Руханият • 10 Тамыз, 2020

Сана сәулесі, жүрек жұлдызы

2771 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Біз тарих, қоғам туралы ой­лан­ғанда арғы-бергі өткен ойшыл­дар­дың пікірлерінен аттап кете алмай­ты­­нымыз ақиқат.

«Ұят, ұят, ұят – міне бүкіл адамзат тарихы осы!» деген ащы сөзді Фридрих Ницше тегін айтпаған. Бұл сөзден барлық адамзат баласы жаса­ған күллі күнәлардың баршасы қараңғыдағы шоқтай болып, көздері қызара жылтырап, тесіле қарап тұрғандай сезіледі.

«Білімнен асар қазына жоқ, ақы­мақтан асар жауың жоқ, білім­нен биік бедел жоқ, ұяттан артық әше­кей жоқ» деген сөзді Сократ айт­қан деседі.

Ал Абай 36-қара сөзінде ұят туралы айтып келіп: «Ұят кімде бол­са – иман сонда» деген...

 

Сана сәулесі, жүрек жұлдызы

Абай өз еңбектерінде ар мен ұят категорияларын қамшының өріміндей қатар қарастырған. Оның «Пайда ойлама, ар ойла» деуі­нің астарында терең мән жатыр. Мұн­да қазақтың: «жарлы болма, ар­лы бол» дейтін тұжырымымен де үн­дес­тік бар.

Ғұлама философтардың ұйға­руын­­ша, ұят деп адамның алдын­дағы қорқынышты атаймыз, ал ар де­ге­німіз – Құдайдың алдындағы қор­қыныш.

Абай айтқан: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Басқа нәрселермен озамын деу бе­кер­­шілік» деген.

Біздің ұлтымыздың ұстазы Абай өз шығармаларында әлемнің бі­рін­ші ұстазы Аристотельмен де үн­дестік тапқан. Оның «Ескендір» поэ­­масында Аристотель де өз шә­кір­­ті Ескендір Зұлқарнайын сияқ­ты бас­ты кейіпкердің бірі. Поэ­­мада Ескендірге қамалдан лақ­тырылған адамның қу басы – ашкөз адамның, дүниеге тоймай­тын қу құлқынның символы. Поэмада ұлы ақын:

Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,

Өз күлкіңе өзің қарқ болма бекер.

Ұятың мен арыңды малға сатып,

Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер, – деп қорытып, кейінгі ұрпаққа ұлағатты ой тастайды.

Данышпан ақынның «Ғылым тап­пай мақтанба» деген дидак­­ти­калық өлеңі біздің қазақ хал­қы­­ның ғана емес, күллі адамзат ба­­ла­сының өмірлік бағ­дар­ла­ма­сы­на енгізуге лайықты ғибратты туын­ды:

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз...

Шығармалары өз халқының ұлт­тық идеологиясының құрамдас бөлі­гіне айналып отырған Абай өзі­нің бір сөзінде «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» дейді.

Ұлы ақын неге мыңмен жалғыз алыс­ты?

Бұл сұраққа Абайдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген ирланд классигі Джонатан Свифт жауап беріп кеткен екен: «Нағыз кемеңгерді бірден байқап, тануға болады, өйткені оған бүкіл надандар мен дарынсыздар қарсы шығып, жабылып ке­теді» деп жазыпты ол.

Өзінің «мыңмен жалғыз алысып», арпалыспен өткізген қысқа ғұмырында қазақтың ке­мең­гер ақыны әлемдік өрке­ниет­ке өлмес үлес қосты. Соны­мен қа­тар Байрон мен Гетені, Мицкеевичті, Пушкин мен Лермонтовты, Лафон­тен мен Крыловты, Бунин мен Полонскийді, тағы басқаларды қазақ тіліне тәр­жі­малап, әлем әдебиетінің асыл қазы­насын өз ұлтының игілігіне ай­налдырып берді. Сөйтіп, әлем әдебиеті мен қазақ руханиятының арасына өз дарынымен алтын көпір орнатып кетті.

Кейінгі уақытта «Әр дәуірдің өз Абайы болады» деген пайымды жиі еститін болдық. Олай емес. Барлық дәуірге, бар­лық халықтарға ортақ бір Абай бар. Абай – дара. Алла – жалғыз, Абай – жалғыз.

Кезінде «Менің Абайым» деп ақын Темірхан Медетбек зерттеу кітап жазды, біз оны ыстық ықы­ласпен қабылдадық. Қазір Абай­ды иемденушілердің қатары тіпті көбейді. Несі бар, иемденуге ха­қы­сы бар, Абайды әркім өзінше таниды, әр қырынан келіп, өзінше баға береді. Мектеп оқушылары «Менің Абайым» деген тақырыпта жаппай шығарма жазуда. Бұл да құптарлық іс.

Бірақ Абаймен әсіре әуес­те­нудің кері әсері де болатын сияқ­ты. Мысалы, әр түрлі діни ағым­ның уағызшы-білгіштері ақын шығармаларына өз түсінік приз­ма­сымен қарап, тіпті бірі салафит, енді бірі кришнаит жасағылары келгенін де көрдік. Біз кейбір діни секталардың идеологтары Абай, Шәкәрім философиясын өз көзқарастарын насихаттауға пай­да­ланып, кітаптар, трактаттар, оқулықтар жазып, жариялап жүргеніне куә болдық, қарсылық біл­діріп, тосқауыл жасап та бақ­тық. Бірақ одан не өнді, не өнбеді? Өйткені Абай бәріне керек. Егер Әуезовтің көзі тірі тұрса бұлай болар ма еді, болмас па еді?

Оның өлеңдерін Ресейдегі сая­си топтар «Оккупай Абай» деп атап, өз саяси ойындарына, ере­уіл-күрестеріне құрал еткені де есі­мізде. Олар өз ұрандарын жазып, ақынның кітабын, суретімен фут­бол­касын шығарып таратты. Жалпы, шығарма атаулы жа­рық­­қа шыққан соң халықтың мен­ші­­гі­не айналады. Тіпті көзі тірі ав­торлардың өзі өзегін жарып шық­қан шығармасына жария­ла­нып кеткен соң ие бола алмай қа­ла­­ды. Сондықтан бұл жерде көпке не істеуге болады? Кім қандай мақсатына қалай пайдаланса да Абай – Абай болып, өз биігінде қала береді. Абайды «түсініксіз қазақ» деп атаған Навальныйға біз ренжідік, бірақ біз өзіміз Абайды толық түсініп болдық па? Мен өз басым данышпан Абайдың біз шеше алмай жүрген ұлы бір жұмбағы – оның өз халқының бостандығын аңсауында жатқанын сезгендей болдым. Мәскеудегі жағ­дай соның бір көрінісі. Орыс­тың демократиялық күштері Абай­дан өздеріне демеу, қолдау тап­ты. Дегенмен әлгі ереуілші На­валь­ныйдан біздің өзгешелігіміз – түсінейік, түсінбейік, ұлт болып Абайға ден қоя бастағандығымыз.

Абай біздің бүкіл тыныс-тірші­лі­гімізге етене еніп кеткені сондай, біз бүгін Абайсыз аттап бас­пай­тын халге келдік. Өмірдің, тұр­мыстың, қоғамның қай саласына барсаңыз да Абай жыры, Абай нақылы көмекке келеді. Абай – біздің ақылшымыз, Абай – біздің бағыт беруші Темірқазық жұлдызымыз. Абай жыры – ұлттық идеологиямыздың құрамдас бір бөлігі. Егер сол жолы Абайдан «таяқ жеген» Путин де Абайды оқып, оның жырына жүгінер болса өзіне үлкен жақтас тапқан болар еді. Абайдың ұлылығы сонда: ол – бүкіл адамзатқа ортақ тұлға, әлемдегі барша күрескерге дем беріп, демеу бола алатын қайталанбас қасиет!

