Таным • 10 Тамыз, 2020

Абай және Гаспыралы: жәдитшілдік мұрасы

2980 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Сахарада туып, «соқтықпалы, соқпақсыз» жерде өскенімен соны сүрлеу салып, сансыраған сананы сілкіндіріп, қазақтың қадірлісіне ғана емес, адамзаттың ардағына айналған Абайдың мұрасы – көнермейтін көмбе, өшпейтін өнеге, сарқылмайтын қазына. Сондықтан ескінің соңы, жаңаның басы болған Абай қашанда Алаштың аспанында туған айдай жарқырап тұрады. Арнайы «Абай күнін» белгілеп, ұлы данышпанның 175 жылдығын бүкіл ел болып атап өтіп жатқанымыз соның айғағы.

Абай және Гаспыралы: жәдитшілдік мұрасы

Абай – жаңашыл тұлға. Ол жаңалықтың жаршысы болды: жаңаша ойлап, жаңа жанрларды дүниеге әкелді, жаңа тақырыптарды қозғап, жаңа мектеп қалыптастырды. Сондықтан оның мұрасын өзімен тұстас ғұмыр кешкен жаңашылдармен, әсіресе, жәдитшілдіктің жолбасшысы Исмаил бек Гаспыралының ой-пайымдарымен сабақтастыра, салыстыра қарау қажет.

ХІХ ғасырдың соңында Ресейдегі түрк-мұсылман халықтары арасында пайда болған жәдит қозғалысы – дін мен ағарту саласында туып, баспасөз беттерінде өрістеді, ұлттық әдебиеттің негізін қалай отырып, саяси сипатқа ауысты, 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ұлттық автономиялар құруға әрекет жасады. Жаңашыл жәдитшілдер Шығыс пен Батысқа қатар бет бұрып, халықтың санасын оятуға, ол үшін дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, заманауи ғылым-білімге қол жеткізуге талпынды.

Жаңашыл зиялылар алдымен мұсылмандардың батыстық өркениеттен артта қалып, өзге елдердің езгісіне түсуі себептерінің түп төркінін іздеді. Құран-Кәрім адам баласын парасат биігіне, ғылым мен білімге шақырған еді; мұсылмандар мәдени жетістіктерімен батысқа өркениет үйреткен еді; ислам ғалымдары әлемдік жаңалықтар ашып, Ибн Сина, Фараби сынды ғалымдар төрткүл дүниеге өздерінің теңдессіз еңбектерімен танылған еді. Ал енді сол өркениеттің құлдырап, мұсылмандардың бір кездері өздеріне тәуелді елдерге басыбайлы бодан болуын қалай түсінуге болады? Осындай сауалдар толғандырған жәдитшілдердің пікірінше, мұсылмандардың артта қалу себебі – исламды жаңылыс жорудан, иман мәселелеріне салғырттықтан, надандықтан және алауыздықтан туындаған еді. Ал мұның бәрі оқу-ағарту ісінің заманға сай жолға қойылмай отыруына тірелетін.

Отаршылдықтың боданынан босау үшін әуелі дінді дұрыс түсінуді ұсынған жәдитшілдер, Османлы, Үндістан және Мысырдағы реформаторлық бағыттағы жаңашыл ұлт-азаттық қозғалыстармен де байланыста болды. Абайдың «Ғұсманияда мектеп харбиа, мектеп рүшдиалар салынып, жаңа низамға айналған» деп Османлы мемлекетінде жаңа тұрпаттағы мектептердің ашылып жатқанын айтуы соны меңзейді.

Ресей қол астындағы мұсылман-түрік халықтары арасында діни-рухани салада жаңаша ойлау, заманға сай пайымдаудың бастауында Маржани тұрса, ағартушылық сипатта дамып, баспасөз арқылы өрістеген жәдитшілдік қозғалысының көшбасшысы ретінде Исмаил бек Гаспыралыны атаймыз. Ол туралы Шәкәрім қажы: «Алдында өткен, тәрбиесін көрген Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» газетінің иесі Ысмағұлбек Гаспринский десем бек дұрыс» десе, Ахмет Байтұрсынұлы: «Сол күннен бастап өршіп көбейген Россия мұсылмандары арасында бес-алты мыңға жуық тәртібі бастауыш мектептің бәрінің үлгісі Гаспринский мектебі еді. Бұл күнде төте оқу үшін шығарылған неше түрлі әліппе болса, бәрі де үлгіні Гаспринский шығарған әліппеден алған еді. Бұл күнде он мыңға жуық мұғалімдердің бас ұстазы, жолбасшысы Гаспринский жанаплары еді», деп ағынан жарылған еді. Бір айта кетерлік жайт, біз «Байтұрсынұлының төте жазуы» деп жүргеніміз осы Гаспыралының жәдит жазуының қазаққа бейімделген нұсқасы.

