Руханият • 29 Шілде, 2020

«Таласа ағып Таласпенен, құйылса екен өлеңім...»

583 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қарағандының Бейбітшілік гүлзарында бала Пушкиннің ескерткіші тұр. Мен оны 1967 жылы көргенде, он жеті жастағы бозбаламын, ол әппақ мәрмардан жасалған еді. Кейінде оны қап-қара ғып бояп тастапты... Қазір маған сонысы ұнамайды. Алғашқы қалпы бұдан гөрі поэтикалық бояуға толы, бұдан гөрі әдемі еді ғой? Қасына күнде келіп, таңғажайып қиялға батушы едім...

«Таласа ағып Таласпенен, құйылса екен өлеңім...»

Сол ескерткіштің қарсы алдында Қараған­ды гуманитарлық колледжінің ғимараты тұр. 6 маусым күні маған осы колледждің директоры Есжан Әміров телефон шалып: «Бүгін кімнің туған күні?» дейді. Жылда осы. Соны жылда ұмытып кетеді екем: «Пушкиннің туған күні!» – деймін біліп отырған кісі құсап... Сол күні екеуміз Пушкиннің басына гүл қойып, поэзия, музыка хақында емен-жарқын әңгіме-дүкен құрамыз.

Менің бозбала шағым осы колледж тұрған Бейбітшілік гүлзарында өткен. Сон­да осы көшенің бойында педколледж барын біздің біреуіміз де білген жоқ едік. Біз ғана емес, осы Қарағандыда тұратын қазақ та білген жоқ оны... Оқу процесі орысша ғана жүрген. Осында қазақтан басқаның балала­рының бәрі оқыған... Басшылыққа Есжан Әміров келгеннен кейін ғана бұл оқу орыны Қарағанды гуманитарлық колледжі атанып, осындағы ұлттық- қазақ руханиятының іргелі бір ошағына айналып кетті.

Есжанмен Тараздың 2000 жылдық тойында танысып едім. 2003 жылдың күзі еді. Осы өңірдің жігіті екен. Қарағандыдан Елба­сымен Теміртауда бірге тер төккен ақсақал­дар бар, Жамбыл жеріне жер қайысар қол болып барғанбыз. Делегацияны сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Ералы Тоғжанов бас­тап келген. Бізді қыдыр көргендей, өз елінің төріне шыға­рып, төредей күтті. Әулиеатаның сән-салтанатына Есжанымыздың баяны мен әні қосылып, төбеміз көкке аз-ақ жетпей қалған... Сол жолы егіздей ағайынды жігіт­тер­дің ілтипат-құрметіне көңіліміз тасып, аузым­нан бір-екі  ауыз экспромт шығып кетіп еді:

Есжан мен Досжан туған ағайынды,

Жарқыратып жіберді-ау, маңайымды!

Көкірегінен інжу мен маржан шығып,

Көмейінен төгеді қалай үнді?!

Екеуі бір-бірімен егіз бе екен,

Кеудесі мұхит па екен, теңіз бе екен?

Әкесі қандай қалжа жегізді екен,

Шешесі нендей уыз емізді екен?

Мұндай сәт ұзақ та емес, аз-ақ екен,

Ғаламның ғажайыбы қазақ екен!

Сабындай қамшының қысқа өмірде,

Есжан мен Досжан болған ғажап екен!

Кейін білдім, ол композитор екен. Содан кейін екеуіміздің аралас-құраластығымыз бас­талды да кетті. Осы кезде шешем (Тәте деу­ші едім о кісіні) фәниден бақиға қайтып, мен «не ол емес, бұл емес...» дейтін дағдарған күй­де жүр едім. Қолыма қалам алмай кеткелі қашан... Бір күні Есжан бір жаңа әуен шық­қанын айтып, соны тыңдап көресіз бе деді. Естіген бетте арқам шымыр ете түскен: «Ой... мынау менің Тәтемнің әні ғой?!.» – деппін! Кеудеме лықсыған өксік тығы­лып, тілімнің ұшына бір өлең жолдары оралғандай, шабыт келетін шақтағы беймаза күй кешіп кеттім... Ертеңіне «Қайран өмір» деген өлең туды.

Содан бастап екінші бір тынысым ашылып, «Кеудеден хош деп ұшқан көгала үйрек­пен...»1 қайта табыстым, «Төбемнен жау­һар жауып тұр...» дейтін кітабымның эскизі осы оқиғадан соң іле шала қағазға түсе бастады.. Егер сол кезде маған Есжан кез болмағанда қара өлеңнен ат кекілін кесісіп кетер ме едім, кім біледі...

Осы әнді Жер жәннаты Жетісудың айтулы аруы Мәрия Беспайқызы Жүйріктаева2 мәнеріне келтіріп, жан-жүрегімен әуелете шырқаушы еді! «Бұл – менің әнім ғой, Есжан бауырым? Осы әнді маған арнап жаздың ба?!.» – деуші еді-ау, марқұм...

Есжан Әміров – қазақ музыкасындағы болмыс-бітімі бөлек таланттардың бірі һәм бірегейі. Ел егемендігін алғалы батыстың поп-музыкасының буына жығылып, ата дәстүрінен жаңылған қазақ әуенін Шәмші-Нұрғиса-Ілия дәстүрімен қайта табыс­тырған Есжанның әндері Арқа жұртының арқасына аруақ қондырғандай болды! Өмір­де, өнерде де мұндай құбылысты «Адас­қан баланың ата-жұртына қайта оралуы!» – дейді. Әрбір ұлтты өзінің төлтума мәдениеті ғана өрге сүйрейді.