Қызған, қызғанба, Абай Құ­нан­байұлы ешкімнің жеке­мен­ші­гі емес, ең әуелі қазақ халқының дара перзенті әрі ұлы ұстазы, кемеңгер данышпаны, одан кейін күллі түбі бір түрік халқының үлгі тұтып, мақтаныш етер биік инсаны, қала берді бүкіл адамзатқа рухани ша­па­­ғатын шашқан алып тұлға.

Ұлылық деген әрі қарапайым, әрі ұлы ұғым, оның ішкі шы­ңы­ра­уы­на екінің бірі бойлай алмайды. Абай бабамыз да «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла», «Шеш көңілімнің жұмбағын» деп келер жетелі ұрпаққа жасырын қазыналы көмбедей ұлы міндет артып кетті.

Өз заманынан озып туған ақын­ның қат-қабат жұмбағын көзінің тірі­сінде ешкім шешпек тұрсын, мә­ніне бойлап, түсіне алмады. Біз бол­сақ әлі күнге дейін түсінуге талпынып келеміз.

Абай феноменін алғаш ашып берген Әуезов болса, арғы-бергі қаламгерлерден Абай ауылына ат басын бұрмағаны жоқ. Тәкен Әлімқ­ұлов «Жұмбақ жан» деген зерт­теу кітап арнады, Рамазан Тоқ­та­ровтың «Абай жұмбағы» атты романы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Қайым Мұхаметханов, Мекемтас Мырзахметов, Тұр­сын Жұртбай, Ғарифолла Есім, тағы басқа абайтанушылар еңбек­те­рі­нің әрқайсысы бір төбе.

«Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осы­лар­дың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі» (9-қара сөз).

Ал өлеңінде:

Ішім өлген, сыртым сау,

Көрінгенге деймін – ау:

Бүгінгі дос – ертең жау,

Мен не қылдым, япырмау?!,

– деп осы ойын сабақтайды.

«Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,

Мен келмеске кетермін түк өндірмей».

«Жақсы менен жаманды айырмадың

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың».

 «...Адам баласы жылап туады.

Кейіп өледі».

«Өзің тірі болсаң да көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың».

Ұятты білмей өмір сүріп жүр­ген­дерге қарап айтқаны: «бүйтіп тірі­мін деме, одан да Алланың ақ өлі­мінің өзі артық».

«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ, құр көзбен көрген біздің хай­уан малдан неміз артық» (7-сөз) дейді.

Мұндай үзінділер мен шумақ­тар­дан оның қым-қиғаш күреспен өткен қайғылы, қасіретті өміріндегі драмаға толы психологиялық халін көреміз.

Абай – ұлттық шеңберден шы­­­ғып, әлемдік, адамзаттық дең­гей­ге көте­рілген Алаштың ал­ғаш­­қы ақыны дейтін себебіміз, ол өз па­йым­­да­рында әлемнің ұлы ой­шыл­­дарымен үндеседі, тізгін қағы­са үзеңгілес тұрып, терезесі тең дең­гей­де тіл қатады.

Мысал көп, біреуін ғана кел­ті­рейін. Орыстың ұлы жазу­шы­сы Федор Достоев­ский өз «Күн­де­лік­терінде» «ұлт­тың соқыр­лы­ғы» және содан туатын екі қателік туралы өз көзқарасын тұжырған. Ай­тып от­ырғаны: «ақыл-ойдың қате­лігі мен жүректің қателігі».

Ақыл-ойдың қателігінен ары­луға болады, ал жүректің қате­лі­гінен – айығу қиын. Жа­зушы бұл жүрек қателігін адамның жан дү­­ни­е­сін, рухын құртатын жұқ­па­лы дертке балайды.

Ал Абай 17-қара сөзінде «Ақ­ыл мен қайратты жүрекке би­­ле­ту керек» деген тәмсіл айта­ды. «Үшеуің ала болсаң, мен жү­­ректі жақ­тадым, Үшеуің бір кі­сі­нің бо­йынан табылсаңдар – «та­ба­ны­ның топырағын көзге сүр­терлік қа­сиетті адам сол», дей­ді. Міне бұл «қасиетті адам» – ұлы Абай атамыз идеал ретінде ұсын­ған «толық адам», «кемел адам­ның» мі­нез­деме, сипаттамасы, порт­реті.