Арғы тегі Қырым хандарынан тарайтын Исмаил бек 1851 жылы 8 наурыз күні Қырымдағы Аужыкөй деген елді мекенде дүниеге келген. Әйгілі Зинжирли медресесінде білім алғаннан кейін Қырымның Ақмешіт қаласындағы орыс мектебіне қабылданады. Екі жыл оқығаннан кейін әуелі Воронеждегі әскери мектепте, кейін Мәскеудегі Милютин атындағы кадет корпусында білім алады. Мәскеуде оқып жүрген жылдары, әсіресе, «Московские ведомости» газетінің қызметкері Михаил Катковтың үйінде тұрған кезінде Исмаил бек Ресейдегі либерал топтарды жақыннан тани түседі. Осы тұста Ресейде өрши түскен пан-славистік үрдіс пен қалыптасқан ахуал оны қатты мазалап, досы Мұстафа Давидовичпен бірге Критте соғысып жатқан Османлы әскеріне қосылу үшін жасырын түрде Түркияға өтуге әрекет жасайды. Алайда олар Одесса портында ұсталып қалады.

Осыдан кейін Мәскеуге қайта оралмаған Гаспыралы 1868 жылы Зинжирли медресесіне орыс тілінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Герцен, Чернышевский, Белинский сияқты озық ойшылдарды оқи жүріп, Ресейдегі мұсылман түркі халықтарының да ұйқыдан оянып, жаңа дәуірге қадам басуын аңсайды. Осы мақсатқа жету үшін Исмаил бек 1872 жылы Вена және Штутгарт арқылы Парижге барады. Парижде өткізген жылдарында ол Тургеневпен танысып, оның көмекші-хатшысы болып қызмет атқарады. 1874 жылдың соңына дейін Францияның астанасында тұрған Гаспыралы Батыс мәдениетін терең зерттеп, зерделейді. Еуропа өркениеті, капитализм және социализм туралы пікірлерін кейін Ыстанбұлда жариялаған «Аурупа мәдениетіне бир назар-и мувазене» атты еңбегінде ашық айтады.

Еуропада екі жыл тұрғаннан кейін Ыстанбұлға келген Исмаил бек Османлы мемлекетінің мәдени-рухани өмірін тереңірек тануға тырысады. Ол мектеп-медреселерге, әсіресе, 1870 жылдан бастауыш мектептерде жүзеге асырыла бастаған «усул-и жәдит» мектептеріне көбірек көңіл аударады. Бұл – Гаспыралыны Ресейде де жәдит мектептерін ашу туралы ойға жетелейді.

Ол 1875 жылы көктемде Қырымға қайта оралып, 1878 жылға дейін ел аралап, болашақ жоспарларының жобасын жасайды. Оның ізденістері 1878-1882 жылдары Бахшасарайдың басшылығы қызметінде жүрген кезінде жалғаса береді. Осы кезеңде Гаспыралы отаршылдықтың озбырлығын жан дүниесімен сезіне отырып, саяси күрес арқылы ұлтқа қызмет етудің мүмкін емес екендігін айқын түсінеді. Оның ойынша, әуелі ұлтты ұйқыдан оятып, оның санасына сілкініс жасап, рухани тұрғыдан көтеру керек; ал бұл халық ағарту саласын жаңарту арқылы ғана жүзеге асатын еді.

