Білім • 03 Тамыз, 2020

Экология пәнін енгізуге әзірміз бе?

223 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Каспий теңізі жағалауында итбалыққа тас лақтырған балаларды мысалға келтіріп, орта білім бағдарламасына өскелең ұрпаққа экологиялық білім беретін жаңа пән енгізуді тапсырды. Жаңа пән жаңа оқу жылында енгізіле ме? Оқулық дайын ба? Бұл пәннен кім, қандай мұғалім сабақ береді?

Нәтижеге жету жолы жетерлік

Осы сауалдарды Білім және ғылым министрлігіне жолдағанымызда, аталған ведомство Президент тапсырмасының орындалуы туралы тарқатып айтуға әзірге ерте екенін жеткізді. Әйтеуір, ертең тапсырманың орындалуын талап еткенде асығыстыққа ұрынып, сапасыз оқулық шығаруға алып келмесе болғаны.

Әрине оқулық әзірленіп, мектеп бағ­дарламасына енгізілетіні анық. Бірақ осы арада бір сұрақ туады: «Жаңа пән жаңа білім бере ме, әлде мектептегі пән­дердің экологияға қатысты тақы­рып­тарынан құралған оқулық болып шыға ма?». Президент бастамасының іске асу нәтижесі де осы сұрақтың жауабы­нан көрінетін секілді. Егер құрама оқу­лық болса, онда оған арнайы сағат бөліп, онсыз да көп пәндердің қатарын кө­бейткенше, барлығында болмаса да бірнеше пәнге кіріктіріп оқытуға болатын дүние шығаруға болмас па... Мектепте бастауыш сыныптарға 40 жыл сабақ беріп зейнетке шыққан мұғалім Айнагүл Еркінбекқызы осындай ой айтты.

«Біздің кезімізде табиғаттану деген пән болды. Сол сабақта балаларды табиғатпен таныстырып, қоршаған ортаны қорғауға баулитынбыз. Немерелерді оқытқаннан білемін, қазір мектеп оқушылары онсыз да пәндердің және соған сәйкес оқу жүктемесінің көптігінен, бағдарламаның ауырлығынан қиналып жүр. Оған тағы бір жаңа пәнді қоссақ, одан сайын миы ашиды. Оның үстіне бір пән­ге сағат бөлуден гөрі мектеп бағ­дар­­ламасында оқытылып жатқан пәндерге сағат қосқан тиімдірек. Өйткені эко­ло­­гия барлық салада бар, оның аясын тарыл­­тып, бір пәнге сығымдап қоймаған жөн.

Айталық, музыка пәнінде табиғат ана, қоршаған ортаны қорғау туралы ән айтуға болады. Ал бизнес туралы жаңа пәнде қоқыс қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын кәсіп түрлерін сөз етсе, химия пәніне химиялық заттардың ауаны қаншалықты ластайтынын зерттейтін тақырып қосқан жақсы», дейді зейнеткер-мұғалім. Негізі бұл ой шетелдік білім беру жүйесіндегі жаңа үрдістің талабына сай келеді. Қазіргі таңда білім мен ғылым саласы озық дамыған елдер мектеп бағдарламасындағы пәндер санын қысқартуды қолға алып жатыр.

Басты пәндерге басымдық бері­леді де, қалған пәндер бағдар­ла­мадан алынып тасталады. Десе де, қысқарту кей пәндерді мектеп бағдарламасынан мүлде алып тастаумен ғана жүзеге асырылмайды. Ұқсас пәндерді біріктіру, тақырыптарын кіріктіру арқылы да қысқартуға болады. Оның бір үлгісін кезінде Елбасы Н.Назар­баев та (2017 жылы сол уақыт­тағы Білім және ғылым министрі Ер­лан Сағадиевке 5 күндік білім беруге көшу үшін оқуды ұзартпай, пән­дерді қысқарту керегін айт­қан) ұсынып, нәтижесінде қазақ тілі мен әдебиеті бір пән, бір оқулық болып шықты.

Түптің түбінде біз күткен нә­ти­же – табиғатты, Жер-ананың ри­зығын қорғауға қабілетті ұрпақ тәр­биелеу. Осы нәтижеге қол жет­кізудің жалғыз жолы пән енгізу ғана ма?

 

Экологиялық білім балаларға ғана керек пе?

Иә, Мемлекет басшысының мемлекеттік саясат биігінен көз­деген мақсаты өскелең ұрпаққа эко­логиялық тәрбие мен білім беру екені анық. Бұл мақсатқа бір ғана жаңа пән енгізумен қол жет­кізу мүмкін емес. Жо­ғары­­дағы тәжірибелі педагог айт­қан­дай, балалардың бойын­да экологиялық мәдениетті қалып­­тастыру тақырыбы мектеп бағдар­ламасындағы бірқатар пәнге кіріктірілсе, жаңа бастама лайық­ты нәтиже көрсететіндей. Алайда бірнеше пәнге жаңа тақырып қосу үшін жүйелі түрде арнайы оқу-әдістемелік кешен әзірлеуге тура келеді. Оның мазмұны қан­шалықты бай болса, өмірде қолдануға болатын білімнің қоры да соншалықты мол болмақ. Мұн­дай маңызды жұмыс шын мәнінде басталып та кетті.

Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму жөніндегі бағдарламасы аясында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен елімізде экологиялық мәдениетті насихаттау жобасы өз жұмысын бастады. «Білім берудің инновациялық мүмкіндіктері мен модернизациясы: елдің тұрақ­ты дамуы үшін экологиялық мә­дениет жолында» атты жаңа жоба­ның кеңесші-сарапшысы Гүлнар Құсиденова: «Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның лас­тануы және басқа экологиялық мәселелер қазіргі заманның басты проблемаларының біріне айналды. Бұл шешуші саяси әрекетті ғана емес, көптеген адамның мінез-құлқын өзгертуді де қажет етеді. Білім – балаларда, жастарда және ересектерде қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырудың ең жақсы құ­ралы. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру жобасы аясында­ балабақшадан университетке дейінгі үздіксіз экологиялық бі­лім берудің кешенді моделі жасалады. Онда жерді тозып кету­ден қорғау, суды, энергияны үнем­деу, биоалуантүрлілікті сақ­тау, ауаның сапасы, тұрмыстық қат­ты қалдықтарды бөлек жинау жайы қарастырылады. Бұл модель еліміздегі мектептерге жа­ңадан енгізілгелі жатқан эко­­логия пәні үшін негіз бола алады», дейді. Демек, пәнге, бі­лім мазмұнына негіз болатын­ жүйелі жоба әзірленіп жатыр екен. Бірақ оның сұлбасы әлі дайын болмағандықтан, жа­ңа пәнге негіз болады деу қиындау. Дегенмен сарапшының үздіксіз экологиялық білім беру туралы толғамы көңіл қоюға тұрар­лық. Себебі экологиялық білім тек оқушыларға ғана емес, ба­ла­бақ­ша тәрбиеленуші­лері­не, сту­денттерге, барлық іздену­шіге қа­жет. Және эко-са­рап­шының ойын­ша, балалар мен жастарда ғана емес, жалпы ересектерде де экологиялық мәде­ниет қалып­тастырудың ма­ңыз­дылығын еске­руі орынды. Өйткені отырған жеріне шақ­қан шемішкесін, жануарлар мен құстар су ішетін өзен-көлге босаған бөтелкесін тастап кете беретіндер – балалар емес, көбіне ересектер.

1

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

 

Өзі оқымаған адам өзгені қалай оқытады?

«Эком» қоғамдық бірлесті­гінің жетекшісі Светлана Моги­люк экологиялық білім беру саласындағы 90-жылдардан бергі ауқымды тәжірибесіне сүйеніп, сапалы оқулықтың 2 айда дайын болмайтынын жеткізді. «Мектептерге экологиялық бі­лім беретін арнайы пән керек. Педа­гогика саласында 20 жылдан аса уақыт еңбек еттім, сондықтан білім бағдарламасын да, жаңа оқулықты да ендігі қалған екі айда жаңа оқу жылына әзірлеу мүмкін емес екенін айта аламын. Мен жоғары оқу орнында сабақ берген кезімде «Тұрақты даму экологиясы» деген пән болды. Осы пән университеттегі барлық мамандықта оқытылды. Қазір бұл пәнді таңдау бойынша ғана оқытады. Бұл пән негізі кез келген саладағы мамандарда экологиялық проблемаларды шешу, ең болмаса мәселелерді болдырмау қабілеттіліктерін қалыптастыратын еді. Ең алдымен осы жүйені қалпына келтіру керек. Біз тұрақты даму үшін экологиялық білім беруіміз керек», дейді С.Могилюк.

Эко-белсенді педагогтің ұсы­нысында жүйелілік бар секілді. Себебі біз арнайы оқулық әзір­леп, жаңа пәнді мектеп бағдар­ламасына енгізгенімізбен, оны­­ оқы­татын маманды қай­дан­ табамыз? Мектептегі пән­дер­­ге экологиялық білім бере­тін тақырыптарды қосу керек дейміз. Оны алдымен өзі оқы­маған адам қалай өзгеге оқы­тады? Сол себепті бірінші маман даярлануы керек-ақ. Әйт­песе дене шынықтыру пәні мұ­­ға­лі­мінің биология пәнінен са­бақ бергеніндей тірлік болып шығады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған экологиялық мәселелерге қа­тысты дөңгелек үстелде ресей­лік экоблогер Роман Саб­лин сол­түстіктегі көрші елде құрылған эко­логиялық білім беретін онлайн-мектептерде қазақстандық балалардың оқып жатқанын айтты. Бұл дегеніміз – еліміздегі балалар экологиялық білімді сырт­тан алып жүр деген сөз. Яғни Қазақстанда экологиялық білімге сұраныс бар. Ал сұраныс қашанда қанағаттандырылуы қажет.

 

Соңғы жаңалықтар

Бақытын «Баян сұлудан» тапқан

Аймақтар • Бүгін, 07:44

Полковник ханым

Руханият • Бүгін, 07:41

Әлихан және Алаш аңсары

Руханият • Бүгін, 07:38

Теріскейдің Самалы

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар