Руханият • 04 Тамыз, 2020

Бисеновтер тағдыры

1827 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Бұл әулеттің басына бақ та қонды, қара бұлт та үйірілді. Арғы бабасы – заманында 12 мың жылқы біткен, Кіші жүздегі байтақ Байұлының бас старшыны атанған Есенгелді тархан Жанмырзаұлы. Жанмырзадан тараған Итемген, Сүтемген ұрпақтарының ішінен де талай мықты шыққан екен. «Далалық Ромео мен Джульетта» атанған Бекей мен Мәуләнаның тағдырын 1833 жылы осы аттас повесіне арқау еткен орыс жазушысы Владимир Даль ол шығармасын 1845 жылдары француз тілінде Парижде жариялап, Есенгелді бай мен оның ұлы Бекейдің арасындағы трагедияны әлемге паш еткен екен. Оның өзі жеке мақаланың тақырыбы...

Бисеновтер тағдыры

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Жер атауындағы тарих

Тайпақ өңірінің әр нүктесінде талай тарихи оқиға болыпты. Сұлтан мен Жаманқұдықтың арасындағы Мамай-Сарыбас көне қонысы жергілікті асан-таналардың атажұрты екенін кейін ес­тідік. Біз сөз еткелі отырған тұлға­лар­дың арғы атасы Бисен Сатыбалдыұлы осы жердегі көне қорымда жерленген екен.

ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан тұңғыш қазақ дәрігерлерінің бірі Бақтығали (Бақыш) Бисеновтің ұлы, Ұлы Отан соғысында Власов армия­сының сапында неміс тұтқынына түсіп, концлагерь азабын тартқан, елге келген соң кеңес соты 25 жылға тағы соттаған, Ста­лин өлген соң ғана азат болған Мақа­бай (Махмуд) Бақышұлы 1965 жылы осы Мамай-Сарыбасқа елдегі ағайын­дары Қаби, Нәдір Сейітбаевтар мен Ай­мырза Жұмағалиевті ертіп келіп, арнайы дұға қылған екен. 1955 жылы ақта­лып, түрмеден босағанымен, елге келуге бата алмай, қалған өмірін Жезқазған қаласында өткізген азаматтың жан дү­ние­сіндегі сезімді біз жеткізе алмас­пыз. Бірақ осы оқиғаның ортасында болған Ғалымжан Ғұмаров ақсақал сол кезде пайғамбар жасына жеткен Мақабай ағасының атакүлдік топырағын уыстап, жас баладай егіліп жылағанын айтатын...

Тайпақтың Базартөбесінде, Жайық өзенінің жағасында ел-жұрт Бәлністөбе деп атап кеткен мекеннің бір кездері Бақтығали Бисенов аурухана ашқан киелі топырақ екенін де кейін білдік.

Бисеновтер әулетінің шежіресі былайша жіктеледі: Кіші жүз – Байұлы – Сұлтансиық – Тана – Асан – Тілеу – Жан­мырза – Итемген – Қыдырбай – Бекболат – Сатыбалды – Бисен. Бисеннен – Мейір­ман, Нұрғали, Ізни (Ізімғали), Ораз, Еспан, Бақтығали, Ақкенже атты алты ұл мен бір қыз дүниеге келген.

 

Бақтығали

Бисеновтер әулетінің ішіндегі ең таны­мал, атақты тұлға Бақтығали Бисе­новтің өмір жолын Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы Әлихан Хам­заұлы Досаханов ағамыз жете зерттеген. Орал, Алматы, Нұр-Сұлтан, Сара­тов (Ресей) қалаларындағы мұрағат­тарда тапжылмай отырып, қысқа ғұмы­рында қыруар шаруа тындырған Бақ­ты­ғали Бисенов туралы жазылған ғалым мақаласы биыл жарық көретін «Тұң­ғыштар: Алаш дәрігерлері» атты қос­томдық жинаққа кіреді екен.