Еуропаның білім беру жүйесі мен шығыстық дәстүрлі үлгіні таразылай отырып Исмаил Гаспыралы мектеп-медреселерде реформа жасау қажет деп білді. Әл-Фараби, Ибн Сина, Ұлықбек, Хорезми және тағы басқа ғұламалардың еңбектері медреселерде қажетсіз болып, жаратылыстану пәндері оқу бағдарламасына енгізілмей қалғанына қынжылған ол «Мектеп және жәдидшілік деген не?» атты кітапшада ескі әдісті қолданатын мектептердің қателіктерін көрсетіп берді: «Мәселе әдісте, молдалар мен ұстаздарда емес. Ескі әдістің екінші бір кемшілігі – балаларға Құраннан басқа еш нәрсе үйретпеуі. Түрікше оқу, жазу, жаттығу және шығарма, есеп және ғылымхал жеке пән ретінде енгізілмеген; бір ғана Құран мақамына 3-5 жыл бөлгеннен кейін, өзге пәндерге уақыт та қалмайды. Ескі әдістің үшінші кемшілігі – балалар сабақты бастаған кезде оңай сабақтардан емес, бірден қиын сабақтардан бастайды. Мысалы, бірден бүкіл әліпби түгел үйретіледі; емле толық түсіндірілмей тұрып, аят жолдарын үйретуге көшеді. Араб баласы үшін мұның қиындығы болмаса да, түрік немесе парсы баласы үшін бұл ауыр болады. Әліпбиді меңгерген бала түрікше сөздерді қиналмай оқуы мүмкін, бірақ, араб сөздерін ұғуы мүмкін емес. Сондықтан мектепке келген балалар бірер айдың ішінде оқудан суынып, ұстаздан қорқып, мектепті азапхана мекеніндей көреді. Ескі мектептің тағы бір кемшілігі – ешқандай емтихан немесе тексеру өткізілмейді. Бар ма – бар, мектепте ме – мектепте, үйренді ме – үйренді, молда болды ма – болды. Бітті».

Осы тұста Гаспыралы мен Абайдың үндестігін аңғармау мүмкін емес. Жаңашыл бағыттағы «Ахмет Риза» медресесінде Маржани шәкірттерінен тәлім алған Абай «Бұл күнде тахсил ғулум ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болды. ...Мұндағылар ұзақ жылдар өмір өткізіп, мағишат дүниеде надан бір ессіз адам болып шығады да, ешбір харекетке лайықты жоқ болған соң, адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тасирсіз болады» деп ескіше білім беретін қадымшыл оқу жүйесін қатаң сынға алады. Отыз сегізінші «қара сөзінде»: «Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлкім бұзық фиғыл. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғараб-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасыл қылады», деп шәкірттеріне дүниелік ғылымдарды үйретпейтін, білетін бірлі-жарым арабша-парсыша сөздерімен елді алдайтын, «кітапты теріс оқитын сәлдесі дағарадай» молдаларды айыптады. Медреселердегі дәрістердің арабша білмейтін қазақ баласына ауыр болатынын да айтты: «Балаларды оқытқан жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Онан соң араб, парсы керек», деп әуелі түркіше, ана тілінде білім беру керек деген Гаспыралының пікірін қолдайтынын білдірді.

