Оқиға • 29 Шілде, 2020

Жанына ғылымды серік еткен

448 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақтың қасиетті де құнарлы топырағында өсіп-өнген жақсыла­рымыздың арасында ел ынтымағы мен ырысының артуына барынша атсалысып келе жатқан ғалым, қоғам қайраткері Айдар Әбуовтің өзіндік орны бар.

Жанына ғылымды серік еткен

 

Кезінде «Мировоззрение Ходжа Ах­мета Яссави» (Алматы қ. 1997 ж.), «Ақиқат жаршысы» (Қ.А.Ясауи атын­дағы ХҚТУ баспасы, 1998 ж.) сынды сүбелі еңбектері арқылы талайдың назарын аударып, есімі кеңге жайыл­ған, белсенді қызметімен қоғам қай­раткері ретінде танылған Айдар Пәр­құлұлының өмір жолы үздіксіз ізде­ніс пен тынымсыз еңбектен құрал­ған. Ғалымның бүгінгі шыққан биігі оның өмір өріне ұмтыла білуінің жарқын жеңісі болса керек. Десек те, оның әрбір ізгі қадамының бастауында, қарым-қабілетінің негізінде ата-тектен берілген таза рух, имани күш жатқаны сөзсіз. Мұндайда қазақ «адам тегіне тартпай тумайды» дейді. Осы орайда А.Пәрқұлұлының атасы Әбу Абылаев жөнінде аз-кем тоқтала кетсек, аруақ сыйлағандық болар. Әбу Абылаев Түркістан өңіріне белгілі азамат болыпты. Кешегі көз көрген қариялардан жеткен ауызша естеліктерге қарағанда, өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап ол кісі Түркістан болысы әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарады, кооператив, колхоз басқарады. Сондай-ақ жергілікті халықтың сұранысына орай еліміздің солтүстік өңірлерімен, оның ішінде Ақмола аймағымен байланыс орнатып, Қараөткелдегі жәрмеңкеден азық-түлік, түрлі қажетті бұйымдар жеткізу ісін ұйымдастырған. Сол бір аласапыранды кезеңде жоқшылыққа ұшыраған қарапайым халықтың қамын жеген Әбудің игілікті ісі шо­лақ белсенділердің қытығына тиіп, ақырында әйгілі 1937 жылы қуғын­далып, абақтыға жабылады. Қуа­нышқа орай, ақталып шығады. Бұдан кейінгі өмірін Мақтааралда өткерген ол қиыншылықты да, қуанышты да елмен бірге көреді. Соғыс жылдарында майданнан қара қағаз алып қара жамылған ағайынды еңбекке жұмылдыру мехнатын еңсеруге Әбу Абылаевтың жеке басының беделі аз септігін тигізбеген.

1960 жылы дүниеге келген Айдар Пәрқұлұлы мектеп бітірген соң енбек жолын жұмысшы болып бастады. 1977-1982 жылдары аралығында Шымкент педагогика институтының тарих факультетінде оқыды. Сол бір студент кезінде өткен археология саласына қатысты практикалық са­бақ барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеуге қызығушылығы оянады. Жан дүниесін діни ойшыл-ғұламаның мұрасын білсем деген талап, кесене туралы түрлі сауал мазалайды. Кесенеден алған осы алғашқы әсері кейін үлкен тақырыптарға бағыттайды.

Ол кезде Қ.А.Ясауидің, кесененің тарихы да, құжаттары да ашық зерттелмеген, тыйым салынған жабық тақырып болатын. Тіпті Алматыда 1977 жылы тапсырыспен шыққан «Тень средневековья» деген кітапта атақты ойшыл бабамыз ортағасырлық қараңғылық пен надандықты насихат­таған адам деп сипатталыпты. Көкірегі ояу жас Айдар мұндай қисынсыз жазбаларға сенбей, Ясауидің әлеміне өз танымымен енеді. Оның Ясауиді, оның мұраларын жанына жақын тұтуына дара тұлғаның кесенесіне саясат ызғарын елемей еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жататын қазақтардың, басқа да мұсылман жамағаттың риясыз пейілі де әсер етпей қойған жоқ. Бір ғана мысал. 1977 жылы сонау Қостанай, Павлодар өңірінен бір топ ақсақалдың баба басына арнайы келіп зиярат еткені Айдар Пәрқұлұлының бүгінгідей есінде. Сол бір қариялардың жүздерінен Қожа Ахмет Ясауиге деген шексіз құр­меттің ізін көргені естен шығар ма?..