Өз ұлтын жан-тәнімен сүй­ген ақын шығар­маларында өз қай­ғысына ел қай­ғы­сын қосып жыр­лағаны бесенеден белгілі, айналасындағы надан жұрт­тың, мешеу қоғамн­ың қисығын түзеуге әрекеттеніп, содан қыруар жау тауып, ақыры жүрегі айықпастай жараланып, құсаланып, жан дертін тапты.

Меніңше, Абайдың жұмба­ғы­ның бір суыртпақ-тамырын оның жа­нының дертінен іздеу керек...

«Бас-басына би болған өңкей қиқым­ның» заманындағы ымырасыз күресте надандардан жеңілді, тол­ғанды, күрсінді, күңіренді, қор­ланды, әбден налыған шақта түңі­ліп отырса да:

«Атымды адам қойған соң, қай­тіп надан болайын?» деп, осы тұ­йық­тан шығар жол іздеді.

Міне, осы жерде ұлы ойшылдың «толық, кемел адам» концепциясы туады.

Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.

Еңбектi сат, ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиетi:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл,

жылы жүрек».

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек,

– дейді ол.

Абай өзінің «Қара сөздерінде» «толық адамды» екіге бөледі:

  1. Надандыққа толық адам;
  2. Адамдыққа толық адам.

«Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дегендегі 5 нәрсе талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым бесеуі де – адамның үш асыл қасиеті – Ақыл, Қайрат, Жү­ректен туындайды.

Адамзат өркениетіндегі адам­гер­шілік-кісілік, дін-иман, бі­лім-ғылым, тәрбие, әдеп, өнер, адал­дық, әділеттік, ерлік, аза­мат­тық, жомарттық, т.б. барлық ең па­расатты, ең ізгі, ең игі қа­сиет­­терді бойына сіңірген адам – Абай ұсынған «толық адам» тұжырымы – Президент Қ.К.Тоқаевтың ыждаһатымен бүгін біздің қазіргі Қазақ­стан­ның даму концепциясының негізі­не айнал­­­ғаны ұлтымыздың ілгерілеуі жо­лын­да­ғы стратегиялық құтты қадам болды деп айтар едім. Сонд­ай-ақ биылғы жыл Абай жылы, ал ұлы ақынның туған күні Абай күні аталып, күнтізбеге еніп, халықтық дәс­түрлі мерекеге айналғаны әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ғана емес, адам­гер­­шілік пен ізгіліктің, ар мен иман­ның мәр­те­бесі көтерілгенінің белгісі.

Хакімнің өлмес өлеңдерімен қатар, қасиетті «Қара сөздері» де адамсүюдің сар­қылмас қайнары ретінде бүкіл адам­зат­қа ортақ мұра. «Қара сөздер» – ең алдымен қазақты тануға арналған трактат. Жа­зылғалы бері ғасырдан астам уақыт өтті. Ұлы ақын танып-білген ол қазақты біз жыға танымаймыз, тани да алмаймыз, танығымыз келсе де. Ал өзіміздің замандастарымызды ше? Оларды тануға қабі­летіміз жоқ. Өзгені қойып өзі­мі­з­ді өзіміз кейде танымаймыз. Қазақ өзгеріп барады. Күннен күнге. Мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, дүниетанымы, тіпті тілі, ділі, діні де... Бала кезімдегі кеңқолтық қазақты бүгін күндіз шаммен іздеп таба алмаймын.     

