Аймақтар • 07 Тамыз, 2020

Сенатор "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында Қызылжар, Аққайың, Айыртау және Есіл аудандарында болды. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалар мен жалпы өңірдің дамуы туралы сенаторға айтып берді, - деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты

Өңірде депутат Ерік Сұлтанов мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының қалай орындалып жатқанына жеке көз жеткізу үшін түрлі нысандарды аралады. Қызылжар ауданында сенатор 300 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты. Аудан орталығындағы халық санының артуына байланысты оқу орындарының тапшылығы сезілуде, осыған дейін балалар үш ауысымда оқып келді. Жаңа оқу орнының бой көтеруі мектептегі орын жетіспеушілігі мәселесін шешетін болады.

Ал сенатор Ерік Сұлтанов Астраханка, Смирново және Антоновка ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, аталған елдімекендерді сумен жабдықтау және абаттандыру мәселелерін талқылады. Өңірде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы Астрахан ауылдық округінің Қаратомар ауылында сумен жабдықтау желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауыл тұрғындары үйлерінің 80% - ы орталық су арнасының желісіне қосылған.

Депутат Ерік Сұлтанов жөнделген балабақшалар мен мектептерге, сондай-ақ жаңа аудандық фельдшерлік пунктке барды. Сенатор аудандар мен шалғай ауылдарда жедел медициналық көмек көрсету үшін медициналық пункттер салудың маңыздылығын атап өтті. Бұл мәселе, әсіресе, елде коронавирус пандемиясымен күрес жүріп жатқан кезде өзекті.

Сенатор өз сапарында ауыл шаруашылығын дамыту тақырыбына жіті назар аударды. Ерік Сұлтанов ауыл тұрғындарын сүтті мал шаруашылығын дамытуға, мал басын көбейтуге шақырды. Бұл үшін түрлі мемлекеттік қолдау тетіктері бар екенін де атап өтті. Сонымен қатар, депутат өңірдің шаруа қожалықтарында болды. Сапар соңында сенатор Ерік Сұлтанов фермерлерге еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.