Соңғы үш күнде Алматыда өтіп жатқан бокстан әлем чемпионаты экватордан асты. Сонымен, 13 күннен тұратын жаһандық жарыс марафонының 8 күні артта қалды. Мұнда сенбі-жексенбі күндері 1/16 финалдық шайқастар болып өтіп, дүйсенбі күні 1/8 финалдық ұрыстар басталып кетті. Бұл – енді бір қырдың астынан өткен соң медальдардың ауылы да көз ұшынан көрінеді деген сөз.
Соңғы үш күнде Алматыда өтіп жатқан бокстан әлем чемпионаты экватордан асты. Сонымен, 13 күннен тұратын жаһандық жарыс марафонының 8 күні артта қалды. Мұнда сенбі-жексенбі күндері 1/16 финалдық шайқастар болып өтіп, дүйсенбі күні 1/8 финалдық ұрыстар басталып кетті. Бұл – енді бір қырдың астынан өткен соң медальдардың ауылы да көз ұшынан көрінеді деген сөз.

Енді осы үш күннің көрсеткіштеріне шолу жасап өтейік.
19 қазан, сенбі
Бұл күні басталған екінші айналымның, яғни 1/16 финалдың іріктеу жекпе-жектеріне 49, 64, 75 және 91 килоға дейінгі боксшылар қатысты. Ал жарыс күнінің түндігін 49 кило салмақтағы біздің Біржан Жақыпов пен ресейлік Бэлик Галанов ашты. Аталған екі боксшы бір-біріне шын мәнінде лайықты қарсыластар еді. Өзінен 5 жас кішілігі бар қайсар жігітпен Біржан ұрыс тактикасын өте сауатты құрды. Әдетте ол бірінші нөмірмен ойнамайтын. Оған көбіне шабуылға шыққан бәсекелесінің ашылып қалған сәттерінде соққы беріп отыру үйреншікті қимыл еді. Мұны күтпеген Бэлик жүрісінен жаңылды. Бірінші раундта осылай басым түскен қазақстандық сол артықшылығын ұрыс соңына дейін сақтай білді.
Келесі, 56 килоға дейінгі салмақтағы Қайрат Ерәлиевтің румын Николае Андреанамен жекпе-жегі бұған қарағанда ауырлау өтті. Дегенмен, біздің бағланның жақын айқасқа бара бермей, қарсыласымен ара қашықтықты сақтай отырып, ұрыс салуы оның түптің түбінде жеңіске жетуіне басты тиек болды. Ол румынды алыстан жасқай ұра жүріп, ұпай қорын молайта берді. Мұнысын төрешілер де дұрыс безбенге салып отырыпты. Қайрат 3:0 деген есеппен жеңісті суырып әкетті. Біздің бұл күні рингке көтерілген құрамадағы ең жасы кіші саңлағымыз 75 килоға дейінгі салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы кешкі сессияда әзербайжандық Солтан Мигитиновпен ұшырасты. Айта кету керек, бұл осы күнгі ең қызуқанды айқастардың бірі болды. Қарсыласының алғашқы нөпір шабуылына төтеп берген Жәнібек өзіне қолайлы дистанция тауып алды. Сол қашықтықтан Солтанға жұдырық сілтеді де отырды. Құлаштап ұратын шамада тұрған ол бақталасын соққының астында қалдырды. Бірақ, жекпе-жектің соңында қарқынын төмендетіп алды. Соған қарамастан, оның басымдылығы айқын көрінді – 3:0.