Қазақтың ұлттық сыр-сипатын ашуға Абай, Шоқан, Шәкәрім, Байтұрсынов, Әуезовтен бастап, көптеген философтарымыз еңбек арнады. Осы ыңғайда Герольд Бельгердің жазбалары да көңілге көбірек қонады. Бергі толқыннан Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Қас-Сақ аңқымасы», Тұрсынжан Шапай «Қазақтың жаны», Аман­гел­ді Кеңшілікұлы «Қазақты сүю» деген монографияға татитын шығармалар жазды. Алаштану орта­лықтары жұмыс істеп жатыр. Бәрі де қазақтану ғылымына қосы­лып жатқан үлес деп білемін. Қазақты тану үшін ең алдымен қазақты жүрекпен жақсы көріп, құлай сүю керек. Бұл жерде жалаң патриотизмге орын жоқ. Кезінде қазақтың кейбір ерек мінезін шымшып сынаған бір-екі өлең жолдарымды ұстап алып, соңыма шырақ алып түсіп, мені қазақтың жауы атандырмақ болғандар бұл күнде райынан қайта қойды деп айта алмаймын. Соның өзінде біздікі әншейін, бер жағы, асылында қазақты Абайдан көп сынаған ақын жоқ. «Қолдарынан келсе алдымен Абайды қиратып алсын» демей-ақ қояйын... Мұны «қарпып сүю» дейді.

Ұлы даланы кезіп, мәдениетіне қанығып, атқа мініп, киіз үйде түне­ген, ән күйін тыңдап, дас­тар­қаннан дәм татқан, қазы жеп, қымыз ішкен, арғысы – ежелгі батыс-шығыс саяхатшыларының, бар­лау­шыларының, уағыз­шы­ла­рының, бергісі – Ресей отар­шы­ларының, қара­шек­пендер мен каторжандарының бі­ра­зы қазақ­тың ұлттық мінез-құлқы туралы өздерінше суреттеп жазып қал­дыр­ған. Ата-бабаларымыз әлі бір тудың астына бірігіп, қазақ атана қоймаған ықылым заман­нан бері жеткен сипаттама, мінездемелер, кейіптемелер сақталған. Ибн Батута, Марко Поло, Рубрук, Карпини, Жувейни, Тянь-Шаньский, Пржевальский, Янушкевич те, Зелинский де, Дос­тоевс­кий де, Солженицын де... Кө­бісі қазақтың дарқан мінезін мақ­тап, даңғой қылықтарын шенегенмен, ешқайсысы да ұлтымыздың шынайы сипатын ашып бере алған жоқ. Оларға қарағанда «Мен бір жұмбақ адаммын...», «Шеш көңі­лім­нің жұмбағын», «Сырымды тоқ­татайын айта бермей» деген ұлы Абай күллі әлемге қазақ жаны мен санасының құпиясын көбірек аш­ты. Өлеңдері арқылы да, «Қара сөздерімен» де.

Дегенмен де, Абай өзі танып-біліп, зейіндеп-зерделеген қазақ жанының бүкіл құпиясын түгел жайып салмай, соңына көп жұмбақ қалдырды десек дәлірек болатындай. Абайдың қазақтанымы мұхиттағы алып айсберг секілді. Үштен бірін кейінгіге ашық ұғын­ды­рып берді де, қалғанын астарлап кетті. Меніңше, оның «Қара сөздерін» тәржімандардың орыс тіліне «Слово назидание» деп аударып жүргені дәл балама емес. «Қара теңіз», «қара шаңырақ» де­гендегі «қара» сөзі ұлылық ма­ғы­на­сын беретінін бұл күнде орыс­тар­мен қоса бүкіл әлем жұрты біледі. Ана жылы Өскеменде Абай­ға еңселі ескерткіш қойылып, ашы­лу салтанатына барғанымызда сөз сөйлеген орыстың белгілі жазушы­сы Александр Радионов: «Абай Құнан­байұлының «Қара сөздерін» орысшаға сөзбе-сөз «Черное слово» деп аударсаңыздар әлдеқайда дұрыс болады, бұл сөзде ұлылық бар, солай деп аударыңыздар! Бұл «Слово назидание» дегеннен әлдеқайда күштірек!» деген сөзі есімде қалды... Бірақ біз­дің орысша сөйлеп-жазғанда орыс­тың өзін жол­да қалдыратын тіл­маш­та­ры­мыз­дың өз уәжі, аргу­мен­ті бар сияқ­ты...

