Қоғам • 07 Тамыз, 2020

Ойымыз да, бойымыз да биік болуы керек

2398 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күншығыс елінің астанасы Токио­ның аэропортында жұбайымыз екеуі­міз тір­кеу орнына асыға басып келе жатыр едік, алыстан, көпшіліктің ара­сынан биік болып тұрған зор де­не­­лі жігіт кө­зі­ме оттай басылды. Түр-тұрпаты қа­зақ­­қа ұқсайды. Іштей: «Япы­рау, қазақ емес пе екен?», деп ойла­ғаным сол еді, әлгі алып жігіт ма­ған бұрылып, «Асса­лау­мағалейкум, аға!» деп қолын ұсын­ды.

Ойымыз да, бойымыз да биік болуы керек

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

– Мен де сіздерді алыстан байқап, қа­зақ па, қазақ емес пе екен деп ойлап тұр едім. Апай қазақ тілінде сөйлеп келе жатыр екен. Содан қазақ екен­де­ріңізді біліп қуанып кеттім, – деді.

Қабағы ашық. Дидары нұрлы. Туған әке-шешесін көргендей қуанған зор денелі жігіттің бұл әрекеті жү­ре­гім­ді жылытып жіберді.

– Қазақстанның қай жеріненсің? – деп сұрап жатырмын.

 – Бақанастанмын.

– Біз де Бақанастанбыз.

Сона-аа-у жердің түкпірінде бұ­рын­­дары бір-бірімізді мүлде танып, біл­меген бақанастықтар Күншығыс елі­нің астанасы Токио әуежайында кез­десіп, мәре-сәре болдық та қалдық.

Есімі – Ерсін. Түбі – Қаройлық.Түйме­бай қарияның немересі. Әкесінің аты – Балтағұл. Жапон елімен үш жылға келі­сімшарт жасасып, ұлттық сумо кү­ре­сін үйрену үшін келіпті. Жақында ғана жапон елі бойынша студенттер ара­сында сумодан чемпион атаныпты. Алған медальдарын мақтанышпен көр­сетіп жатыр.

Ол медальдарын тағынды. Суретке түстік. Орта бойлы болсам да басым иы­ғына жетпеді.

– Салмағың қанша? – деп сұрадым.

– 160 кило.

– Жасың ше?

– 22 жасқа биыл толдым. Бойым – 190 сантиметр.

Сыртынан қарап, алып тұлғасына, балпаң-балпаң басқан жүрісіне қарап сүйсіндім.

Жасымыздан батырлар жырын оқып, жаттап өскен ұрпақ болғаннан кейін бе, іштей: «Қазақтың балаларының бар­лығы осындай алып бол­са ғой, шір­кін!», деп ойладым. Ая­ғының өзі жарты метрге жуық. Бал­тыры жуан. Қақпақ жауырынды, алып жас жігітке Токио аэропортында әрі-бері өтіп жатқандардың барлығы дер­лік назар аударады.

Есіме тарап кеткен, бұрынғы Күр­ті ауданының орталығы болған Ақши ауылында тұратын Әбдірахман қария түсті. Ол өзін шұбыртпалы Ағыбай батырдың шөбересімін деп айтатын. Тұлғалы, екі иығына екі кісі мінгендей келбетті жан еді. Аман­­дас­қанда алақанының үлкендігі таң­ғал­­дыратын. Шынында да Ағыбай батырдың шөбересі деуге лайықты жан еді. Бірақ кіндігінен тараған алты баласының түр-тұлғасы, пошымы өзіне тартпады. Шешелері сияқты бойлары аласа.

Әйелін қырғыз елінен алыпты. Шүй­ке­дей ғана момын, жүзінен мейі­рі­мі тө­гіл­ген жан еді.

Ерсінге қарадым да: – Сен кімге тарт­қансың? – деп сұрадым. Ол бірден түсіне қойды.

– Нағашыларым ірі, – деді.

– Сен енді тұқымыңды ұсақтатып алма. Мүмкіндігі болғанша бойы ұзын, ірі қызға үйленуге тырыс, – дедім. Не үшін айтқанымды өзім де түсінбедім. Қалай қабылдады екен деп жүзіне қа­ра­ған едім, ақырын, жымиып тұр екен.

Иә, болашақ ұрпақ мұраты бұл күн­де кімді болса да ойландыруы тиіс. Дамыған елдер алдағы жүз жыл­дық­тарын ойластырып, әлде­қа­шан кешенді жоспарларын жасап қойған. Біз етек-жеңімізді енді ғана жинастырып жатырмыз...

Болашақ ұрпаққа ата-бабаларымыз да немқұрайды қарамаған. ХIV-ХVI ғасырларда өмір сүрген қараүзген шипагер Өтебойдақ Тілеуқабылұлы өзі­­нің атақты «Шипагерлік баян» атты кітабында Әз-Жәнібек хан менен: «Нендей амал жасасақ болашақ ұрпақ салауатты, аса көп ауруға шал­дық­пайтын, қуатты болып өседі», деп сұрады. Адамдар жеті атаға дейін бір-бірімен қан алмаспауы керек. Сонда халқымыз жақсы болады», дедім. Әз-Жәнібек хан сөзіме құлақ асып: «Жеті атаға толғанша қазақтар бір-бірімен қыз алыспасын» деп жарлық шығарды», деп жазған.

Қараңызшы, жалпы түркі халық­та­рының арасында ең бірінші ұрпақ салауаттығын ойлап, Қазақ ханы батыл әрекет жасаған. Өмірінің мәні де, маңызы да ұрпағым деп сана­ған баба­ларымыз Әз-Жәнібектің ол ұйға­ры­мын бірауыздан қолдап, бола­шақ ұрпақ­та­ры­на да мұра етіп қал­ды­рып кетіпті. Бұл өте көрегендік.

Ғалымдардың дәлелдеуінше, адам­ның тегі мүлде жоғалмай, шамамен жеті атада бір рет қайталайтын тәрізді. Олай дейтін себебім, Балатопар ауы­лын­да Қасым Иманаев деген кісі болды. Оның баласы өз қатарластарына қара­ғанда жылдам өсіпті. Үш айында алты айлық баладай болса керек. Түннің бір уағында басын көтеріп, сақ-сақ күледі екен. Алғашында анасы қор­қып кетіпті. Осы жағдай бес-алты рет қайталаған соң жергілікті учас­келік дәрігерді шақырып, соған көр­сет­се керек. Әлгі дәрігер әрі-бері тексеріп кө­ріп, «жүрегі қатты соғады екен, суық тиіп қалған ғой» деп, ине салып жібе­ріп­ті. Содан ол бала қатты ауырып, жер­гілікті дәрігерлер емдей алмағаннан кейін санитарлық ұшақпен Алматыға алып кетіп, олар да емін таппай, көз жұм­ғаннан кейін әкесін шақыртыпты. Қасым шүйкедей ғана кісі болатын. Дәрігерлер баланың шешесінен: «Әкесі анық осы ма?» – деп сұрапты.

– Иә, осы. Құдай куә, – депті.

– Жеті атаңызда атақты немесе батыр адам бар ма?

– Иә, бар. Бөлтірік шешен Әлмен ұлы.

Дәрігерлер санаса, Бөлтірік батыр әлгі қайтыс болған нәрестенің жетінші атасы болып шығыпты. Бала­ның жүрегі ерекше жаратылған екен. Төмен жағы екі айыр болып бітіпті.

– Жергілікті учаскелік дәрігер бе­кер ине салған. Баланың жүрегі мық­ты болғаннан кейін ол өз замандас­та­рына қарағанда ерте жетіліп келе жат­қан екен, – деп дәрігерлер өкініш біл­ді­ріп­ті. Осы оқиғаны жазып отырған себебім, болашақ ұр­па­ғымызға асқан жауап­кер­шілікпен қа­райтын болсақ, дархан да­ламыз әлі талай ұлылар мен батырларды, абыздарды берері анық. Ұрпақ жал­ғастығы әлі де жалғасады.

Әрине қазір жаугершілік заман емес. Туған елі мен жерін қорғауға бә­лен­дей бұла күш те қажет болмай қалды. Ақылды, қазіргі ғылым мен техниканы жетік меңгерген білімді ұрпақ болса жеткілікті. Соған қарамастан әлемдегі дамы­ған елдер балаларының салауатты, білімді ғана емес, бойлары ұзын, кел­бет­ті болуларын да ойлас­тыруда.

Ұзақ жылдарғы жаугершіліктен бе, бұл күнде қазақтар өзімізді ірі ха­лық­­пыз деп айта алмаймыз. Сон­дық­тан болар Ерсін тәрізді ірі балаларды көр­ген­де «Шіркін-ай, қазақтардың бар­лығы осындай ірі болса ғой» деп сүй­сініп тұ­рамын.

 

Марат ҚАШҚЫНБАЕВ

 

Алматы облысы,

Балқаш ауданы