«Бисенов Бақтығали (Бақтыгерей, Бақ, Бақыш) 1889 жылы 24 тамызда Орал облысы Ілбішін уезіне қарасты Қызылжар болысының №5 ауылында дүниеге келген. Сауатын болыстық орыс-қазақ мектебінде ашқан Бақыш кейін қалалық Романов училищесінде оқиды. 1901 жылы Орал әскери реалды училищесіне түсіп, 1909 жылы оның толық курсын тәмамдайды. Осы жерде тағы бір жыл оқып, училищенің қосымша курсын да бітіреді. Бақтығали Бисеновтің студенттік жылдары бірінші орыс төңкерісімен және «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы саяси акцияларымен тұспа-тұс келді. 1905 жылы қараша айында Орал қаласында 5 облыс қазақтары делегаттарының қатысуымен сиез өтті. Б.Қаратаев, Б.Бақыткереев сын­ды сұлтандар мен Санкт-Петербург медицина академиясының студенттері Х.Досмұхамедов, Н.Ипмағамбетов және басқаларының құрылтайшылық етуімен Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы құрылып, оның баспасөз органы – «Фикер» (Пікір) газеті ашылды. Осы кадеттер партиясының белсенді қолдаушысы ретінде Бақтығали Бисенов жандармерияның назарына ілінді», деп жазады Әлихан Хамзаұлы.

1910 жылы жазда Бақтығали Бисенов пен досы Ғұмар Есенғұлов Мәскеу Импе­раторлық университетіне құжат тапсырады. Бірақ олардың құжаты Николаев Императорлық университетіне (қазіргі Саратов мемлекеттік университеті) жолданады. Сөйтіп Бақтығали Бисенов 1910 жылы 4 қазанда Николаев универ­ситетінің студенті атанады. Бірінші дү­ние­жүзілік соғыстың әсерінен медицина факультетіне 1910 жылы түскен талапкерлер 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында жеделдетілген курстан өтуге мәжбүр болады. Осылайша, Б.Бисеновке 1917 жылғы 29 қараша күні «Емші» (лекарь) куәлігі беріледі. Кейін, 1924 жылы Бақтығали өзі оқыған университетке қайта оралып, жоғары білімді терапевт және дермато-венеролог дәрігер екендігі жазылған №2339 диплом куәлігін алады.

Бақыш еңбек жолын 1917 жылы Орал облысындағы ХІІІ Қызылқоға ауыл­дық дәрігерлік бөлімшесінің дәріге­рі болып бастаған. 1917-1920 жылдары Халел Досмұхамедұлы және Жаһан­ша Дос­мұхамедұлымен бірге Күн­батыс Алашорда қызметіне белсене ара­ла­сады. Өзі қатысып қоймай, інісі Ізниді (Ізімғалиді) және қос немере ағайыны – Ишанғали Бисенов пен Ізеп­қали Бисеновті де осы жолға тартады. Осылайша, Орал реалды училищесінің түлегі Ишанғали Бисенов Жымпитыдағы Ойыл уәлаятының прапорщиктер мек­тебін бітіріп, штаб офицері болып қыз­­мет етсе, Ізепқали Бисенов Ойыл юнкер­лер мектебін бітіріп, Алаш пол­кінде жүздік басқарған. Бақыштың өзі Күн­­батыс Алашорданың болыстық және уездік жер бөлімдерін ұйымдастыруға атсалысқан.

Большевиктер жеңіп, Алашорда таратылған соң Бақтығали Бисенов Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлімі құрамында дәрігер болып жұмыс істеді. 1920-1921 жылдары Калмыков уезінің денсаулық сақтау бөлімін басқарды. Уезде 120 мың адамға қызмет көрсететін 5 дәрігерлік бөлімше, 10 фельдшерлік бекет болатын. Азамат соғысынан кейін­гі қиын, жұқпалы аурулар өршіп тұрған жылдар еді бұл. Бақыштың өзі 1921-1924 жылдары осы уездегі Байғұтты бөлім­шесінде дәрігер болды.

1925 жылы Жымпиты уезіне санитар дәрігер болып ауысқан Бақтығали 1926 жылдан 1928 жылдың маусымына дейін Жымпиты ауруханасының меңгерушісі болды. Осы жылдың тамыз-желтоқсан аралығында Тайпақ аудандық ауруханасын басқарды. 1929 жылы Орал қаласындағы кеңестік партия мектебі ауруханасының дәрігері, 1930 жылы 15 шілдеде Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің емдеу-профинспекторы атанады. 1934 жылы Мәскеу қаласында дәрігерлердің білімін жетілдіру курсында оқып, келген соң Тайпақ ауданы Базартөбе бөлімшелік ауруханасының меңгерушілігіне тағайындалады.

«Батыс Қазақстан облыстық мұраға­тында 10 төсектік Базартөбе аурухана­сының есептік құжаттары сақталған», деп жазады Әлихан Досаханов. «Төрт ауыл тұрғындарына қызмет көрсеткен аурухана кешені бас ғимараттан, дәріхана мен моншаға арналған қосымша құрылыстан және дәрігерлерге арналған үш шағын үйден тұрған. Аурухана құзырындағы

1 га жерге бақша, 1 га жерге картоп егілген. Ауруханада бір тарантас арба болған, бірақ оған жегетін ат жоқ, сірә өгіз же­гіл­се керек. 1934 жылғы амбулатория есе­біне қарағанда, аурухана сол жылы 282 күн жұмыс істеп, 3019 науқасты қабылдаған».

1937 жылдың басында Б.Бисенов Жымпиты аудандық ауруханасына жібе­ріледі.

«Бисенов Бах Бисенұлы 1890 жы­лы Тайпақ ауданының №3 ауылында туған, қазақ. 1937 жылы 10 қыр­күйек­те тұтқындалған, сол кезде Жым­пи­ты посел­кесінде тұрған, аудандық ауру­ха­­­нада дәрігер. 1938 жылғы 15 ақ­пан­да Ішкі істер халық комиссариаты бас­қармасының (УНКВД) Батыс Қа­зақстан облысы бойынша үштігі ату жазасына соттаған. Батыс Қазақстан облыс­тық соты президиумының 1958 жылғы 14 мау­сымдағы қаулысымен ақталған» – Батыс Қазақстан облысының мұрағаттар басқармасы шығарған «Азалы кітап» жина­ғындағы сараң жолдар осылай сыр шертеді.

«Бақтығали Бисеновтің ісін жүргізген тергеуші «алашордашы» деп айыпталып, атылып кеткен қос «куәнің» тергеудегі жауабына сүйеніп, оған «контр­рево­люциялық ұйым мүшесі» деген айып тағады. Куәгерлермен жүздестіру, жауап­ты тексеру болмаған. Бақыш тергеуде ешкімді көрсетпеген. 5 желтоқсан күні қағазға түскен айыптау қаулысындағы ең «әшкерелеуші» сөйлем – «Алашорда үкіметі мүшелерінің арасында беделі жоғары болды» деген болыпты. Соған қарамастан Бисеновке үштік әуелі 10 жыл түрме жазасын кескен. Алайда 1938 жылғы 15 ақпанда ол қаулы бұзылып, ату жазасына ауыстырылған. Үкім 1938 жылғы 19 ақпанда 21 сағат 15 минутта орындалған», деп жазады Әлихан Досаханов.

 

Бақтығали балалары

Әрине, «халық жауының» балалары­ның тағдыры оңай болған жоқ.

Бақтығали Бисенов тұтқындалған кезде оның отбасында әйелі Жәнша шиет­тей бес баламен қалған екен. Тұңғышы Махмуд – 17 жаста, Мәжит – 12-де, Зей­неп – 9-да, Әнуар – 4-те, ал Роза 1 жаста болыпты. Мәжит пен Әнуар көп кешікпей шетінеп кеткен.

Махмуд Бақышұлы Бисеновтің ауыр тағдырының шет жағасын жоғарыда айтып өттік. 1918 жылы дүниеге келген Махмуд 1940 жылы Қызыл әскер қата­рына алынады. 1941 жылы неміс тұт­қынына түсіп, еріксіз Түркістан легионында қызмет етеді. 1948 жылы 24 шілдеде Түркістан Әскери округінің трибуналы әйгілі «58-бап» («отанға сатқындық») бойынша 25 жылға соттайды. «Мақабай (Махмуд) Саратов техникумын инженер-механик маман­дығы бойынша бітірген, оның түбіне «Американың студобеккері болмаса, немісті жеңер ме едік» деген бір ауыз сөзі жеткен екен деген әңгімені туысы Ғалымжан Ғұмаров ақсақал айтатын. Махмуд 1955 жылы түрмеден боса­ғанымен, елге қайтпаған. Жезқазған облы­сында құрылыс саласында қызмет етіп, 1980 жылдары дүниеден өткен.

«Бақыштың әйелі Жәнша Орал қаласындағы былғары шикізат комбинатында тігінші болды. Кішкентай қара кемпір еді. Қыздары Зейнеп пен Роза қолында болды» дейтін Ғалымжан ағай.

1929 жылы туған Бақышқызы Зейнеп Орал қаласында тұрып, ұзақ жыл «Ек­пінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі» газе­тінде аға корректор болып қызмет етіпті.