Қалған салмақтарда да осындай тартысты шайқастар аз болған жоқ. Айталық, Куба өкілі Йосвани Вейтианың филиппиндік Марк Барригамен текетіресін сондайлардың қатарына жатқызған ләзім. Солтүстік Корея тарланы Чунг Ри АҚШ атлеті Лерой Дэвидті ұтып, мұхиттың арғы жағынан келгендердің азайып қалған қатарын бұрынғыдан да селдірете түсті. Пуэрторикалық Энтони Чакон Ривера мен венесуэлалық Рональд Леон ашық айқастың үлгісін көрсетті. Төрешілер 2:1 деген есеппен бұлардың алдыңғысын ұтты деп есептеді. 75 килоға дейінгілер арасында ресейлік Артем Чеботарев пен австралиялық Росс Вевердің жекпе-жегі де ерекше тоқталуға тұрады. Мұнда орыс боксшысының артықшылығы сәт сайын байқала берді. Шамасы, құрлық-мемлекеттің бапкерлері өз шәкірттерінің жайын ойласа керек, екінші раундта ортаға орамал тастады. 91 килоға дейінгі салмақта қазақстандықтарға жақсы таныс Филипп Хрговичтің шайқасына жұрттың бәрінің назары ауды. Хорват жігіті мұны анық байқады. Байқады да барын салды. Ол қытай атлеті Гуанминг Гуды еркін жеңді.
20 қазан, жексенбі
Бұл күнгі ең жарқын шайқастардың бірін Данияр Елеусінов көрсетті. Ол Багам аралдарынан келген Карл Хиелд есімді қарсыласын еркін жеңді. Сонымен бірге, қазақстандық атлеттің күшін көп сарп етпей, кейінге сақтап жүргені де анық байқалды. Бұдан кейін осы 69 килоға дейінгі салмақта ресейлік Александр Беспутин мен моңғол Тувшинбат Биамба арасындағы айқас ымырасыз күреске толылығымен ерекше есте қалды. Екі боксшы да аянған жоқ. Олар ұрыс біткенге дейін қайтпай шайқасты. Нәтижесінде төрешілер пікірлері екіге жарылды. Осы баға бойынша 2:1 деген есеппен жеңіске жеткен ресейлік келесі айналымға өтті. Осындай ауыр айқас венесуэлалық Габриель Маестре мен венгр Имре Башкаидің арасында да орын алды. Жеңіс жалауы бұлардың алғашқысына бұйырды. Ал кубалық Ариснойдис Диспайн өзінің турнирдегі екінші кездесуін де айтарлықтай жарқылмен өткізе алмады. Соған қарамастан, қазылар қауымы оны алжирлік Ильяс Аббадимен текетіресте басым болды деп есептеді.
81 килоға дейінгі салмақта хорват Хрвоже Сеп пен сириялық Али Госсаун арасындағы таласта да осындай келіспеушілік туындады. Төрешілер ұрыс тағдырын сириялықтың пайдасына шешіп бергенімен, қарсыласы бұған келіспейтін сыңай танытты. Ресейлік Беспутиннің жеңісті жолын оның командаласы Никита Иванов та жалғастырды. Ол түрік Авни Йылдырымды талассыз ұтты. Оның есесіне, бұл күні бірінші орыс боксшысы жарыс жолынан шығып қалды. Ол – Дмитрий Полянский украиналық аттасы Дмитро Чернякқа жол беріп қойды.
Бұл күні біздің жігіттерден рингке шыққан үш жігіт те жеңіс тойын тойлады. Осы қатардан жоғарыдағы Даниярдан басқа, 60 килодағы Берік Әбдірахманов пен 81 килодағы Әділбек Ниязымбетов те табылды. Рас, Беріктің Даниелито де ла Росамен айқасы өте күрделі жағдайда өрбіді. Сол себепті төрешілер біржақты бола алмады. Ал Әділбектің фин Вилле Хуккененді ұтқанына ешбір күмән болған жоқ. Біздің бағлан бұл жолы күшін жартылай ғана пайдаланғандай әсер қалдырды.
21 қазан, дүйсенбі
Кеше үшінші айналымға 58 елдің өкілі жеткені белгілі болды. Осы 1/8 финалдық айқастардың шымылдығын ашқан Біржан Жақыпов өзбек Хасанбой Дусматовпен ұстасты. Шайқас басынан аяғына дейін екі жақтың толассыз шабуылымен өрнектелді. Бұған биылғы ақпан айында Астанада өткен «Төрттік турнирінде» әндіжандық боксшының шымкенттік шарболатты соңғы раундта айқын басымдықпен жеңіп кеткені де себеп болған сияқты. Бұған қоса, Хасанбойдың үстіміздегі жылғы жазда Қазанда өткен Универсиадада чемпион атанып қайтқаны тағы бар. Содан болар, екі боксшы да бір-бірлеріне есе жібергілері келмеді. Дегенмен, текетірес барысында Біржанның бірер адым болса да ілгері тұрғаны байқалып қалды. Сөйтіп, ол қазақстандықтар үшін жеңісті жолдың басын бастап берді. Енді біздің боксшы 1/4 финалда Пуэрто-Рико атлеті Энтони Чакон Риверамен беттеседі.