Ат үстінде айдары желбіреген Көк Түрік­тің үмбеті адамзат тарихында бір Тәңі­ріне табынып, адамға ғана тән асқақ рух­пен қауышқан. Олар мына фәнидің жалған­дығын елден бұрын түйсініп, дүниеге ерлік пен қасіреттік сананы орнықтырды да, оны эпос түрінде жарық дүниеге паш етті. Заманалар алшақтығына қарамай, Қорқыт қобызы сарынының Құрманғазы-Тәттімбет күйлеріне құйылып, одан Нұрғиса-Шәмші-Ілия саздарына ұласуында да біздің ұлтқа ғана тән таңғажайып бір сиқыр жатыр. Ел жұрттың құлағы Есжан әуендеріне елең ете түсуінің түп-төркіні де осында жатуы мүмкін...

Оның әндері құлақ сарсылтатын батыстық тақ-тұқ, тарсыл-гүрсілден ада:

Қаратау, мен қайтейін биігіңді,

Бауырыңнан атар ма едім киігіңді.

Кеткенде ауылым алыс, қимас қалқа,

Басамын қайда барып күйігіңді?

– дейтін халық әні секілді, елінің ет-жүрегін тербеп, өзегін өртеп, көңілге түрлі ой салып келеді.

Ол Қазақстанның еңбегі сіңген қайрат­кері, 2005 жылы Астанада өткен «Елім менің» патриоттық әндер байқауының лау­реа­ты. 2005 жылы «Сері көңіл» атты әндер дискісі жа­рық көрген. Оның оннан астам әнде­рі қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы тұр.

«Атыңнан, айналайын, Әулиеата, Атың­ды ап қойды деп болма қапа» – деген Жам­был атасы секілді, Есжанның кір жуып, кіндік кескен Тараз топырағына деген пер­зенттік махаббаты «Сарыкемер», «Ауылға арнау» атты әндерінен айқұлақтана көрінеді.

Талас өзеніне шомылып, қарт Қаратаудың құзар шыңына қарап өскен Есжанның көкірегіне Біржан мен Ақан, Тәттімбет пен Мәди саздары кернеген Сарыарқа шалқар шабыт құйып, қияға қанат қақтырды.

Есжанның «Сарыкемер» деген өлеңінде:

Аулаңдағы ағашпенен,

Тете өскен төл едім.

Таласа ағып Таласпенен,

Құйылса екен өлеңім

– деген жолдар бар еді. Бүгін, міне, Есжанның сол сағыныш саздары Талас өзеніне әсем әннің сырлы толқыны болып құйылып жатыр...

2005 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Туған жерім – тұғырым» атты ән­дер жинағына жазған алғы сөзінде композитор Ілия Жақанов Есжан Әміровтің шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді. «Жақында мен Қарағанды, Теміртау, Қарқа­ралы, Егіндібұлақ өңірлерінде автор­лық кештер өткізіп қайттым, – деп жазады Ілия аға, – сол бір сәулелі, думанды күндерде Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры, музыкант Есжан Әміров есімді жігіттің лирикалық, патриоттық әндерін тыңдап, баяғы ән корифейлерінің классикалық үлгісі жалғасып келе жатқанына көз жеткіздім. Есжан сыршыл сезімді баянист, әрі әнші. Жалындаған лепті, отты әндерінен жайсаң өмір­дің лебін сезіндім. Соңғы жылдарда сезімі шуақты, рухы зор, айбыны асқақ патриоттық өнерден қол үзіп қалғандай едік. Дағдарысты, өтпелі кезеңнің олқылы-тол­қылы шағында жасық, елжіреуік, жылауық әнсымақтар жүйкеге тиіп, талғам да тайыздап бара жатқанда, сын сағатта бізді көтеріп, демейтін көшелі әндердің зарын тартқандай болдық».

41 градус күн ми қайнатты,

Оңтүстік етек-жеңін жимай жатты.

Тәңірі Нұрғисаны жаратқанда,

Бір дыбыс тәніне оның сыймай қапты...

Біз – таспыз, Алла көктен нұр құйса да,

Айнала алмайтұғын жыр-хиссаға.

Илхами дүниеге тәнті болып,

Ілесіп Шәмші келді Нұрғисаға.

Қырандай қырдан шалып, ойдан шалып,

Арылмай ойдан – күмән, бойдан – шабыт, –

Осы бір екі атаңның аруағы,

Арқаңда жүр ғой сенің ойран салып?

Асау үн ие бермей дүркіреді,

Киесі – ұлтың менен жұртың еді.

Кеудеңнен көк ала үйрек – ән ұшпаса,

Бақсы боп кетуің де мүмкін еді...

Қасыңда – Ілия – жыр, Ілия ағаң,

Көкейде – Ілия – әуен, Ілия – ән, –

Сабындай қамшының ғұмырда бұл,

Жетеді қандай ғажап дүние оған?..

 

*1 Кемпірбай ақын.
*2 Мәриям Жүйріктаева – қоғам және мемлекет қайраткері.

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты