23 Қазан, 2013

«Темірлан» романының тұсаукесері

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының мәжіліс залында көрнекті әзербайжан жазушысы және мемлекет-қоғам қайраткері Юнус Огуздың орыс тілінде екі кітап болып жарық көрген «Темірлан» романының тұсаукесері өтті.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының мәжіліс залында көрнекті әзербайжан жазушысы және мемлекет-қоғам қайраткері Юнус Огуздың орыс тілінде екі кітап болып жарық көрген «Темірлан» романының тұсаукесері өтті.

Алматыдағы «Дәуір» баспасынан жарық көрген бұл еңбектің таныстырылымына Бакуден роман авторы және көрнекті әзер­байжан жазушысы әрі ақыны, Махмұт Қаш­қари атындағы халықаралық қордың құрылтайшысы һәм атқарушы директоры, қазақ әдебиетімен тығыз қарым-қатынас жасап жүрген аудармашы Элхан Зал Қараханлы келіп қатысты. Айта кету керек, Элхан Зал бұған дейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабын, сондай-ақ, Олжас Сүлейменовтің өлеңдері мен Берік Ша­ханұлының әңгімелерін әзербайжан тіліне аударып, кітап етіп шығарт­қан белгілі қаламгер.

Юнус Огуздың бұл «Темірлан» атты романы – бұған дейін орыс, ағылшын, араб және әлемнің 15 тілінде жарық көріп, қалың оқырманнан жоғары бағасын алған туынды ретінде де әлем әдебиетінде орны бөлек шығарма. Автордың айтуынша, болашақта бұл шығарма қазақ тілінде жарық көрмек. Шығарма орыс тілінде жарық көргенімен, Юнус Огуз бауырлас Қазақ елі, қазақстандық оқырмандарға аталмыш еңбекті тарту етуді мақсат тұтыпты.

Тұсаукесер жиынын жазушы Берік Шахан­ұлы салтанатты түрде ашып, кеш қо­нақтарына екі елдің ынтымақтастығы, әдеби байланыстары мен мәдени қарым-қатынастары туралы сырлы сұхбат түрінде жүргізіп отырды. Кездесуде әзербайжан жазушысы Элхан Зал Қараханлы, «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры Хайролла Ғабжалелов, қаламгер Мәлік Отарбаев, жазушы-аудармашы Гүлзада Мырзахметова, белгілі тіл маманы, қоғам қай­раткері Асылы Османқызы, ұйғырдың көрнекті жазушысы Ахметжан Әшири сөз сөйлеп, осы шығарманың құнды жақтары мен ұтымды желісіне тоқталып, бауырлас қазақ-әзербайжан елдерінің арасында әдеби байланысты жандандыра түсу жөнінде пікірлерін ортаға салды.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.