Елбасының жеке архиві, кітапханасы мен музейінің қор материалдарынан жасақталған көрме философия, әдебиет, поэзия, музыка салаларымен ұштасқан кемеңгердің мұрасынан сыр шертті.
Көрмеге қойылған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халық алдында ұлы ақын жайлы сөйлеген сөздеріне қарап-ақ қазақ халқының тарихи санасы мен мәдени мұрасын жаңғыртудағы маңыздылығын аңғаруға болады. Тұңғыш Президенттің әр баяндамасы үлкен ойшылдың шығармашылығына талдау жасайтындықтан, ғылыми зерттеуге татыры анық.
Мысалы, 1995 жылғы 9 тамызда Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай Алматыда өткен салтанатты жиында Елбасы былай деген еді: «Абайдың терең ойы мен пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш болып қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің, әділет пен абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден-бір белгісі де осы...». Бүгінгі ұрпақ Абайды адамзатқа ортақ құндылықтардың тұтқасы деп қабылдайды. Олардың түсінігіндегі Абай – қырғиқабақтан азат бейбітшіл ұстанымдардың үлгісі, Елбасы бастамаларының негізіне алынған абыройдың тұғыры. Қоғамның рухани тірегіне айналған ойшылдың мұрасы құндылықтар сабақтастығын сақтап қала бермек.