23 Қазан, 2013

Шәмшінің шәрбат әндері

770 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

01-шамши 1Кеше Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» атты ән фестивалінің ашылу рәсімі өтті.

Кеше Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» атты ән фестивалінің ашылу рәсімі өтті.

01-шамши 1

Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ, Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан республикаларынан осымен 4-ші мәрте өтіп отырған Шәмшінің ән байқауына қатысушы өнерлі өрендерге Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеу­ғали Қышқашбаев сәттілік тілеп, әнімен қаншама ұрпақ сусындаған ком­позитордың шығармаларын ұлықтау ісі мұнан да ұлғая түсетінін тілге тиек етті

Қазақстанның халық әртісі Ал­тын­бек Қоразбаев: «Шәмші ағамыз өткен ғасырдың елуінші жылдары қа­зақ халқының маңдайына біткен жа­рық жұлдызы, Жаратқанның ерекше сыйы деп білемін. Баяғы Біржан, Ақан, Кенендердің жалғасы – Шәмші ағамыздың әні бүкіл қазақ даласына кеңінен жайылып кеткені рас. Бұл байқау 90-жылдары басталған болатын. Шәкеңе арналған алғашқы шара өзі туып-өскен оңтүстігінде басталса, екі жылдан кейін Жамбылда, одан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап кете барды. Биылғы фестивальға 4-5 мемлекеттен орындаушылар ке­ліп қатысуда. Сондықтан қазылар алқа­сының төрағасы ретінде айтарым, мұн­да оң көз, сол көз деген нәрсеге жол берілмейді және де ондай бармақ бас­ты, көз қысушылық өнерде ешқашан болмауға тиіс дей келіп, ұсыныс айтты. «Жер-жерде Шәмшінің атын ұлықтауда қыруар іс-шаралар атқарылуда. Оған рахмет. Бірақ кейінгі өсіп келе жатқан жас өнерпаздарға бір нәрсе жетпейтін сияқты болып көрініп тұрады. Бұл – Шәмші Қалдаяқов атындағы мемлекеттік сыйлық» деді.

Расымен композиторға көрсетіліп жатқан құрметте шек жоқтай. Шымкент қаласындағы филармонияға есімі бе­ріл­ген, шырайлы шым қалада көшесі жатыр көсіліп, саябақта Қалдаяқов ескерткіші менмұндалайды, әсем Алматыда көшесі тағы бар дегендей, туған өлкесі – Шәуілдір ауылындағы композитор есі­міне ие музыка мектебінде сандаған шәкірт білім нәрімен сусындап өсуде. «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді. Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің шәмшітануға сіңіріп жүрген еңбегі өз алдына. Елорда төрінде байтақ жұрт көз тіккен бәйгенің талай талантқа арқа бітіріп, делебесін қоздыра түскен түрі болса мынау. Тағы сондай біразын айтуды ұмытып отырған шығармыз. Тәубе дейік. Бірақ «вальс королі» атанған тұлғаның әндері әлі де талай таңдарды атырып, күнді ұясына қондыра берерін ескерсек, істелген шаруалар теңіздің тамшысындай ғана болып көрініп тұрады.

Халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестивалінің мақсаты жастардың шығармашылығына жан-жақты қолдау көрсету, қазақ эстрадасы шеберлерінің өнерін насихаттау, дарынды жас ком­позиторлардың шығармашылығын ұш­тауға барынша мүмкіндік туғызу десек, қазақ эстрадасының келешегі осындай ұлттық жобалармен кемелденуі керек деп есептейміз. Алтынбек Қоразбаев, Алтынай Жорабаева, Толқын Забирова сынды белгілі әншілердің орындауында композитордың «Тамды аруы», «Өмір-өзен», «Арыс жағасында» әндері шағаладай самғады. Өнер сайысы 25 қазанда «Қазақстан» орталық концерт залында өтетін гала-концертпен түйінделеді деп күтілуде. Ескірмейтін, уақытқа дес бермейтін Шәмші әндері ғажабы көп, бір сиқыр!

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

–––––––––––––––––––––––––

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.