Тарих • 04 Тамыз, 2020

Жауынгер тағдыры

406 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында ауқымы, адам шығыны және басқа да жақтарынан алып қарағанда Екінші дүниежүзілік соғыстан асатын алапат соғыс жоқ шығар. Осы бір қан-қасап соғысқа қатысып, Жеңісті жақындатқандардың бел ортасында Сарыбаевтар әулетінің ұландары да болды.

Жауынгер тағдыры

Ағалы-інілі Матжан және Әбен Сары­баевтар 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған болатын. Ә.Сарыбаев Сталин­град қаласындағы шайқаста 1943 жылы қаза тапты. Матжан да батылдықпен шайқасып, ерлік көрсетті. Сарыбаевтардың Жосалы кентінде (Қызылорда облысы) тұратын әпкесі Мариям да тылда аянбай еңбек етті. Ол кісінің жалғыз ұлы Үсенбай да соғысқа қатысты.

Менің әкем Матжан 1943 жылы шілде айында Воронеж қаласында аяғынан жараланады. Содан емделіп шығып, майданға қайта оралып Кеңес Одағын фашистерден азат етті. Одан кейін Польша да болды. «Варшаваны алғаны үшін» медалімен марапатталып, Берлинге майданға аттанды.

1945 жылы 27 сәуірде 317-атқыштар полкі «Отан үшін» ұранымен Берлин аумағында шайқасқа кіріседі. Сол шайқаста әкем Матжанның қасында жүгіріп келе жатқан әскер құлап қалады. Әкем сол солдатты он бес метрдей жерге сүйреп апарады. Қараса – бұл солдат жарақат алған жауынгер досы Тошмот екен. «Қазір сені медбикелер алып кетеді. Саспа» деп айтып үлгергені сол-ақ екен, жаңағы әскер құлаған жерге немістің снаряды келіп түседі. Егер әкем сол уақытта Тошмотты құлаған жерінен алып кетпегенде ол тірі қалмас еді.

Әкем әрі қарай майдан ортасына аттанды. Шайқастың соңында әкем іші мен сол аяғы жарақаттанады. Қанша ем алса да сол аяғында оқтардың ұштары қалып қойды.

ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Берлинді алғаны үшін» медалі, Сталиннің Алғыс хаты әкеме Энгельс қаласында (Ресей) әскери госпитальде жатқанда тапсырылады. Біраз уақыт өткен соң әкемді Самарқандағы эвакуациялық әскери госпитальге ем алуға жібереді.

Әкем 1946 жылы госпитальден шығып, Қазақстанға қарай жол жүру үшін вокзалда отырса, жанына бір тақия киген өзбек кісі келіп: «Матжан ака, бұл сіз бе? Тірі екен­сіз ғой», – дейді қуанышын жасыра алмай. Қа­раса, кезінде Берлин аумағындағы шай­қас­та құтқарып қалған Тошмот ака болып шығады.

Содан не керек, ол кісі әкемді қоярда қоймай қонаққа шақырып, өзінің әкесі қайтыс болғанын, анасы жалғыз ұлын құтқарып қалған жігітті тосып, көргісі келіп жүргенін айтады. Сол соңғы шайқастан кейін Тошмот ака әскери госпитальде емделіп шығып, комиссиядан өте алмай, «әскерге жарамайды» деген қағазбен ауылына келген екен.

Досының үйінде бір-екі күн қонақ болған әкем Қазақстанға қайтамын десе, Тошмот аканың шешесі жібергісі келмей, жылайды. Осылайша әкем өзбек отбасының екінші ұлы болады.

Жұмысқа орналасады, достары көбейеді. Көп ұзамай Тамды деген ауданнан қазақ қызы Тұрдыгүл Наурызбаеваны кездестіреді. Мамандығы – мұғалім. 1947 жылы Матжан мен Тошмот ака екеуі бір күнде үйленеді. Балалы-шағалы болып, бақытты, үлгілі отбасылар деген атаққа иеленеді. Сырттан көшіп келген қазақтар әкемнің қасына қоныс­танатын болған. Сөйтіп әкем тұрған көше «қазақ көшесі» деп аталып кетеді.

Менің анам Тұрдыгүл Наурызбаева өте сауатты, байсалды кісі болатын. Бос уақытында жұмыстан бөлек кеудеше, шұлық, қолғап тоқитын, құлақшын тігетін, кілемдер тоқи білетін, жалпы іскер болатын. Әділетсіздік орын алса, соны шешу үшін бар күшін салатын. Әлі күнге дейін қариялар бір оқиғаны еске алып отырады.

1948 жылы милиция қызметкерлері ештеңе түсіндірмей, әкемді ұстап әкетеді. Милиция бөлімі ешқандай түсінік бермейді. Көрісуге де рұқсат етілмейді. Анам үйге келе сала орыс тілінде «Москва. Кремль. Сталину» деп хат жазып жібереді. Әрине хат Сталинге жетпеген шығар, бірақ билік басындағылар келіп, мәселені шешуге кіріседі. Сол күні үйге милиционер әкемді ертіп келіп: «Бір түсінбеушілік болды, кешіріңіз. Мына қағазға «кешірім бердім» деп қол қойыңызшы. Ал екінші қағазға мына неміс-фашистерді жеңген күйеуіңізді қабылдап алдым» деп қол қо­йыңыз. Тағы да кешірім сұраймыз... Айып бізден», – деп милиционер үйден шығып кетеді.

Уақыт зымырап өте берді. Тошмот аканың анасы, кейін өзі де қайтыс болады. 1974 жылы әкемнің сол жағын паралич (сал ауру) ұстап қал­ды. Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүге­дегі санатынан І топқа ауыстыру керек болды. Қажетті құжаттар дайын болса да аудан­ның бас дәрігері орыс тілінде «голень», емес «колено» деген сөз бар. Соғыс уақы­тын­да дұрыс жазылмаған, өзгертілсін» – деп анам­ды қайтарып жібереді. Амал жоқ, анам жұмы­сы­нан сұранып, аудан орталығына барып, воен­коматқа жағдайды түсіндіріп, «мәтінде қате жіберілмеген» деген мөрін басқызып келеді.

Дегенмен бас дәрігер сонда да өз дегенінен қайтпайды. Сонда апам шыдамай өзбек жігіті – бас дәрігерге түсіндіру мақсатында былай дейді:

– Біріншіден, Отанды қорғау үшін барлық халық, соның ішінде жасы да, кәрісі де ұлтқа бөлінбей аттанды. Сол кезде бұл жарақат алған кісінің анықтамасын молдаван, чуваш, мордвин не басқа ұлттың қызы жаз­ған болар. Бірақ сол іс-жүргізу тек орыс тілін­де болғандықтан, дұрыс жазбай жіберуі мүм­кін ғой, екіншіден, барлық медбикелер жара­ланған солдаттарды керосин шамымен құтқ­арып, көмек берді. Олар да күні-түні ұйықтамай, аурулардың құжаттарын толтыр­ғанда дұрыс жазбай жіберуі мүмкін ғой, үшін­шіден, соғысқа аттанғандар, олардың болашақта балалары, немерелері жақсы, тыныш өмір сүрсін, оқысын, жақсы маман болсын, халықтың азаматы болсын деп қандарын төкті, өмірлерін қиды. Ал сіз, дәрігер «бюрократсыз», төртінші, сіз оқымысты болсаңыз да айтайын, орыс тілінде «голень» деген сөз бар, өзіңіз біздің үйімізге барып, бұл мүше мүгедектің, жалпы адам баласының қай жерінде екенін білуіңізге болады.

Бас дәрігер апамның айтқандарына қарсы ештеңе дей алмай, сол күні біздің үйімізге ақ халат киген медбикелерді ертіп келеді. Ақ төсекте жатқан әкемнің бас жағына тізерлеп тұрып: – Кешіріңіз, ака, шайтан жолдан тайдырды. Кешіріңіз, өтінемін, кешіріңіз» – деп қайталай беріпті.

Ертеңіне әкеме Ұлы Отан соғысының І топ­­тағы мүгедектігі туралы куәлігін өзі келіп қолма-қол табыстапты.

1976 жылы әкем «есің барда еліңді тап» демекші, өз туған жері – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентіне апаруды сұрайды. Әкемнің сөзі – заң! Көп ұзамай көп­ұлтты көшеде тұрған көршілер әкемді Қазақ­станға шығарып салды. Тошмот аканың бала­лары, туысқандары да қатысты. Темір жол вок­залында әкемді шығарып салу үшін жолдас­тары митинг ұйымдастырды. Ми­тингке соғыс ардагерлері, еңбек ерлері, достары келді. Барлығы жылы лебіздерін білдіріп шы­ға­рып салады. Қандай ауызбіршілік! Қандай дос­тық! – десеңізші. Вагон ішінде де Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагеріне барлық сый-құрмет көрсетілді.

Жосалыға келгенде бауырлары, туған-туыстары күтіп алып, барлық қамқорлық­тарын көрсетті. Менің апам – Тұрдыгүл Наурызбаева – әкем өмірден өткенше қасын­да күтушісі, бір сөзбен айтқанда, адал жары болды. 1983 жылы қыркүйектің 11-і күні 67 жасында әкем қайтыс болды.

Бүгінде атамыз Сарыбайдың ұрпақтары азаматтық жолдан таймай, ата беделін жоғары көтере өмір сүріп келеді.

Жеңіске жету үшін сонау 1943 жылы Сталинград түбінде Әбен Сарыбаев өз өмірін қиды. Жауды түбегейлі жеңу үшін Берлинге жеткен қазақтың жігіті Матжан, өзбектің жігіті Тошмот ака қандарын төкті. «Ер есімі – ел есінде» демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған ата-әжелер ерліктері ешқашан ұмытылмайды.

 

Мұхамед САРЫБАЕВ

 

Қызылорда облысы,

Қармақшы ауданы,

Жосалы кенті