағасы болып келгенде алғашқы рет Жезқазғанда таныстым. Ол кезде қырыққа жетпей қылшылдап тұрған қылыштай жас кезім ғой, Қаныш Сәтбаев атындағы кен-металлургия ком­бинатының парткомының хатшысы қыз­ме­тін атқарушы едім.

Ол кезде Жезқазғанның жылына бес миллион тонна руда беретін алып шахталары қатар түзей бастап, атағы аспан­ға жетіп тұрған кезі болатын. Жаңа салынып жатқан мыс зауытымен және ең ірі деген №57 Арқа­­­­ның алып шахтасын көрсеттік. Әу, дегенде байқағаным, ықшам денелі, бірақ алғыр қы­­­рандай сақ, тұлғасы шымыр да ширақ көрінді.

Кездесулер барысында Жақаң құр­ғақ әңгімені сүймейтін қайраткер еке­нін көрсете білді. Әсіресе, тұрғын үй мәсе­ле­сін жеделдету, жол құрылысын тездету, қа­ланы азық-түлікпен қамтамасыз ету жай­лы сауалдарды көмекшісіне жазды­­рып алып, артынан тез арада шұғыл кө­мек­тесті.

Сол күнгі кеште өзінің досы, Қараған­­ды облыстық партия коми­тетінің хатшысы Файзолла Серғазин ағайдың балдызы Рахила Әукенова апайдың үйінде бірге болдық.

Дем сәтте думан қызып кетті. Қона­ғымыз «Подмосковные вечера», «Варяг» деген өлеңдерді шырқағанда орыс, қазақ түгел қосылып, алғашқы терді шығарып алдық. Рахила апай бұрын­нан білетінін көрсетіп домбыра ұсынып, қонаққа қазақша ән салдырды. Домбыра қағысы да маған ұнап кетті, тұла бойды шымырлатып, қағып, шерткенде балқымаған адам қалған жоқ шығар. Күмбірін ашық та әдемі дауысына қосып, «Көзімнің қарасын» шырқай тартқанда бәріміз қосыла жөнелдік. Бір кезде бас­таушымыз да, қостаушылар да тына қалды, мен жас­­­тайғы ғадетпен өлеңді айта беріппін. Жа­­қаң домбырамен сүйемелдеп отыр. Мен:

Ер емес қымсынар,

Әркім-ақ ұмсынар.

Құдай-ау, бұл көңілім,

Күн бар ма бір тынар, – деген жеріне дейін жиырма алты шумақ өлеңді толық айтып шықтым. Жұрт қол шапалақтап жатыр. Жақаң келіп арқамнан қақты да: «Сен қазақ екенсің ғой», – деп дән риза болғандай күле қарады. Мен: «Сіз орыс деп естіп пе едіңіз?» – деп шап бергенде, ол кісі: «Мәскеуде оқыған, көп жылдар шахта басқарған», – деп естігеннен кейін әбден орыстанып кеткен шығар деп жорып едім, нағыз қазақ екенсің», деп енді өзіме өлең айтқызды. Үкілі Ыбы­рай­дың «Қарақат көзді сым саусақ» деген өлеңін айтып беріп едім, көпшілік ду күлді, Жақаң жанары жайнап, бұйра ша­шы желбіреп сақ-сақ күлді де, қайта айт­қызды, әсіресе, ағамыз:

Етің аппақ қояндай,

Қызығыңа тоям ба-ай!

Алыстан аңсап келгенде,

Не қыл деп жатсың оянбай? – деген сөздерді әп-сәтте жаттап алып, қайталап бәрімізді күлдірді.

Жақыпбек Жанғозин Ақмола облы­сының бұрынғы Державин ауданындағы №2 ауылда (Қазір қазақтың тұңғыш ға­рышкері, Совет Одағының батыры, Халық қаһар­маны Тоқтар Әубәкіров атында) қазан айының 20 жұлдызында 1913 жылы дүниеге келді. Абыр да сабыр, аласапыран да алаң-елең уақытта ауылдың тұрмысы да онша емес еді. Әкесі Жанғозы үлкен ұлының атын Жақып деп қойса, бұл ұлының атына «бек» – деген жалғауды қосып, Жақыпбек атады.