Исмаил бек оқу-ағарту ісінің ұлттық негізде болып, мектептердің ана тілінде білім беруін, медреселерде діни ілімдермен дүниәуи ғылымдардың қатар оқытылуын, жаңа әдіспен өзіндік ережелері бар оқу жүйесінің қажетсіз пәндерден арылуы керектігін, оның орнына оңайдан бастай отырып ғылымхал, тәпсір, хадис, тарих, жағырапия пәндеріне көбірек мән берілуін баса айтты. Гаспыралы бастауыш мектепті медреседен бөлуді, мұғалімге айлық төлеуді, оқу-жазуды үйретуді буын әдісімен емес, фонетикалық әдіспен бастап, жеңіл жолды қолдануды, қыздар үшін де бастауыш мектептер ашуды және білім беру бойынша арнайы бағдарлама қабылдап, оқулықтарды жас ерекшелігіне қарай оқытуды ұсынды. Сондықтан ол дәстүрлі медреселер мен мектептерге реформа жасау қажет деп, 1884 жылы Бахшасарайда алғашқы жәдит мектебін ашты. Осылайша алғаш Қырымда тұсауы кесілген жаңа үлгідегі мектептер Қазанда, Уфада, Орынборда, Бұхарада, Ташкентте, Семейде, Алматыда және тағы басқа қалалар мен елді мекендерде ашылып, білім бере бастады. Гаспыралы «Тәржіман» газеті арқылы жәдит мектептері туралы көптеген мәлімет беріп, халықтың ынтасын арттырса, екінші жағынан «Хожа-и Субян» атты оқулық арқылы жаңа жүйенің қалай жүзеге асырылатынын үйрететін еді. Ал жаңа жүйе бойынша жәдит мектептерінде ескі қадым мектептерінен бөлек, белгілі бір қағидалар бар болатын. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар медресе жүйесі мен молдалар бұған барынша қарсыласып баққанымен, жәдит мектептері қысқа уақыт ішінде оң нәтиже берді. Араб тілін оқып-жазумен қоса бұл мектептерде тарих, жағырапия, геометрия және есеп сияқты сабақтарды да оқытатын. Іргесі сөгіле бастаған туыстыққа қайта дәнекер болған жәдит мектептерінде түбі бір түркі халықтарының балалары түгел болды. Ғалия, Расулия медреселерінде татар, башқұрт, өзбек, әзербайжан балалармен бірге жүздеген қазақ балалары да оқыды. Сондай-ақ қыздар үшін де арнайы мектеп, медреселер болды. Кейін Мысыр, Польша, Үндістан және Қытай сияқты елдерде ашылған жәдит мектептерінің саны 1905 жылы Ресейдің өзінде ғана бес мыңнан асып кетті. «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. ...Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ» деген Абайдың да жаңашыл мектепті асыға күткені анық. Көкбай ақынның:

«Абай марқұм ескіге ермеуші еді,

Ескіні онша жақсы көрмеуші еді.

Мысырдан төте жолмен оқу шықты,

Сол қашан келеді деп шөлдеуші еді»,

деп жазуы соны меңзейді.

Ұлтты тек ағарту саласымен ғана оятудың жеткіліксіз екенін ұққан жәдитшілер ұлттық сипаттағы түрлі басылымдар шығара бастады. Осы мақсатта 1883 жылы сәуір айының 10-ы күні «Тәржіман» газетін шығарған Исмаил бек, беташар алғысөзіне былай деп жазды: ««Тәржіман» шамасы келгенше дұрыс пікірлерді және пайдалы мағлұматтарды мұсылмандар арасында тарату, мұсылмандардың пікірлері мен мұқтаждықтарымен орыстарды таныстыру үшін қызмет жасайды. Осы өте маңызды мәселелерді мойнымызға ала отырып, халқымызға қолғанат болатынымызға сеніміміз мол». Басылым сол сертінде тұрды. Османлы мемлекетінің «жас түріктер» 1908 жылы билікке келіп, ел Парламентіне депутаттыққа шақырғанда Исмаил бек «баспаханасының басында» қалуды артық санаған екен. Ол туралы Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан: «Исмаил мырза «Тәржіманды» өзі жазған, баспаханада қаріпті өзі тізген, мәшинәда өзі басқан, газетаны өзі бүктеген, шаһардағы алушыларға өзі үлестірген. Сөйтіп бейнеттеніп жүріп «Тәржіманның» бір жағын орысша, бір жағын түрікше толтырып, жеті сайын шығарып тұрған», деп жазады.

Халықты оятуды көздеген «Тәржіман» газетінде саяси әлеуметтік, мәдени және әдеби мәселелер көтерілді. «Тілде, пікірде және тірлікте бірлік» ұранымен шыққан газеттің негізгі ұстанымы мұсылман түрік халықтарының тіл бірлігін қалыптастыру, сол арқылы түрік әлемінің тұтастығына қол жеткізу еді. Сананы жаңғыртуды, халықты оятуды басты мақсат еткен Гаспыралы «Тәржіманды» Ыстанбұлдағы қайықшы да, Шығыс Түркістандағы түйеші де түсіне алатын ортақ тілде шығаруға тырысты. Сондықтан оның тілі ұғынуға жатық, оқуға жеңіл болды. Тіл бірлігін бәрінен жоғары қойған Исмаил бектің өзі бұл ойын былай тұжырымдайды: «Әдеби тіл болмаса, жазу, білім алу, ілім үйрену, рухани һәм ақылға қонымды әдеттердің пайда болуы мүмкін емес. Ұлтты өткен дәуірлерден осы күнге жалғап, біртұтас ағзаға айналдыратын, сөйтіп болашаққа жол ашатын мал-мүлік, қаражат емес, тіпті ағарту-білім де емес. Тек әдеби тіл ғана. Тіл, әдеби тіл – дін сияқты қастерлі, киелі, қадірлі, Алланың нығымет-сыйы, бұның қадірін білмейтін ұлттар барын бағаламаған ел ретінде жер бетінен жойылып кетуі кәдік. Бұған тарих куә. Дүниені дүр сілкіндірген, ат тұяғымен дүбірлеткен ғұндардан бүгінге жұрнақ қалмай, бұдан жиырма ғасыр бұрын бір уыс қана титімдей ел болған гректердің әлі атын сақтап отыруы тілге тікелей қатысты. ...Елу миллиондық түрк қауымының жер-жерде диалектілерінде өзгешеліктер болса да, жалпы тілі – ортақ, бір. Сондықтан бұл текті ұлттың ортақ әдеби тілді иеленуіне әбден қахысы бар, дүниеде бар боп қалғысы келсе, бәрінен бұрын тіл бірлігіне ұмтылуы керек!».

Орайы келгенде айта кетерлік бір жайт, «Тәржіман» газетінің бетінде тіл төңірегінде жарияланған бір мақалада, автор түрік халықтарының ортақ тілі болуға осман түріктерінің және қазақ тілінің негіз болуы мүмкін деп тұжырымдайды. Ол «осман түріктерінің тілі шет тілдердің әсеріне көп ұшырағандықтан, келешек ортақ тіліміз ретінде қазақ тілін таңдауымыз мүмкін. Өйткені қазақ тілі – Шыңғыс пен Темір заманынан бері тамырдан қол үзбеген, негізге ең жақын тіл», деп ой қорытады.

Түркі халықтарының бас газеті осылайша 35 жыл бойы үзбей шығып тұрған. Патша үкіметінің қысымына қарамастан, «анық қарап, абайлап басып» 1918 жылға дейін үздіксіз жарияланған газеттің тиражы 5 мыңға дейін жетті, ол Еділ бойы, Түркістан өлкесі, Түркия және Қытайдағы мұсылмандардың ортақ басылымына айналды. Көп ұзамай оның ізін басып шыққан «Шура», «Уақыт», «Айқап», «Қазақ», «Теракки» сияқты жаңа газет-журналдар дүниеге келді. Исмаил бек бұл ұлттық басылымдардың бәрін қадағалап, қолдап, қуаттап отырған. Мәселен, «Ай-қап» басылымы дүниеге келгенде ол қуанышын білдіріп: «Қазақ тілінде бір газеттің болмауы, қазақ зиялылары, қазақ байлары, қазақ молдаларының әдебиет пен баспа ісіне қайрат көрсетпеуі бір кемшілік еді. Бұл мәселеде жасалған түрлі кеңестен бір қозы яки қотыр тайдың шықпауы ұлттық намысы бар кісілердің жанын ауыртатын. Құдайға шүкір. Сералин деген кісі Троицкіде «Ай-қап» атты басылым шығара бастады. Бұл кісіге көмек беру керек. Оқитын да, оқымайтын да жазылып, ақшасын берсін. Қазақ бауырлар, өз тіліңіз үшін, білім мен ағарту жолында бір қара қозы яки қотыр тайды сыйға тартпайсыз ба? Ай-қап басқармасын құттықтаймыз! Құдай сіздерге сабыр, күш-қуат берсін! Ауыр іс, алайда ақылды іс! Басылым айда бір рет шықса да, әртүрлі ақпарат жазыңыз. Қазақ ақпаратты жақсы көреді. Бір хабар үшін боранға қарамастан атқа қонып, қырық шақырым жерге баратынын білеміз», деп жазды. Осылайша «Айқап» арқылы қазақ баспасөзіне үлкен қолдау білдірді. Сондықтан болса керек, Мұхаметжан Сералин бас ұстаз өмірден озғанда «Русие қол астына қараған 20 миллион мұсылман оқымыстыларының барлығына Гаспринский ұстаз еді. Барлығы да ол марқұмды білуші еді, сүюші еді, сыйлаушы еді... біздер Исмағилбек арқасында өзімізді тани бастадық, дүнияда қандай ғылым, қандай хабар барлығын көре бастадық, бұрынғы өтіп кеткен аталарымыздың қандай хабарлы екендігін біле бастадық. Жеңіл тәртіппен оқытудың пайдалы екендігіне өзіміздің ана тіліміз сүйкімсіз тіл емес, ең қадірлі тіл екендігін білдік. Тілсіз жұрт жансыз жұрт секілді екендігін аңғардық, біз бұрын жансыз кеуде едік, Гаспринский бізге жан бітірді, өлі денеге рух кіргізді», деп тебіріне жазды.

