Саясат • 29 Шілде, 2020

Қазынаны тонау қашан тыйылады?

252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Ішіп-жеудің», қымқыру-жымқырудың дәстүрлі жолдарынан заманауи әдіс-тәсілдеріне көше бастаған қазіргі әккі жемқорларға қарсы күрес оңайға түспесі белгілі. Сондықтан онымен күреске азаматтық қоғамды тарта отырып, жалпыхалықтық сипатта жүргізу мемлекеттің басты мүддесі болуы тиіс.

Қазынаны тонау қашан тыйылады?

Жақында Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­т­ігінің 2020 жылдың бі­рін­ші жар­­ты жылдығының қоры­тын­дысына арналған алқа отырысы өтіп, онда қоғамды толғантқан бір­қатар мәселе қозғалып, орынды ұсыныстар, көңілге қонымды пікірлер айтылды.

Қазіргі жағдай мәселелерді оңтайлы шешуге, өзгерістерге бейімделіп, оларды тиімді басқа­руға жіті назар аударуды талап етеді. Бұл арада мемлекеттік бас­қару тетіктерін жеделдетіп цифр­ландыру ісі өзекті. Осы орайда мемлекеттік электронды сервистері дамыған елдердің тәжі­рибелерін талдау маңызды.

Агенттік төрағасы Алик Шпек­баев бюджет қаражатын жым­қыруға жол бермеу үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасын іске асыруға барынша ден қою қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақыт­та Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты цифрландыру бойынша 2 қыл­мыс­тық іс тергелуде.

Отырыста электронды ұлт­тық валюта құрудың маңыз­ды­лығы да қозғалды. Бұл бірін­шіден, парақорлар үшін ыңғайлы қолма-қол ақшаны қысқартуды жеделдетеді, екіншіден, мем­лекеттік сатып алу кезінде бюджет қаражаты қозғалысының то­лық ашықтығын қамтамасыз етеді.

Бүгінде азаматтық қоғам та­­рапынан коронавирус­пен кү­реске кедергі келтіріп отыр­ған, оның күрделенуіне негізгі се­бептердің бірі ретінде сыбай­лас жемқорлық, бюрократия пен жауапсыздық екені айты­луда. «СҚ-Фармацияның» лауа­­зымды тұлғаларына, ме­ди­­­циналық сақтандыру қоры­на, сондай-ақ жергілікті атқа­рушы органдардың бірқатар ме­­дициналық мекемелеріне қа­тысты қылмыстық істер қоғам тарапынан айтылып жатқан сын­дардың дұрыс көрсетіліп отыр­ғанын білдіреді.

Агенттік төрағасы қазіргі уақытта «СҚ-Фармация» қызме­тіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдауды сыртқы сарапшыларды кеңінен тарта отырып, жедел жүр­гізу қажет деп есептейді. «Біз­­дің талдауымыздың сапасы осы ұйымның болашақта қан­шалықты тиімді және парасатты болуына әсер етеді», деді ол.

Қазіргі қиын жағдайда жекелеген шенеуніктер жеке қорға­ныс құралдары, дәрі-дәрмек және медициналық жабдықтарды сатып алуда байып, осындай жөнсіздікке барып отырғанын айтқан А.Шпекбаев мұндай ке­леңсіздіктердің жолын  ұстау және қамау арқылы ғана кесу мүм­кін емес деп санайды. Оның айтуынша, бюджет қаражатын жоспарлау және игеру жүйесін түбегейлі қайта қарау орынды. Мұның шешімі – барлық дең­гейдегі бюджеттердің толық ашық­тығын, сондай-ақ қоғам­дық жә­не азаматтық қадағалауды қам­­тамасыз ету.

Қазіргі таңда Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың мемле­кеттік бағдарламаның беделін түсірмеу жөніндегі тапсырмасын орындау ісі өте маңызды. Осы орайда, кез келген бағдарламаны жүзеге асыру кезінде қаржы жымқыруды дер кезінде алдын алуға және тоқтатуға күш салынуы керек. Бұл мәселеге қатысты А.Шпекбаев: «Тиімді алдын алу шарасы, ол – бағдарламаларды әзірлеу сатысында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы толық аудит жүр­гізу. Бұл шара жымқыру мен теріс пайдалану алғышарттарын болдырмауға мүмкіндік береді», деді.

Агенттік төрағасы жұмыстың негізгі бағыттары ретінде жүйелі сыбайлас жемқорлықтың, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқор­лық қылмыстардың жолын кесуді, мемлекетке келтірілген залалды уақтылы және толық өтеуді атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекет­тік органдардың, құқық қорғау
жә­не сот құрылымдарының, рес­пуб­ликалық деңгейдегі квази­мемлекеттік ұйымдардың жоғары лауазымды тұлғаларының ара­сында ықтимал сыбайлас жем­қорлықтың жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атады.

Мамандардың айтуын­ша, елімізде сыбайлас жем­қор­лық­тың негізгі экономикалық фак­торларының бірі – мемлекеттің экономика саласына әлі де араласу үлесінің сақталып отыр­ға­ны. Шенеуніктер басқаратын мемле­кеттік кәсіпорындар ерекше тиім­­­­ділігімен көзге түспейді әрі сыбайлас жемқорлық оқиға­ла­рына жиі шатылып жатады. Агенттік төрағасының сөзіне қа­ра­ғанда, қазіргі пандемиялық дағдарыс іскерлік белсенділікке қатты соққы берген. «Мұны са­­палы қалпына келтіру үшін кә­сіпкерлікті барынша еркіндік пен бәсекелестіктің қағидаттары негізінде мемлекеттік реттеуді ауқымды ырықтандыруға бағыт­талған кешенді шешімдер қажет. Бизнесті жүргізу үшін қолайлы орта құру – бұл стратегиялық міндет, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұрғысынан да дәл солай. Тиісті тұжырымдамалық шаралар 2021-2023 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделетін болады», деді ол.

Агенттік бірінші жарты­жыл­­дықта Мемлекет басшы­сы­ның қарауына сыбайлас жем­­қорлық деңгейін айтар­лық­­тай төмендететін бірнеше тұжы­рымдамалық ұсыныс ен­гізген болатын. Олар сы­бай­лас жемқор­лық үшін жауап­кершілікті кү­шейтуге, қо­ғам­дық бақылау институтын құқық­тық регламенттеу­ге, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы жаңа шек­теулер енгізуге, сон­дай-ақ пара беруге, алуға уәде/ұсы­­­ныс­ты криминалдандыру, сыбай­лас жемқорлық ұғы­мын жеке секторға қолдану, ха­бар берушілерді кешенді қор­ғау­ды құру сияқты базалық ха­­лық­­аралық стандарттарды импле­ментациялауға қатысты ұсы­ныстар. Бұл ұсыныстардың негі­зінде құқық қолдану тәжі­ри­бесі мен қоғамдық пікір мони­то­рин­гісі жатыр.

Айта кетейік, отырыста баян­­дама жасаған агенттік төр­аға­сы­ның бірінші орынбасары Олжас Бектенов тіркелген сы­байлас жемқорлық құқық бұ­зу­шылықтарының 10%-ға төмен­дегенін, есептік кезеңде аса ауыр қылмысты анықтау және жо­­лын кесу 3 есеге, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және жолын кесу 10%-ға артқанын жеткізді. Бұған қо­са, сыбайлас жемқорлықпен әш­­­кереленген тұлғалар саны да өскенін, олардың әр бесіншісі мемлекеттік органның немесе ұйымның басшысы екенін, жал­пы, 28 – республикалық, 65 – облыстық, 72  қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Оның ай­туынша, өтелген залал со­масы 33,3 млрд теңгені құра­ған, «Атамекен» ҰКП-мен бір­ле­сіп жүргізілетін сатып алу мо­ниторингі нәтижелері бойын­ша 6 млрд-қа жуық бюджет қара­жатын тиімсіз пайдаланудың жолы кесілген. Жүйелі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу 30%-ға, бизнестің ісіне заңсыз араласуды тіркеу 20%-ға артқан.

Отырыста белгілі болғандай, Төтенше жағдай мен карантин режімін бұзумен байланыс­ты 81 қылмыс тіркелген. Мұ­ның көбісі тосқауыл бекеттер арқылы заңсыз өткізу және карантиндік шара­ларды бұзу­да жауапкершілікке тартпау үшін пара алу фактілеріне қа­тыс­ты көрінеді. 10 млн-ға жуық медициналық бетперде, бір­қатар тапшы дәрі-дәрмектер (Ин­га­вирин, Азитромицин, Цеф­триак­сон, Меропенем және т.б.) заңсыз айналымнан алынып, ден­саулық сақтау ұйымдарына берілген. Өкпені жасанды желдетуге арналған 100 аппаратты жалпы сомасы 2,3 млрд тең­ге­ге қымбатқа алу фактілері анық­талған.

Қорыта айтқанда, салаға қа­тысты орынды ұсыныстар қа­перге алынып, алда тұрған мін­деттер сапалы еңсерілуі қа­жет. Сыбайлас жемқорлық, аш­көздік пен пайдакүнемдік ауыз­дықталып, тезге салынбай мемлекетте абырой, қоғамда береке болмайтыны анық.