Әттең, не керек, Жақаңның әкесі дүние­­­ден ерте өтті. Үш ұлымен қалған анасы тұр­­­мыс­­­­тың өте қаталдығы жанға батқан соң, Жа­қыпбекті үлкен ағасымен қосып балалар үйіне тапсырды. Бұл жылы орында Жақыпбек алғашқы білімін алды, қасында ағасы болған соң ешкімнен жас­қанбай, сес­кенбей еркін өсті. Оның үсті­не өзі де өте алғыр, ұғымтал. Бір есті­ге­нінен айнымайтын зеректігін танытты.

Жақаң тағдырдың бергеніне тәубе дерліктей сәті түсіп 1931 жылы Семейдегі кооперация техникумын тәмамдады. Талапты ерге нұр жауар дегендей, орташа білімді Абайдың елінде алғаны ойшыл балаға үлкен сабақ болды. Ол дананың талай өлеңін жатқа айтатын болды. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», деген даналықты құран сөзіндей жаттап алып, өмір бойы жадында сақтап, даналық сенімін ақтай білді.

Семейде алған білімін сол өзінің алғаш­қы мамандығы бойынша жалғаған ол 1936 жылы Мәскеудегі Кеңестік коопе­ративтік сауда институтын бітіріп, жо­ғары білімді заманға сай маман болып шықты. Оқуды бітіріп шыққан кезде тап осындай мәдениетті де сауатты мамандарға сусындап отырған билік Жақыпбек Жанғозинді Алматы қалалық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, бір жылдан кейін комсомолдың орталық комитетінің бөлім бастығы етіп бекітті. Бұл жұмысты ет қызуының мол кезінде қам­шы салдырмай қалаулы дәрежеде орындап жүрді. Бірақ ол кезде көзге түсе қалған белсенділікті ұнатпайтындар, талаптыға тап беріп қағып түсіргіштер қаптап жүрді. Сондай бір қырсыққа Жақаңды да репрессияның шабарман­­­­­­­­­­дары­ іліктірді. Қалалық комсомол коми­теті­нің бірінші хатшысы Комаров қармақ­қа түскенде, «халық жауы» деген аты бұрқ ете қалды. Сол кезде көппен бірге қол қойып, оны қаралауға кіріспегені үшін «қы­рағылығын жоғалтты» деген желеу­мен жауапқа тартылды. Құдай оңдап өзінің адам­­дығымен әрі алғырлығымен бұл пәледен аман құтылды.

Оқыған мамандардың аса қажет кезі ғой, 1940 жылы Жақыпбекті Алматы қалалық партия комитетінің бөлім бастығының орынбасары қызметіне бекітті. Сол жылы ол ВКП(б) орталық комитетінің жанын­дағы жоғарғы партия мектебіне алынды. 1941-1942 жылдары Қазақстан Компар­тиясы Орталық комитетінің кадр бөлімінің нұсқаушысы, содан кейін сауда және қоғамдық тамақтандыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатылды.

Бұл жұмысты да нағыз маман ретінде дұрыс жүргізе білгендігін еске­ріп, Қазақ­станның басшылары Жақаң­ды Қара­ғанды облыстық партия комите­тінің хатшысы етіп, жауапты қызметке жіберді. Қарағандыда Жақаң 1942-1943 жылдары, соғыстың нағыз ауыр кезінде Орталық Қазақстандағы өндіріс ошақ­тары – Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Қарсақбайдың Отан соғысына деген серпіліске қарқынды түрде атсалысып жатқан кездерінде қоғамдық тамақтандыруды жолға қойды. Сауда жұмысын, әсіресе, Қара­­­ғандыдағы коопе­ративтік сау­даны өзге облыстар үлгі алардай жоғарғы дәрежеге жеткізді.

