10 Сәуір, 2010

ӨРКЕНДІЛІК ӨЗЕГІ – ӨЗІМІЗ

609 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Еліміздің Президенті Н.Ә.На­зар­баев 2010 жылдың 29 қаң­та­рында “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері” атты дәс­түрлі Жолдауын Парламент пала­талары­ның біріккен отырысында жария етті. “Бәрін дұрыс жоспарлап, сауат­ты іске асырғандықтан, біздің да­муымыз сәтті болды”, деп бастаған Президент өткен жылдағы дағдарыс қарқыны әлсірегенімен, қол қу­сы­рып отыруға болмайтынын, жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, алдымыздағы он жылдықты эконо­ми­калық өрлеу жылдары деп, қар­қынды дамуға қол жеткізу жолында аянбай еңбек етуіміз керектігін нақты атады. Ол үшін, 2020 стратегиялық жос­пар құрып, экономикалық дағ­дарыстан кейінгі дамуға әзірлеу керектігі, аталған салада өнімділікті арттырып, инновацияларды ендіру керектігі атап көрсетілді. Бұл күр­де­лі міндетті аграрлық-индус­трия­лық әртараптандыру, яғни ауыл­ша­руашылық өнімдерін қайта өңдеуді шұғыл арттыру, осы жолда жаңа құ­рал-жабдықтар мен жаңа тех­но­ло­гиялар енгізу, бұған қосымша жаңа міндеттерді шеше алатын әлемдік тәжірибені пайдалану мін­деті жүктелді. Міне, ауыл шаруа­шылығына осындай қолдаулардың арқасында азық-түліктің 80 пайы­зын өзімізде өндіруге қол жет­кізіл­мек. Бұл үлкен жетістік деп есеп­теймін. Елбасы әртараптандырудың өзегі, кәсіпкерлік екенін ескере ке­ліп, Үкіметке өңірлерде кәсіпкер­лік­ті дамыту жөнінде бірыңғай бюд­жеттік бағдарлама енгізуді тап­сырып, оны “Бизнестің жол кар­та­сы-2020” деп атауды ұсынды. Бұл бағдарлама бойынша жергілікті әкімдер орта және шағын бизнеске сервистік қолдау көрсету, несиелер бойынша пайыздық субсидиялау, кадрларды қайта даярлау және бі­лік­тілігін арттыру, жастар прак­ти­касы және әлеуметтік жұмыс орын­дарын ашу үшін қаржыландырудың лимитін әзірлеп, олардың бизнес-жобалары үшін толық жауапты бо­латын болды. Яғни, кәсіпкерлер эко­номиканың қозғаушы күші болуы тиіс екені атап айтылды. Бұл Жолдаудың біз тек эконо­микамызды көтеріп қана қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсартатынын да сезіп отырмыз. Орта және шағын бизнеске көмек­тесу арқылы көптеген жұмыс орын­дары ашылып, жұмыссыздықтың тамырына балта шабылмақ. Елбасымыздың денсаулық сақ­тау, білім беру, әлеуметтік қолдау, ардагерлерге қамқорлық, тұрғын үй, саяси мәселелер жөніндегі тұ­жы­рымды ойлары мен қолдаулары халықтың арасында өте зор ықы­ласқа ие болып отыр. Осы бағдарламаның өзегі “Нұр Отан” ХДП болуы тиіс, ешкім сырт­та тұрмауы керек, деген сөзі пар­тия мүшелерінің беделін арт­тыру­мен қатар, үлкен жауапкер­шілігін жүктейді. Халықтың сені­мі­не ие болып келе жатқан “Нұр Отан” ХДП-ның мүшелері Отаны­мыз­дың гүлденуіне өзіндік көш­басшы болады деп сенеміз. Тұрғанбек ҚАНАЕВ, “Құрмет” орденінің иегері, диқан, “Нұр Отан” ХДП мүшесі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы. ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ Елбасының биылғы Жолдауын көңіл қоя тыңдадық. Байқағанымыз – ел дамуының жақсы көрсеткіш­тері ұлғайғандығы. Оның себебі – еліміздегі әр адамның көңіліндегі мақсаттың дәл табылып, әкелік қамқорлықпен шешілуі. Әсіресе, көпұлтты халықты ынтымақ пен бір­лікке ұйыстыруды көреген­ді­лікпен нығайта түсуде. Осының арқасында бүгінгі күні ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекет арасы­нан қара үзіп шығып, беделді ұйым­ды басқару үстіндеміз. Оған қоса Кедендік одақ құрылып, оның жақсы тұстары кеңінен насихат­та­лу­да. Бұның барлығы да елі сенген Елбасының абыройлы жұмыстары­ның жемісі, ел абыройының арт­қаны деп ойлаймын. Атқарылып жатқан әрбір іс елі­міздің әр азаматына үлкен жауап­кер­шілік жүктейді. Күн санап ел абыройының артқанын көре ал­мау­шылар мен түсінгісі келмейтіндер әр істі сынға алып, “тырнақ асты­нан кір іздейтіндер” көбейе түсетіні белгілі.  “Бастаған ісін қалай алға жылжытар екен, қандай деңгейде аяқтар екен” деп бақылайтындар да болады. Сондықтан Жолдауда Елбасының айтқаны Қазақстанды Отаным деп есептеген әр азамат өз ісін үлгілі атқаруы тиіс. Әр салада еңбек өнімділігі артуы керек. Бұл бағытта атқарылар жұмыс әлі көп. Біздегі ІЖӨ көлемі жан басына 17 мың доллардан болса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90 мың долларды құрайды. Агросекторда бұл көлем 3 мың болса, алдыңғы елдер 50-70 мыңға жетіп отыр екен. Сөзімді қорытындыласам, анау немесе мынау жетпейді деп Үкі­метке ауыз аша берген дұрыс емес. Атпалдай азаматтарымыз іс көзін тауып, еңбектері ел экономика­сы­ның дамуына үлес қосып жатса, қанеки! Сондықтан Жол­дауды саналы әрбір азамат оқып, өзінше ой түйсе игі. Исабай МЕДЕУ, зейнеткер-экономист. Жамбыл облысы, Қордай ауданы.