Білім • 12 Тамыз, 2020

Алматыда келер жылы оқушы орнының тапшылығы 83%-ға қысқарады

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы" телеарнасының Aкimat Live бағдарламасында өткен тікелей эфир барысында мектептер құрылыстарының қарқыны және жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы әңгімеледі, деп жазады Egemen.kz

Алматыда келер жылы оқушы орнының тапшылығы 83%-ға қысқарады

Халықтың қарқынды көшіп-қонуы мен балалардың туу деңгейінің ұлғаюына орай Алматыда оқушылар саны жыл сайын орта есеппен 12 мыңға артып отыр. Өткен оқу жылында оқушылардың жалпы саны 17 мыңнан астам балаға өсті. Бүгінгі таңда оқушы орнының тапшылығы 30 мың орынды құрайды.

Сондықтан өткен жылы мектеп құрылыстарын жеделдету қарқынды жүргізілді. Биылғы 1 қыркүйекте Әуезов және Түрксіб аудандарында 1800 орынды екі жаңа мектеп ашылады. Сонымен қатар, қала мектептерінің жанынан 3642 орынды сегіз қосалқы нысандар салынуда.

Бұлардан өзге, "Жұмыспен қамтудың Жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша 13 200 орынды тоғыз мектеп, мектептер жанынан 6550 орынды 13 қосалқы нысан салу жоспарланған. МЖӘ аясында 5700 орынды бес мектеп салу ұсынылды.

"Осылайша, 2021 жылдың соңына дейін оқушы орнының тапшылығын 83%-ға қысқаратын болады", деп хабарлады Б.Сағынтаев.

Алматы әкімі жаңа оқу жылына дайындық туралы айта келе, коронавирус инфекциясының індетіне байланысты балалар мен педагогтардың денсаулығын сақтау мақсатында Білім және Ғылым министрлігінің эпидемиялық ахуал жақсарғанға дейін қашықтан оқыту туралы шешім қабылдағанын еске салды. Бұрынғы оқу форматына кезең бойынша көшу жоспарланған. Штатты режимге бірінші кезеңде 1-5 сынып оқушылары, екінші кезеңде 6-11 сынып оқушылары көшеді әрі санитарлық қауіпсіздіктің пәрменді шаралары қамтамасыз етілетін болады.

Б. Сағынтаев бірінші кезекте аз қамтылған отбасылар балаларын компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 70 мыңнан астам адамға, оның ішінде оқушылар мен мұғалімдерге компьютерлер мен ноутбуктар берілетін болады.

"Бұдан өзге, интернетке қолжеткізу және мобильді байланыс нашар аймақтарға мониторинг жүргізілді. Ұялы байланыс операторлары орнататын қосымша таратушы антенналардың орны анықталды", деп атап өтті Алматы әкімі.