23 Қазан, 2013

Қазақстанның рөлі қашанда жоғары

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Дубровник қаласында (Хорватия) Солтүстік Атлантика Шарты Ұйымының (НАТО) ұйымдастыруымен Парламенттік Ассамблеяның күзгі 59-сессиясы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті атынан депутаттар Мұхтар Алтынбаев пен Абай Тасболатов қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

 

Таяуда Дубровник қаласында (Хорватия) Солтүстік Атлантика Шарты Ұйымының (НАТО) ұйымдастыруымен Парламенттік Ассамблеяның күзгі 59-сессиясы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті атынан депутаттар Мұхтар Алтынбаев пен Абай Тасболатов қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Парламенттік Ассамблеяның Қоғамдық дипломатия бөлімшесі қауіпсіздік мәселелері бойынша бірқатар келіссөздер мен баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырды.

Сессия барысында Орталық Азия парламентшілерінің қатысуымен қауіпсіздік саласына қатысты көптеген мәселелер қаралып, НАТО-ның Орталық Азиямен байланысы, Сириядағы дағдарысты жағдай, 2014 жылы Ауғанстан жерінен әскерлерді шығарғаннан кейінгі НАТО-ның рөлі мен ортақ мүдде білдіретін мәселелер кеңінен талқыланды.

Форумға 28 мемлекеттен 340-қа жуық парламентарийлер қатысты. Онда НАТО-ны және оның жекелеген мүше мемлекеттерін әлемнің, соның ішінде Орталық Азияның көкей­кесті проблемаларының бірі – Ауғанстанды экономикалық тұр­ғыдан дамыту және бейбіт өмірді қалпына келтіру мәселесін шешуге қатыстыру, аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға жағдай жасау тақырыптары жан-жақты талқыланды. Қазіргі Ауғанстандағы жағдай 2014 жылдан кейін де Орталық Азия мемлекеттеріне тікелей әсер етпей қоймайтыны айтылды. Барлық мемлекеттер Ауғанстанда тұрақтылықтың орнауына мүдделі екендіктерін және осы мақсатқа жетуде айтарлықтай үлес қоса алатындықтарын жеткізді.

Кездесулер барысында Ауғанстандағы жағдайды реттеуде Қазақстанның рөліне баса назар аударылып, еліміз тарапынан берілген гуманитарлық және Қазақстан аумағы арқылы өткізілетін транзиттік көмектер НАТО ПА басшылығы тарапынан ерекше аталып өтті.

НАТО-ның Бас хатшысы А.Ф. Расмуссен Сириядағы орын алған қақтығыстарды әске­ри күштерді қолданып шешуге болмайтындығын, оны дип­ло­ма­тиялық келіссөздер арқылы шешу жолдарын табу керектігін айтты.

Бағдарламаға сәйкес, Қазақ­стан тарапынан жүргізілген ке­шенді жұмыстардың нәтижесінде Ауғанстанның инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту, сондай-ақ студенттерді оқыту, мамандарды қайта даярлықтан өткізу сияқты жұмыстарға қолдау көрсеткен келелі істерге ерекше мән берілді.

Дубровник қаласында Сол­түстік Атлантика Шарты Ұйымы­ның ұйымдастыруымен өткізілген Қоғамдық дипломатия бөлімшесі қауіпсіздік мәселелері бойынша келіссөздер мен баспасөз мәслихаттарында парламентшілер өзара пікір алмасты.