Бізге келесі жеңісті 56 килоға дейінгі салмақтағы Қайрат Ерәлиев әперді. Ол мұның алдында өзбектің талантты боксшысы Шахриер Исақовты үлкен тартыс үстінде жолдан тайдырған қырғыз Омурбек Малабековпен қолғап түйістірді. Ұрыстың басында қарсыластар бір-бірін аңдып бақты. Олар орта және алыс қашықтықты ұстанды. Мұндай тактика қырғыз боксшысына көбірек қолайлы тиді. Мұның үстіне, Қайрат күтпеген жерден қабағын жарып алып, жанкүйерлеріне біраз уайым жегізді. Алайда, екінші раундтан бастап біздің оғланның қимылы дұрысталды. Енді ол осының алдындағы айқасындағы тактикасына көшіп, бәсекелесін алыстан ұрған соққыларымен төпелеуге көшті. Нәтижесінде ауып бара жатқан теңін жөндемге келтіріп, жеңісті тартып әкетті. Алайда, Қайраттың келесі қарсыласы өте қауіпті. Ол енді кубалық 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Робейси Рамиреспен шайқасады.
Алдыңғы ағаларының жеңісті жолын 75 кило салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы керемет жалғастыра білді. Мексикалық Хуан Меркадомен жұдырық сілтескен ол үш раунд бойы қарсыласынан басым түсіп отырды. Ұрыс кезінде Жәнібек қорғаныстың да, шабуылдың да тамаша техникасын көрсетті. Ал үшінші раундта оның ғаламат соққысынан қарсыласы ұшып түсті. Рефери сол мезетте мексикалықты дәрігерге апарды. Денсаулық сақшысы болса, боксшының бұдан әрі шайқасуына рұқсат бермеді. Бұл жеңіс оның келесі айналымда румын боксшысы Богдан Журатонимен ұшырасатынын анықтап берді.
Бұдан кейін 64 және 91 килоға дейінгі салмақтардағы боксшылардың кешкі сессиядағы өнерлерін тамашаладық. Бұлардың алдыңғы легінде шаршы алаңға шыққан Мерей Ақшалов доминикандық Карлос Адамсты 3:0 есебімен тізе бүктірді. Оның келесі кезеңдегі қарсыласы қырғыз Эрмек Сакенов болады. Оқырманның есінде болар, біз осыдан бұрын жазған есептеріміздің бірінде Мерейге тап осы жігіттің ықтимал қарсылас екенін айтып қалып едік, сол айтқанымыз айдай келді.
Өкінішке қарай, 91 кило салмақтағы Антон Пинчук өзбек Рустам Тулягановпен кездесуінде инициативаны да, жеңісті де қарсыласына беріп қойды.
Қазір сапынан шығын шықпаған бірде-бір құрама жоқ. Соның ішінде бір-бірден боксшысынан айырылған Қазақстан мен Куба алда тұр. Ал Ресей мен Өзбекстанның қатарынан үш былғары қолғап шебері жарыс жолынан шығып қалды. Командалар осындай жағдайда, ертең рингке 52, 60, 69, 81 және 91-ден ауыр салмақтарда 1/8 финалдық айқастарды аяқтайды. Сосын 23 қазан күні ширек финалдық жекпе-жектерге кезек келіп, медальдар ауылына аяқ басатындар анықталады. Содан соңғы күні боксшылар тыныс алып, 25 қазанда жартылай финалдық ұрыстарды өткізеді. Чемпионат 26 қазанда мәреге жетеді.
«Егемен Қазақстанның» әлем чемпионатындағы көшпелі редакциясы.
––––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Берсінбек Сәрсенов.