Классик жазушы Тургеневтің тәлімін алған Исмаил бек әдебиет әлемінде де өзіндік қолтаңба қалдырды. Ол «Тәржіманда» 1887 жылы «Молла Аббас» деген бүркеншік атпен «Френгистан мектублары» (Еуропа хаттары), атты романын жариялады. Артынша «Дурур-рахат мұсылмандары», «Судан мектублары», «Қадынлар өлкесі» сияқты повестері, «Арыстан қыз», «Иван мен Сүлеймен», «Екі баһадүр» сынды әңгіме-хикаяттары жарық көрді. Бұл – түркі халықтарының арасында ұлттық прозаның тууына негіз болды. Жәдитшілер ағартушылық мақсатпен сахналар құрып, театрлар аша бастады, осылайша ұлттық драматургия дамыды. Жыр жолдарына соны леп келіп, поэзия жаңаша өріс алды. Абай мен Шәкәрімнің, Ахмет пен Әлиханның, Міржақып пен Мұхамеджанның, Сұлтанмахмұт пен Мағжанның «Тәржіман» газетін сүйіп оқығанын еске алсақ, қазақ ұлттық әдебиетінің де түп-тамырын алыстан іздеудің қажеті жоқ.

«Тәржіман» газетінде қазақтар туралы мақалалар жиі жарияланатын еді. Әсіресе «Басында ойы, көкірегінде мейірімі бар әркім тілі жетер жерге қазақтарды оятуға, тезірек қоныстануға шақыруы керек. Бұл іс – тарихи һәм ұлттық қасиетті парызымыз!» деп жер тақырыбын жиі қозғап, оны отаршылдардан қорғап қалуға шақырды. Сондықтан Сұлтанмахмұт бұл туралы «Суыққа тоңып, ыстыққа піскен, ащы-тұщыны ішкен дегендей көпті көрген қариямыз. Бақ болсын, бақша болсын, қара болсын, тақыр болсын, тас болсын, қолыңа тиген топырақтан айырылма! Мойындарыңдағы парыз осы. «Топырақ, топырақ, топырақ» деп сақалынан суы сорғалап бай-байлап отыр», деп жазды. Міржақып та Исмаил бектің «Қожа Ахмет Ясауи әзірет қайта тіріліп келсе, дін таратумен айналыспас еді, қауымының қазіргі жағдайын көріп, дүлділіне мініп, Қара Еділден Алатауға, Омбыдан Әмударияға дейін шауып өтіп, «жұрт болып қоныстаныңдар, егін салып, орнығыңдар» деген дауысқа толтырар еді» деген сөздерін мысалға келтіреді. Газетте Мәшһүр Жүсіптің мақаласы жарық көрді. Ыбырай Алтынсарин, Мұса Шорманов қайтыс болғанда қазанама жарияланды. Алматыда жер сілкінгенде, зілзалада зардап шеккендерге арнайы жәрдем ұйымдастырды.

Шәкәрім қажы естеліктерінде «анықтық үшін «Тәржіман» газетін оқып, бек көп пайдаланғанын» айтады. Мұхтар Әуезовтің жазуынша Абай да «Тәржіман» газетін жаздырып алып, үзбей оқып тұрған. Әрине, Исмаил бек Абайды білген, таныған жоқ. Ол түсінікті. Алайда Абайдың жаңашыл ой-танымының қалыптасуына «Тәржіман» арқылы оның ықпалы зор болғаны анық. Мұны ұлы ойшылдың діни танымы мен ағартушылық пайымынан һәм әдебиеттегі соны соқпағынан анық байқаймыз.