Бақтығали Бисеновтің кіші қызы Роза Бисенова әке жолын қуып, 1962 жылы Қазақ мемлекеттік медицина инс­ти­тутын бітірген. Ұзақ жыл Қара­ғанды облы­сы­ның Жаңаарқа ауданында дәрі­гер педиат­р болып қызмет еткен Роза Бақышқызы бірнеше орден-медальмен марапатталған. Бүгінде Нұр-Сұлтан қала­сында тұратын Роза апай әке мұрасын, үлгілі еңбегін үзбей насихаттап жүрген ұлағатты ұрпақтың бірі.

 

Ізімғали

Бисенов Ізни (Ізімғали) 1897 жылы туған. Мәскеудегі Тимирязев ауылша­руа­шылық академиясын 1935 жылы бітір­ген. Жоғары білімді агроном. Ол 1937 жылы тұтқындалғанға дейін Мирзоян (қа­зіргі Тараз) қаласында аудан­дық жер бөлімін басқарған екен. 1937 жылы 3 қыр­күйекте (Бақыш ағасынан бір апта бұрын) тұтқындалған Ізниге әйгілі 58-бап бойынша айып тағылып, 1937 жыл­дың 28 қараша күні 10 жылға сотталады. Оған да «контррево­люцияшыл, ұлт­шыл Алашорда үкіметінде, троцкистік-дивер­сиялық ұйым­да қызмет еткен» деген жала жабыл­ған. Ғалым Әлихан Досаханов Ізни Би­­сеновтің Амур темір­жол лагерінің 10-бөлім­­­шесінде жазасын өтеп жүріп, 1938 жылы 12 қазанда қаза тапқанын анық­­таған.

Ізни Бисеновтен қалған екі бала да ғылым жолын қуыпты. 1925 жылы туған Хамит Бисенов тарих ғылымдарының канди­даты болса, 1927 жылғы Мая Бисе­нова – медицина ғылымдарының кандидаты атанған.

Жазушы Зәкір Асабаев өзінің «Мақ­та­аралдың мақтаныштары еді» мақа­ласында Ізни Бисенов пен балалары туралы былай деп жазады:

«Батыс Қазақстандағы Тайпақ ауда­нының тумасы Ізни Бисенов жөнінде оның Алматыда ұзақ жыл ғұмыр кешкен ұлы, тарих ғылымының кандидаты Хамит Бисенов (марқұм) көп айтатын. Айт­қанда, әртүрлі жауапты қызмет істе­ген әкесінің Жамбыл облысында жер қа­тынастары басқармасын басқарып тұр­ғанда халық жауы боп ұсталып, атылып кеткенін, анасы, қарындасы үшеуі үш жақта жү­ріп, 1950 жылдарда ғана Алматыда та­быс­қандарын, ха­лық жауының баласы ретінде көрген қорлықтарын көз жасын төге отырып әңгімелейтін. Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы Хамит тек әкесі ақталған соң ғана тарихтан, қарындасы Майя медицина саласынан кандидаттық диссертация қорғады. Жастай жабысқан дерт әсерінен екеуі де өмірден ерте өтті.

...Мақтаарал жерінде ізі қалған Ізни Бисеновті сондағы ел-жұрт біле жүру үшін әдейі еске алып отырмыз...»

Белгілі ғалым әрі Бисеновтердің ауылдасы Ханғали Сүйіншәлиев 1945 жылы жетім бала Хамит Бисеновті Алматыға әкеліп, ҚазМУ-ға түсіргенін, ол кейін ғылым кандидаты болып, Қазақ КСР Ғылым Академиясы тарих институтында жұмыс істегенін жазады. Хамит 1975 жылы ауырып көз жұмған.

 

Нұрғали

«Бақтығалидің ағасы Нұрғали  ауқат­ты шаруа еді, 1929 жылы сотталып, мал-мүлкі тәркіленген. 1944 жылы өмір­ден өтті» деп жазады Әлихан Досаханов.

Бисеннің үлкен ұлы Мейірманның немересі Ғалымжан Ғұмаровтың айтуына қарағанда, Нұрғали Базартөбеде інісі Бақтығалидің малын баққан. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу науқанында Нұр­ғали Көк­шетау облысына жер ауда­рылған.

