Руханият • 11 Тамыз, 2020

Тайжан мұрасы тозбайды

477 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлытаудың ұланы, артына ән-жырдан өлмес мұра қалдырған өнер саңлағы Тайжан Қалмағамбетұлының домбырасы мен қобызы Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде сақтаулы тұр. Баға жетпес жәдігерлерді өнерпаздың 140 жылдық мерейтойына арналған «Өресі биік өнер иесі» атты экспозицияның ашылу салтанатында ақынның немересі тапсырған екен.

Тайжан мұрасы тозбайды

Ақындық, сазгерлік әрі орындау­шылық қасиеттер қатар дарыған өнер­­паз заманында домбырада шебер ойнаған, қобызды да құйқылжытқан. Ал сырнай тартуды Көкшедегі нағашы жұртына барғанда үйренген екен. Яғни Тайжан ақынның анасы Мейіз Үкілі Ыбырайдың туған апасы болған. Әкесі Қалмағамбет елге сыйлы, діни сауат­ы бар, ауылда бала оқытқан беделді кісі екен.

«Тайжанның найзағайдай жарқыл­дап шыққан сәті – 1934 жылы Алматы­да өткен көркемөнерпаздардың рес­пуб­ликалық слеті. Өнерінің шарық­таған шағы – Мәскеуде өткен Қазақ­­станның алғашқы онкүндігі. Оған Үл­кен театрдағы салтанаттың шы­мыл­дығын ашу бақыты бұйырды. Жыр алыбы Жамбыл бастаған бір топ ақиық ақынның арасынан таңдау Тайжанға түсті. Көптеген өлеңі орыс­шаға ауда­ры­­лып, «Правда» мен «Извес­тияға» ба­сылды», деп жазады өлке та­рихын терең бі­летін әріптесіміз Әлібек Әбдіраш.

Тайжан ақын 1937 жылы жазықсыз жаланың құрбаны болып, «Халық жауы» ретінде атылып кеткеннен кейін, ел арасында оның есімін еске алып, әнін айту былай тұрсын, жұрт қолына домбыра, қобыз, сырнай ұстауға қорыққан. Кейінде, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеу­ге өлкетанушы Сүтемген Бүкіров ден қойып, 1984 жылы «Ой ағысы» атты шағын жинақ шығарады. Одан кейін Тайжанның зайыбы Өлмесектің інісі Мұқанның баласы Өмірбек Мұ­қанов 2000 жылы ақын өмірбаяны мен шығармашылығын кең қамтып зерттеген «Талайды таңдандырған Тайжан ақын» атты еңбегін оқырманға ұсынды. Ақынның туғанына 135 жыл толуына орай алғашқы жинаққа бірқатар тың туынды қосып, «Дала дауылпазы ақын Тайжан» деген туындысын ел игілігіне жаратты.

Тайжан поэзиясын ғылыми тұрғыда зерттеу ісіне үлес қосқандардың бірі – қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек Салықов болды. Қайраткер тұлға 2004 жылы жарыққа шыққан «Сақ-сақ күлсін сырнайым» жинағында Тайжан туындыларын кеңінен қамтыды. Сол жылы «Ақын Тайжан» атты лирикалық поэмасы енгізілген «Ақын Тайжан» атты екінші жинағы жарық көрді.

Ал Жүсіпбек Елебековтің шәкірті, жезтаңдай әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин болса, Тайжан ақынның ұмытыла бастаған әндерінің басын құрастырды. Сапарғали Боранбаев пен Тілеуғазы Бейсенбектің көмегіне сүйеніп, нотасы да таңбаланды. Отыз жылдай ізденістің нәтижесінде өнерпаз тұлғаның ұмыт болған он бір әні «Алтын кесе» жинағына енді. Бұл әндердің нотасы түсіріліп, үнтаспасының да шыға­рылғанын айта кеткен ләзім.

 

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы