Мыңарал ауылының тұрғыны Гүлзағира Ешмағамбетованың айтуынша, ауыл әкімі Зүбаржат Қамиеваның жұмысы әлсіз. Сонымен қатар шенеуніктің сөзі мен ісінің арасында да алшақтық көп екен. Сондықтан да тұрғындар әкімнің орнын өз еркімен босатуын талап етуде. Көпшіліктің пікірінше, әкім ауылдың мәселесін шешпек түгілі, ауылдастарының сөзіне құлақ асқысы да келмейді. Бұл ретте ауыл тұрғыны Гүлдария Ақбасова ауыл әкімінің азаматтар арасындағы алауыздыққа ықпал етіп отырғанын да ашына жеткізді. «Соңғы кездері ауыл әкімі елмен арамыздағы қарым-қатынастарда да көптеген келіспеушілік тудыруда. Оның жалғыз мақсаты – ауыл әкімінің орынтағынан айырылмау. Мәселен, ауылдық Мәдениет үйі ұзақ уақыттан бері жұмыс істемейді. Алайда әкімнің туыстары сол жерден жалақы алуда. Бұл аз десеңіз, ол ауыл тұрғындарының жартысын қорқынышпен ұстап отыр. Бірақ шыдамның да шегі бар, біз енді барлық жаққа баруға дайынбыз», дейді Гүлдария Ақбасова. Шыны керек, ауыл тұрғындарының сөзіне сүйенсек, әкімнің қызметте отыруына ешқандай да құқы жоқ.
Мойынқұм ауданы облыс орталығынан шалғай аумақта орналасқанымен, мұнда егін, мал шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Мыңарал ауылдық округіне Мыңарал ауылы, Мыңарал стансасы және Қашқантеңіз ауылы жатады. Мұнда көпшілік негізінен «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» мекемесінде, Мыңарал стансасындағы теміржол бекетінде, «Компания-Мыңарал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балық зауытында жұмыс істеп күнелтеді. Дегенмен, осындай тіршілік арқылы өз күнін өзі көріп жүрген көпшіліктің талабы біреу-ақ болып отыр екен. Мыңарал ауылдық округінің жанындағы Мыңарал стансасының тұрғыны Нағима Ақжолова соңғы 35 жылда бұл ауылда ешқандай өзгерістің болмағанын айтады. Оның айтуынша, әкім өзекті мәселелерді шешуде ешқандай бастама көтермейді екен. «Ол көше дәретханасының мектеп ішінде орналасуы бойынша да ешқандай жұмыс жүргізген жоқ. Зүбаржат Қамиеваның әкесі 20 жыл бойы ауылдық округті басқарды. Өзі 7 жыл бойы әкім болуда», дейді тұрғын. Ал Ерлан Байжомартов ауыл әкімінің және Мыңарал ауылындағы қоғамдық кеңес төрағасының заңсыз әрекеттеріне наразы екенін жеткізді. Ол құзырлы орындардан әкімнің заң аясында қаншалықты жұмыс істеп отырғанын тексеруді сұрайды. «Ауыл тұрғындары бірнеше рет әкімнің есеп беру кездесулеріне қанағаттанарлықсыз деген баға берді. Ауылда наразылық басталса болды, әкім кезекті еңбек демалысына немесе декретке шығып кетеді», дейді Ерлан Байжомартов. Ал ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базарбай Бөкенов болса, ауыл әкімінің басқару қабілетінің төмендігін және өз жауапкершілігін сезіне алмайтынын жеткізді. Сондықтан да ауыл тұрғындары ауыл әкімінің қызметінен босатылуын талап етуде. Тұрғындармен кездесуде де Бердібек Сапарбаев жақын арада ауыл әкіміне қатысты мәселе өз шешімін табатынын айтқан. Ауыл әкіміне қандай шара қолданылады, тұрғындардың тілегі қаншалықты орындалады, бұл енді алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен, Бердібек Сапарбаев әкімнің креслосы мұрагерлік бойынша берілмейтінін, жеті жыл – ауылды абаттандыру, тұрғындарға тиісті жағдай жасау үшін жеткілікті мерзім екенін атап өткен болатын. Облыс әкімінің «2013 жылдан бастап әкім тек 4 ескі электр бағанасын ауыстырды. Сонда ауылдағы 96 бағанды ауыстыру үшін қанша уақыт қажет? Зүбаржат Талғатқызы, сіз Президентке шағым жаздыңыз. Алайда сіздің барлық әрекеттеріңіз заңға қайшы. Мұнда барлық шағымдарды тексеретін арнайы комиссия жібереміз. Егер заңсыз әрекеттер расталса, шенеунік заң аясында жауапкершілікке тартылады. Біз шағын ауыл тұрғындарының бір-бірімен араздасуына жол бермейміз», деген сөзі де көп жайды аңғартқандай.
Біз мәселенің мәнісін білмек болып Мыңарал ауылдық округінің әкімі Зүбаржат Қамиеваның өзіне хабарласқанымызда, ол кезекті еңбек демалысында болып шықты. Алайда әкім бізге ауыл тұрғындарының бұл шағымымен келіспейтінін жеткізді. «Ауылда жұмыс жоқ емес, бар. 2015 жылы ғана Мыңарал ауылындағы 3,2 шақырым жолға асфальт төселді. Сол сияқты 2017 жылы Мыңарал стансасындағы 3,1 шақырымды құрайтын Абай көшесі де асфальтталды. Ауыл тұрғындары үшін тіршілік көзі де қалыптасқан. Мәселен, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясында» 260 адам, «Компания-Мыңарал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балық зауытында 80 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар ауылдағы, стансадағы мектептерде, стансадағы теміржолда жүздеген азамат жұмыс атқарады. Сондықтан да тұрғындардың бұл шағымымен келіспеймін. Үш-төрт адам жиналып алып, мені қаралауға көшкен», дейді әкім. Сонымен қатар Зүбаржат Қамиева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазу себебін жергілікті басшылықтың тарапынан қысым болып жатқанымен түсіндірді. Ауыл әкімі тұрғындардың Мәдениет үйіне айтқан сөзіне қатысты да пікірін білдірді. Оның айтуынша, ауылдық Мәдениет үйі 1986 жылы салыныпты. Содан ол 1996 жылға дейін «Компания-Мыңарал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балық зауытының теңгерімінде болыпты. Аталған нысан содан бері жөндеу көрмеген екен. «Ауылдың Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Бүгінде мұнда бір штаттық бірлікте жалғыз адам ғана жұмыс атқарады. Бірақ тиісті іс-шаралар өтіп тұрады. Мәдениет үйі жабық емес», дейді Зүбаржат Қамиева.
Ауыл тұрғындары мен әкімнің пікірі осындай. Бір тарап басшының кетуін қаласа, бір тарап өзінің ақ, адал екенін айтып дабыл қағуда. Дегенмен ендігі мәселенің қалай болатыны, жағдайдың қалай өрбитіні алда құрылатын комиссияның шешіміне байланысты болып тұр.
Жамбыл облысы