1943-1945 жылдары Жақыпбек Жанғозин Алматы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1945-1951 жылдары бірін­­­ші хатшысы қызметін үлкен абыроймен атқарды. Соғыстың қызу кездері, жеңістен кейінгі соғыс салған жарақат пен зардапты басып, елдің халық шаруашылығын, ха­лықтың тұрмысын қалпына келтіру жолында Жақыпбек Жанғозин өзіне біткен қажыр-қайрат пен адамгершіліктің арқасында ауыр күнде ауылды да, астананы да, майданға көмекті де ұмытпай, саламатты жұмыстарды жүргізе білді. Алматы облысы астаналық ретінде өзге облыстарға үлгі көрсетіп, барлық көрсеткіштерімен алдыңғы қатарда жүрді.

Отанына деген сүйіспеншілігінің арқасында елдің жағдайын, ұлтының мүддесін ойлаумен өткен қажымас қайраткерді бүкіл ел сүйді, қадірледі. Ол тек қана Хрущевке жақпады, оның да себебі ұлтжандылығына байланыс­ты. Ол Жұмабек Тәшеновтің Хрущевке қарсы шығып, қазақ жерінің бір үзімін де бермейміз деген сөзінің берік жақтаушысы болды. Сталиннің 70 жылдық тойында Қа­зақ­стан делегациясының атынан Ор­талық комитеттің бірінші хатшысы Жұ­ма­бай Шаяхметов емес, құттықтау сөзді айту жолы Жақыпбек Жанғозинге бұйы­руы да жұрттың бәріне ұнай қойған жоқ.

Жанғозин 1951-1953 жылдары Қазақ­стан Министрлер Кеңесінің орынбасары болды. Содан кейін 1953-1957 жылдары республиканың Сауда министрі қызметін атқарды. Бұл жұмысты да ерен еңбекқорлық­пен атқарды. Одақ көлеміндегі бастығы, Саяси бюро мүшесі Анастас Микоянның алғысын алды, көмегіне қолы жетіп, Қазақстанның Мәскеу­­­­­­ден алатын қажетті үлесін босқа жібермеді.

Тың игерудің қиын, қызу тасқынды кезінде Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті Ж.Жанғозинді Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындады. Бұл жұмыста да (1957-1960 ж.ж.) тер аямай қажырлы іскер­лікпен үлкен абыройға жетті. Ол кезде облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы орыс халқының өкілі болса, қазағыма об­лис­полкомның тигені­не де шүкіршілік еттік.

1960 жылы Жақыпбек Жанғо­­­зин Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағалығына тағайын­­­далды. Бұл жолғы Керекуге келуі жауапты күшейтті, астығы бұрқырап жатқан Ақмола емес, бірер жылдар Ертістің мол суы азайып, қуаңшы­­лық қажытқан ауырлыққа тап болды. Ертіс тасығандағы жайылымдар мен шалғындар тақыр тартты. Мал азығына шөпті басқа облыс­тардан шауып әкелу науқаны кезек күттірмес іске айналды. Ол аз ұйқымен көп қиындығы бар жұмысқа дереу кірісіп кетті. Сол қажырлы еңбегінің арқасында іс түзелді, халық шаруашылығы жөнге келді. Ол көптеген қазақ жігіттеріне қолдауын жасап, мол өнім алуды ғана емес, қарапайым халықтың хал-жайына жіті назар аударуды берік ұстаным етіп үйрете білді. Павлодарлықтар осы күн­­дер­ге дейін Жақаңның ұстаздығын ұлық­тап, алғыстарын арнап, есте сақтап жүреді.

Керекуден 1968 жылы Ж.Жан­ғозинді Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне бекітті. Әрине, Қарағанды облысының бірінші басшыла­рының бірі болуы үлкен мәртебе еді. Осы қызметте жүр­генде алғашқы кездесуімді сөз еттім ғой, екінші кездесуім де Жақа­ң­­ның кім екенін айқындай түсті. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.К. Акулинцев тау қозғалса ыңқ етпейтін сабырлы әрі берекетті көсеми кісі болатын. Ол нағыз саяси қызметтің шебері еді. Ал облыстық атқару комитетіне Жақаңның келуін өте үлкен жақсылық деп білдік.

Бірде Жақаң мені өз кабинетіне шақы­рып алып: «Сіздің елде қыстың қысыл­таяң кезінде болып едім, мақсатым құмда­ғы шопандардың хал-жағдайын білу еді. Ал енді бір аптаның шамасында егін орағы бітеді, дәм жазса, әде­йі­леп барып қазақтың ұлттық ордасы Ұлы­тауды араламақпын. Алаша хан, Жошы хан­дарды көрсеткеніңді Сабыр Біләл­ұлы Ниязбеков айтып еді, мені де аралатарсың. Мен көргенде партком едің, енді қаланың бірін­шісі болдың, тоса бер, жуырда келемін», – деді.

Адамзаттың баласына іңкәрлігі мен қазақ деген ұлтына құштарлығы мол асыл ағамен үшінші рет кездесу бұйырмады. Біздердей жас партия қызметкерлеріне әрі үлгі, әрі тірек болатын қажырлы да қайратты Жақаң, қазақтың ерекше жаратылған ардақты перзенті Жақыпбек Жанғозин сол кездесуден оншақты күннен кейін 1969 жылдың 10 қазанында дүниеден озды. Шауып келе жатқан Құлагер мерт болғандай қаралы қайғы шектік. Жақыпбек ағай адамгершілігі қисапсыз мол, рухани күші мығым қазақ­тың әдебиеті мен мәдениетіне, салт-санасының өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген ұлтжанды қайраткер еді. Оның дос­тары туралы бүгінгі таңдағы қазақ халқының асыл абызы Сағындық Жүніс­ұлы Кенжебаев ағамыз тамаша әңгі­мелерді елге таратып, аузынан да, жазар естеліктерінен де тастамайды. Ал достары кім десеңіздер, Сәкеңнің айтқан­дарына тоқтала кетейін. Олар: Фазыл Кәрібжанов, Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаров, Сабыр Нияз­беков, Мәсім­хан Бейсебаев, Әмір Қана­пин, Файзолла Серға­зин сияқты алыптар мен арыс­тар бо­лыпты. Оның басқа да достары, әріп­тес­тері, соңынан ерген шәкірттері аз емес.

Жақыпбек Жанғозиннің талай жылдар жан аямай тер төгіп жүріп еткен еңбегі лайықты бағасын алды. Ол Ленин орденімен, Ұлы Отан соғысы (ІІ дәрежелі) орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен (екі мәрте), «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдар, Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1947-1951 жылдары Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы деген ең ірі билік төрін атқарды. Совет Одағының Жоғарғы Кеңесінің 2-ші шақырылуының, Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесінің 2-7-ші шақыруларының депутаты болып зор құрметке бөленді, халықтың қалаулысы, елдің аяулысы атанды.

Жақыпбек Жанғозиннің атымен Қаскелең, Атбасар қалаларында көшелер аталады. Павлодар қала­сындағы бұрынғы «Кеңестер үйінің» қабырғасына барельеф қағылған. Ар-намыстың айғағындай ерекше дарынды тұлға Жақыпбек Жан­ғозин еренғайып талпыныстар мен әрекеттерге бейімдігімен, қай облыста қызмет атқарса да асқақ талап, қарқынды жігер көрсетіп, өзінің туған елге деген азаматтық парызын ақтап өтті. Ол қай арысқа салсаң да бөріні бүктеп түсуге жалықпас сақ қырандай үнемі алға ұмтылып, рухы биік, жүрегі таза, ниеті адал парасат иесі екендігін кеңінен таныта білді.

Кәкімбек САЛЫҚОВ.

Соңғы жаңалықтар

Грозныйда АСА турнирі өтті

Спорт • Бүгін, 11:30