Жо­ғары оқу орнын бітірген соң ауыл мектебіне мұғалім болып жұ­мысқа тұрды. Отау құрды. Содан, ауыл мектебінде екі жыл еңбек еткеннен кейін Өзбекстандағы Сырдария педа­гогикалық институтындағы тарих лабораториясына меңгеруші болып орналасты. Мұнда ол қарым-қабі­летімен көріне білді. Арада екі жыл өте арнайы жолдамамен Г.Пле­ханов атындағы Мәскеу халық шаруа­шылығы институтына оқуға аттанып, онда 1985-86 жылдары білімін жетіл­дірді. Мәскеуден келген соң Таш­кенттегі Низами атындағы педагогика институтына аспирантураға қабылданып, кейін оны Мәскеуде жал­ғастырды. Осылайша, 1990 жылы тарих ғылымының кандидаты атағын алды.

Ғалымның азаматтық болмысын айқындай түскен шақ Түркістан қаласында қызмет еткен жылдар десек қателеспейміз. Тәуелсіздік таңы атып, Түркістанға баса назар аударыла бастаған 1991 жылы шаһарда Қожа Ахмет Ясауи атындағы мемлекеттік университет ашылды деген жылы хабар Айдар Пәрқұлұлын елең еткізді. Алып-ұшқан көңіл күймен келіп жаңа университетке аға оқытушы болып орналасты. Университеттің бірінші ректоры, академик Мұрат Жұрынов сәттілік тілеп, батасын берді. Осы сәттен ғалымның Түркістандағы кезеңі басталды.

Кезінде университеттің халық­аралық байланыстар және әлеуметтік мәселелер бойынша проректоры қыз­меті сеніп тапсырылған А.Әбуов өзіне жүктелген барлық міндетті абыроймен орындап, білім ошағының өркендеуіне, әсіресе мәдениет саласын дамытуға сүбелі үлесін қосты.

Біздің кейіпкеріміз университеттегі жауапкершілігі көп басшылық қыз­метін жоғары деңгейде атқара жүріп, ғылыммен де шұғылдануға ден қой­ды. Философия, саясаттану және дінтану институтының докторанты атанып, 1997 жылы «Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы және оның қазақ философиясындағы мәні мен орыны» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Жан қалауымен таңдап алған тақырыбын қолдап-қуаттаған ғылыми кеңесшісі, академик Ә.Нысанбаев, жұмыс барысында М.Жұрынов, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов сынды ғалымдар өз пікірлерін, ақыл-кеңестерін айтып, жол көрсетті.

Жалпы, елімізде Қ.А.Ясауи та­қырыбы шығыстанушылар, филологтар тарапынан зерделеніп келді. Ал бұған дейін ойшылдың мұралары философия тұрғысынан зерттеле қоймаған. Ал А.Әбуовтің док­торлық диссертациясы бұл олқы­лықтың орнын толтырып, осы бағыт­тағы алғашқы жұмыс ретінде таныл­ды әрі жоғары бағаланды. Осы­лайша, ғасырлар бойы ұлттық санамызбен, салт-дәстүрімізбен біте қайнасып, мәдениетіміз бен руха­­ниятымызға өзіндік оң әсерін тигізген халқымыздың сопылық дүние­танымының қазақ философия­сы тарихындағы орнын ғылыми тұрғыда айқындаған алғашқы еңбек жарық көрді. Ғалым өз еңбегінде Абай дүниетанымындағы Аллаға деген сүйіспеншіліктің Қ.А.Ясауидің танымындағы ақиқат пен оның Аллаға махаббатының тығыз байланыста екенін ғылыми негізде зерделей білді. Ғалым қос алыптың Алланы танудағы таным-түсініктерінің өте етене екенін Мұхтар Әузовтің арғы атасы – Бердіқожаның атақты Ясауи мектебінің шәкірті болғанын, оның Абай ауылына ойшылдың ілімін жеткізгенін дәлелдеуі арқылы нақтылайды.

А.Әбуов 2005 жылы елордаға шақырылып, ҰҚК ғылыми-зерттеу институтында бас ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді, Пре­зидент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттің саяси стратегиясы» кафедрасын бас­қарды. Он жылдай «Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығына» жетекшілік етті. Елбасының бастамасымен қолға алынған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін өткізу осы орталықтың басты міндеті болатын. Бүгінде үш жылда бір өтетін бұл діни форум халықаралық деңгейде мойындалды, жаһандық беделді үнқатысу алаңына айналды.

Айдар Пәрқұлұлының бастамасымен елдегі руханият, дін саласында қалам тербеп жүрген ғалымдардың басы бір арнаға тоғысып, «Қазақстан Дінтанушылары Конгресі» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігі құрыл­ғанын айта кетейік.

А.Әбуов – қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдеріндегі 200-ден аса ғылыми және ғылыми-сарап­тамалық еңбектің, мақала, баянда­малардың, оның ішінде жеке және ұжымдық монографиялар мен оқу­лық­тардың авторы. Ол Ұлттық Ғы­лым академиясының құрметті ака­демигі, білім саласына енбегі сің­ген құрметті қызметкер.