«Ол кезде Базартөбе аудан орталығы екен. Бақыш Бисенов байларды тәркілеу, колхоздастыру саясатына қарсы болған. Жергілікті байлар «Совет малымызды кәмпескелеп алып жатыр, қалай күн кө­реміз?» деп ақыл сұрай келгенде: «Бұл саясат дұрыс емес. Байдың малын кедейге берсе, олар жеп қояды. Байдан тәжі­рибе алу керек, сосын барып үлестіру керек», деген. Сол үшін сотталған», дейді Ғалым­жан Ғұмаров.

Нұрғали Көкшетаудан соғыстың алдында Орал қаласына қайтып келе­ді. Сөйтіп қаланың Ет комбинаты аума­ғында тұрған. Ұлы болмаған, Іңкәр, Ғази­за, Ғапура және Разия деген төрт қызы бол­ған. Ғалымжан ағайдың айтуынша, үлкен қызы Іңкәр – Қамыс-Самар уезінде милиция бастығы болыпты.

Нұрғали қыздарының ішінде 1914 жылы туған Ғазиза Бисенованың тағды­ры ерекше. Өте сұлу әрі білімді Ғазиза талантты әнші болған, Орал қаласын­дағы музыкалық драма театрында қыз­мет еткен. Алғашқы күйеуі Сағит Құдай­бергенов – «Екпінді құрылыс» газетінің бөлім меңгерушісі болған екен. Ол Ұлы Отан соғысында қаза тапқаннан кейін Алматы қаласына қоныс аударады. Әншілік өнеріне қоса Ғазиза Нұрғалиқызы машинканы шебер басқан. 1953 жылы «Үгітші блокноты» журналында қызмет етіп жүрген Ғазизаны әйгілі Мұхтар Әуезов көріп, өзіне жұмысқа шақырады. Сол жылдың маусымынан бастап 1961 жылға дейін Ғазиза жазушы шығармаларын қағазға түсіреді. Бұл кезеңде Әуезовтің «Абай» эпопеясының соңғы кітабы, «Қарагөз» трагедиясының жаңа редакциясы, «Төлеген Тоқтаров» операсының либреттосы, «Дос-Бедел дос» драмасы, «Үндіс­тан очерктері», «Әр жылдар ойлары», «Өскен өркен» романы, т. б. көптеген шығармасы Ға­зи­за­ның қолымен машинкамен басылған. 1960 жылы ақпанда Мұхтар Әуе­зов өз күнделігінде: Бүгін «Төлеген» опера­сы­ның либреттосын жаздық. Ғазиза басты, мен ауызша айттым», деп жазған екен.

Ғазиза Бисенова 1971 жылы қазақ­тың тағы бір классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің жары атанған. Сол кезде Алматы қаласында болған Ғалым­жан Ғұмаров Ғазиза апасына құда түсуге Ғабит­пен бірге Ғарифолла Құрман­ғалиев, Сәбит Мұқанов, Берқайыр Аман­шин және Құбыш Мұхитов келгенін жыр қылып айтатын. Бүгінде Кеңсай зиратындағы Ғабит Мүсіреповтің қабірі қасында соңғы жары Ғазиза жатыр.

Нұрғалидің Разиясы мен Ғапурасы да Алматыда тұрған. 1922 жылғы Разия «Үгітші блокнотында» машинкашы болса, Орал пединститутының физика-математика факультетін, кейін Алма­ты консерваториясын бітірген Ғапура Бисенова осы консерваторияда ғылы­ми жұмыстар жөніндегі проректор дәре­жесінде ұзақ жыл қызмет етіпті. Танымал музыка зерттеушісі. «Халық жауы­ның тұқымы» деген атақ оны да маңайлаған көрінеді. Ғалымжан Ғұмаров ақсақалдың айтуынша, Ғапура Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде нұсқаушы болып жүрген қызметінен дәл осы себеппен шеттетілген. Ғапура қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы шахматшылардың да бірі.

 

P.S. Бисеннің Ораз бен Еспан деген балалары жастай қайтыс болған. Ал Мейірманы патша заманында білім алып, мұғалім болған. Тарихшы Жәнібек Исмурзин Мейірман Бисеновтің Қызылқоға ауданындағы Қаракөл мекте­бінде ұстаздық етіп жүргенде 1911 жылы дүниеден озғанын жазады. Көзі ашық қазақ мұғалімінің мақалалары сол кездегі қазақ газеттерінде жария­ланып тұрған екен. Міне, заманында өз қатарының алды болып, балаларын оқытып, білімге баулыған Бисен қарттың ұрпақтары туралы әңгіме осындай.

 

Батыс Қазақстан облысы