Қоғам • 29 Шілде, 2020

Дәрілік өсімдіктер: Өзгелерге дәру, өзіміз зәру болып қалмайық

5350 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздегі өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемінің флорасына ғана тоқталсақ, 5700-ге жуық, кейбір деректер бойынша 6500 өсімдіктің түрі бар екен. Оның 1500-ге жуығы сирек кездесетін, қорғауға алынатын өсімдіктер санатына енгізілген.

Дәрілік өсімдіктер: Өзгелерге дәру, өзіміз зәру болып қалмайық

Мысалы, даладағы қарапайым са­рым­сақ талай ауруға дәру. Бірақ көк­темде көршілерден сұраныс түсіп тұр­ғанын малданып, пайда тапқысы келген отандастарымыздың ештеңеге қарамастан тұқым шашып үлгермеген сарымсақты шекара асыратыны бар. Жуашығымен қазылып алынған, тұқымын шашпаған қайран сарымсақ енді қайтып шықпайтынын ойлағанда жүрегіңіз ауырады.

Сан түрлі өсімдіктің ішінде осы жердің тарихы мен эволюциялық дамуының куәсіндей, ықылым замандардан бері қазақ жерінде өсетін эндемик өсімдіктер де бар. Барлығы да қорғауды қажет етеді. Мәселен, Бетпақдала мен Сырдария, Қаратаудың сілемдерінде ғылымда Шренк тобылғысы, Іле Ала­тауы­ның жапырақты орманында Мүш­кетов түйесіңірі тәрізді атауларымен белгілі өсімдіктер жойылудың аз-ақ алдында тұр. Осы сирек кездесетін өсім­діктерді қорғауға аса мән берілмей келеді. Бүгінде қазақстандық «Қызыл кітапқа» 306 өсімдік енгізілсе, соңғы жылдары азайып бара жатқан, қорғауды қажет ететін тағы 100-ден асатын түрі айқындалған.

Жақында журналист Жанат Ардақ Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің атына Қытай медицинасы ғылыми-зерттеу институтының директоры Чу Джун Хуа есімді ҚХР азаматынан «Біздің компания дәрілік өсімдік шикізатын жинау, өңдеу, сақтау және сату-экспорттау саласындағы қызметті жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осыған байланыс­ты сізден Қазақстанда қандай рұқсат құжаттарының тізімін жинау қажет болатынын, уәкілетті орган қандай талаптар қоятынын түсіндіруіңізді сұраймыз», деген хат келгенін жазды. Онда қы­тай­лықтың қазақ даласында жабайы, табиғи күйінде өсетін дәрілік шөптерді де, сонымен қатар Қазақстан азаматтарының жеке меншігіндегі ауыл шаруашылығы жерлерінен дәрілік шикізатты да жинауға кірісетін ниетін ашық мәлімдегені айтылған екен. Иә, кім не жазбайды, кім өтініш жібермейді дерсіз? Мәселенің мәнісі берілген жауапта болып тұр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев өз жауабында мемлекеттік орман қоры аумағында дәрілік шөптерді жинауға болатынын, бұл үшін Жер кодексіне сәйкес рұқсат қағазын – «Ағаш кесу билетін» және «Орман билетін» алса жеткілікті екенін айтыпты. «Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде дәрілік шөп жинауға келсек, жабайы өсетін өсімдіктерді заңсыз жинап, экспорттаудың алдын алу үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар биологиялық негіздеме алу талап етіледі. Экологиялық сараптама қорытындысын дәрілік шикізат жиналатын жердегі өңірлік әкімдіктің Экология департаменті береді», делінген қытайлық кәсіп иесіне.

1

Әрине Чу Джун Хуа басқаратын инс­титуттың жинаған шөбінен біздің елде дәрі жасамайтыны анық. Яғни «Ағаш кесу билеті» мен «Орман билетін» ие­ленген соң барлық шикізаттың арғы бет­тен бір-ақ шығатыны бесенеден белгілі.

Сонда біздің фармацевтикалық өндірістің дамуын ысырып, індет буған заманда дәрі шығарудың қып-қызыл пайда екенін естен шығарып, ен байлықты қолымыздан беріп қоюымыз керек пе? Қазір фармацевтикалық өндірістегі отан­дық шырғанақ, дермене, қырықбуын, қылша, қараандыз сияқты дәрілік өсім­діктерге сұраныс жылдан-жылға артып отыр. Отандық медицинадағы бүгінгі қажеттіліктің көрінісі осындай деге­ні­мізбен, келешекте оны ұлғаймайды деу­ге бола ма?

«Almaty Med-Pharm Group LTD» фармацевтикалық компаниясының директоры Қыдырәлі Оразұлы «Қытай компаниясының біздің елден дәрілік өсімдіктерді жинаймыз дегені экономикамыз үшін де, экологиямыз үшін де қауіпті. Біріншіден, олар экологиялық талаптарды орындамайды, орындалады деп ешкім кепіл бола алмайды. Ресей мемлекеті Сібір алқаптарында дәрілік өсімдіктердің қытайлықтардың жинап алуынан жойылып кеткенін айтып дабыл қағуда. Екіншіден, біздің елдегі дәрілік өсімдіктердің тамырлы түрлерін олар әлден-ақ отап тастады. Мысалы, қызылмияның тамыры ем. Қазірдің өзінде оңтүстік өңір осы қызылмиядан жалаңаштанып қалды. Тамырын қазып алған соң ол жерлерге қызылмия енді қайтып шықпайды. Ал қызылмия қажеттігін басқаша да өтеуге болады, бұл үшін қолдан егіп, жинап алып, белгілі бір шекпен жинауды заңдастыру қажет. Әйтпесе, дәрілік шөптердің ұлттық қорынан айрылып қалуымыз оп-оңай», дейді.

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы 2017 жылы бір Қызылорда облысы бойынша екі жылдың ішінде 1800 тонна қызыл-мия тамырының Қытайға жөнелтілгенін, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан да соңғы төрт жыл ішінде 63 мың тонна қызылмия тамыры жиналып, өзге елдерге әкетілгенін жазды. «Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумақтарында ғана өсетін емдік қасиеті өте жоғары дәрілік сасық кеуректің (ферула вонючая) майын (сағыз) шетелге заңсыз шығару кең етек алып отыр. Айта кету керек, сасық кеурек деген жалпы атпен белгілі өсімдіктің 10-нан аса түрі бар, барлығы да Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Сасық кеурек өсімдігінің шикізаты Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан сияқты елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде осы өнімнің бір килосы 100-150 доллар шамасында бағаланады. Ауғанстанда сасық кеурек кезінде аяусыз жиналып, қазіргі уақытта мүлдем жойылып кеткен көрінеді», дейді депутат.

Отандық фармацевтика саласындағы мамандардың пікіріне сүйенсек, дәрілік өсімдіктерді даладан жинап алып, сол күйінде сатып жіберудің тағы бір тиімсіз тұсы бар екен. Бұл – шеттен дәрі импорттаудың экономикаға тигізетін ауыр салмағы. Еліміз өзінде өсетін шөптерді сатып жіберумен қатар, шетелден тереңдеп синтезделіп өңделген неше түрлі дәріні қымбат бағамен қайта сатып алып, ел қоржынын жеңілдетіп жүр. Жоғарыда айтылған бір ғана қызыл-мияның тамырынан қажетті кверцетинді синтездеп алып грамдап сату, қызыл- мияны тонналап шетелге өткізгеннен әлдеқайда тиімді болар еді. Қымбат бағаға сатумен қатар, отандық фарминдустрия дамыр еді. Сасық қурай немесе сасық кеуректің дәрілік мақсатта тамырының жоғарғы жағын аздап тілу арқылы алынған сүтті шырынын (смоласын, ол ауада тез қатаяды) қолданады. Гүлдеп, тұқым беріп тұрған өсімдікке тиіспеу керек, себебі бұл монокарпик, яғни 5-6 жылда бір рет қана гүлдейді. Көршілес елдердегідей құрып кетпеуі үшін оған енді бір рет дайындаған жерден қайтадан даярлауға 15 жылдан кейін ғана рұқсат берілу керек.

Биология ғылымдарының докторы Дина Айдарбаева адамның табиғатқа тигізіп жатқан зиянды істерінің әсері жылдан-жылға үдей түскенін айтады. «Кейбір дәрілік өсімдіктердің шикізаты қарқынды және бейберекет жиналуынан, табиғи қорының 3-10 жыл аралығында таусылу қаупі де жоқ емес. Оның үстіне бір түрдің дәрілік шикізатын бір табиғи ортадан жылма-жыл дайындау жалпы тепе-теңдікті бұзады. Республика территориясында сирек кездесетін дермене жусан (Artemisia сіпа Berg, ex Poljak.) және сасық кеурек (Ferula foetida L.) қорғауды қажет етеді. Елімізде шектеулі аймақты қамтитын өсімдіктерге көктем жанаргүлі (Adonis vernalis L.), Тяньшань жанаргүлі (Adonis tianschanicus (Adolf) Lipsch.), май ландышы немесе меруертгүл (Convallaria majalis L.), саз қазанақ (Ledum palustre L.), бөріқарақаттың (Berberis L.) кейбір түрлерін жатқызуға болады. Соңғы жылдары сұранысқа ие болып, ысырапсыз жинаудың әсерінен даламызды жұтатып, азайып бара жатқан дәрілік өсімдіктер – жалаң мия, сасық кеурек, жерсабын немесе ақ қаңбақ, сұңғыланы қорғаудың ерекше маңызы бар», дейді ғалым.

Ал қытайлық кәсіпкер болса,  Қазақстан азаматтарынан дәрілік шөптерді сатып алу үшін өңірлерде бекеттердің жұмысын да ұйымдастырғысы келеді екен. Демек, көрші жұрт шағын аумақтан ғана емес, тұтас қазақ даласынан жиналған дәрілік өсімдіктерді шекара асырмақ.

Министрдің жауабынан ормандардан дәрілік шөп жинаудың басы ашық екенін аңғарған боларсыз. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде дәрілік шөп жинау үшін не қажет? Бұл да онша қиындық туғызбайтын сияқты, бар-жоғы жабайы өсетін өсімдіктерді заңсыз жинап, экспорттаудың алдын алу үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар биологиялық негіздеме жеткілікті көрінеді. Ол қоры­тындыны дәрілік шикізат жиналатын жердегі өңірлік әкімдіктің экология департаменті береді. Яғни өңірлік депар­таменттің қорытындысы жеткілікті. Бұл дегеніміз – дәрілік шикізатты экспорт­тауға жол ашып, бағалы өсімдіктерді қытай қоржынына салып, кейін олар шығарған дәріні қымбат бағаға сатып алу деген сөз.

Ғалымдармен әңгіме барысында біраз жайтқа қанықтық. Соңғы кездері ғылыми жетістіктерді насихаттаудың кері әсері де тиіп отыр дейді олар. Мәселен, қызғылт семізоттың (Rhodiola rosea L.) емдік қасиеті белгілі бола бастағаны оның жүйесіз жиналып, табиғи қорының азаюы­на ықпал етті. Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай, Күршім аудандарында қызғылт семізот (алтын тамыр) шикізатын көп жағдайларда жеке адамдар да дайындайды екен. Басқа аймақтарда қызғылт семізоттың орнына емдік қасиеті күмәнді өзге туыстас түрлері – таспажапырақты семізот пен (Rhodiola linearifolia Boriss.) Кириллов семізотының (Rhodiola kirilovii Regel.) тамыры қазып алынып жатыр. Дәрілік және жем-шөптік маңызы зор мақсыр рапонтикум немесе марал тамырдың (Rhaponticum carthamoides (Willd.) Iljin.) емдік қасиетінің танымалдылығы соншалық, өзгелер де қызығушылық танытып отыр.

Ғалым Дина Қайсарбекқызы дәрілік өсімдіктер популяциясының табиғи қалыптасуы үшін жерүсті бөлігі пайдаланылатын өсімдіктерге 2-3 жыл, ал жерасты бөлігі (тамыры) пайдаланылатын өсімдіктерге 10-15 жыл аралығында уақыт қажеттігін айтады. «Бұл жұмыстар бүкіл республика аумағын қамту керек. Шикізат дайындау барысында, әсіресе «жеке түрлерге» байланысты барлық әдістемелік нұсқауларды, тәртіп-ережелерді сақтаған жөн»», дейді ол.

Оның айтуынша, өсімдіктердің алуан түрлілігін сақтаудың екі негізгі бағыты бар, олар – in situ және ex situ. In situ – табиғи өсу ортасында толығымен экожүйені сақтау, яғни табиғаты ерекше қорғалатын аумақ. Мұндай аумақ өсімдіктер мен жануарлардың алуан түрлілігін сақтау, мәдени және табиғи мұраларды қорғау мақсатында құрылған. Ал екінші Еx situ – өсімдік түрлерін жерсіндіру арқылы қорғау. Жерсіндіру арқылы өсімдіктерді жан-жақты зерттеп, тиімді пайдалану, қорғау шараларын іске асыруға болады. Соңғы он жылдықта Қазақстанда ботаникалық бақтарда 600-ден аса өсімдік түрі жерсіндірілген.

Ғалым айтқандай, бұл қадамдар табиғатымыздың алуан түрлілігін сақтау­мен қатар, ұлтты қорғау үшін де қажет. Қазіргідей індет шеңгелін салған кезең дәрі маңызының қаншалықты екенін дәлелдеді. Қазақ сахарасы – шипалы, дертке дауа болар қазыналы мекен. Ал бұл игілік алдымен өз халқымыздың кәдесіне жарауы тиіс емес пе? Ал даланы жұпар аңқытқан дәрілік өсімдіктерді аман сақтап, ертеңге жеткізу, оған қоса фарминдустрияны дамыту елдік мұрат болуы тиіс!