Бірде маған қазақтың орыс тілдес өнертанушы ханымы:

– Сіз неткен бақыттысыз, Абай­ды түпнұсқадан оқып-түсі­не­тін, – деді, – сосын: – Ал біздің оқып жүргеніміз нағыз Абай емес, оның аудармасы ғана, –деп қосты. Мен оның сөзі мен әлпетінен ана тілін біл­мегеніне қатты қынжылған өкі­нішті байқап, жаным ашып кетті. Абайды түпнұсқадан оқи ал­мауын бақытсыздыққа балаған сұңғылалығына ішім жылып қал­ға­нын несін жасырайын? Бұл жерде оның нәзік дауысымен өз ана тілін түсінбейтін бірнеше ұрпақтың ба­қыт­сыздығы айғайлап тұр еді.

Біздің көбіміз осы кезде ұлттық мұрат-ұлттық идеямыз неден бастау алатынын біле бермейміз, «ұлттық идеология қайда?» деп қақ­саймыз. Негізі бұл ұлттық са­на­ға байланысты мәселелер. Біз Абай жұмбағын кемеңгер ақ­ын­­ның жеке басының жұмбағы емес, күллі қазақ ұлтының, қала берді бүкіл Қазақстанның жұм­ба­ғы деп қарастыруымыз керек. Абайдың ғажайып құдіреті оның шығар­ма­ларына үңілген сайын осындай ойға итермелейді. Бірақ біз бұл жұмбақтың шешуін, соңғы отыз жылда қалыптасқан әдетімізбен, жұртымызды да, ыр­қымызды да біртіндеп биле­гі­сі келетін сұқ көзді сыртқы ин­вес­тор­ларға артып қойып қарап отыра бермей, өзіміз шешкеніміз жөн. Жұмбақсыз жан, құпиясыз адам жоқ. Дей тұрсақ та, қоғамдық санада «Інжіл құпиясы», «Құран құпиясы», «да Винчидің құпиясы» дейтін белең алған ұғымдар бар. Абай жұмбағы – қазақ жанының құпиясы да осы тектес құбылыс. Біз­дің ұлттық санамыз алдымен Абайды жете танып, ол қал­ды­рып кеткен қазақ құпиясын – ғасыр­лар­дың ұлттық жұмбағын толық түсініп, түгел игеріп, шешкен жағ­дай­да ғана әлемнен өз орнын ойып ала алады. Еліміз де солай. Бұл жолда ұлы Әуезов ұсынған ғылыми амал, зерттеу әдісі, өз қолымен са­лып беріп кеткен танымдық биік баспалдақ бар. Қазақстан қан­шама дарқан, ақкөңіл, ашық-шашық, аста-төк ел болғанымен Абай өзі жасырып кеткен ұлттың жұм­ба­ғын сыртқа көп әшкерелеп, әй­гі­лей бермей, қазақ жанының құ­пия­сын қымтап ұстағаны жөн деп білемін. Түбінде «Қазақ жанының құпиясы», «Қазақтың ұлттық сана­сы», «Қазақтың мақсат-мұра­ты», «Қазақ жұмбағы», «Қазақ фено­мені» деген сияқты ұғымдар әлем­дік деңгейге шығатын күннің келе­рі­не сенемін.

Өйткені Абай – сананың сәу­ле­сі, жү­рек­тің жұлдызы!

Абай – адамгершіліктің асқары, шын­дықтың шыңырауы, рухтың ғары­шы!

Абай – «қор елде туып, қор­лық­пен өтсе де» (Шәкәрім) бар бол­мысы, бүкіл ұлы дары­нымен, қаты­гез ортада қай­ғы­ға тұн­шық­қан қасіретті тағдырымен ұл­ты­ның ұлы болашағына жол ашып берген ке­мең­гер. Біз, Алаш елі, Абай барда адас­пай­ты­ны­­мыз анық! Сондықтан Абай­мен өмір сү­рейік! Бүгінгі Абай күні құтты болсын!

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы