Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрі соның бір айғағы. Аталған дәстүр әсіресе ауылды жерлерде өркен жайып, ауылдастары мен туыстары мұқтаж жандарға қолұшын созатын болған. Бүгінде ұлттың болмысындағы осы бір ерекше қасиет Әулиеата топырағында өз жалғасын табуда. Бұл бастаманы жергілікті «Рухани жаңғыру» жобалық офисі арнайы көтеріп, өңірде «Асарлатып үй салу» жобасын іске қосып отыр. Мұндағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көптің көмегімен асарлатып тұрғын үй салып беру. Бұл ретте бірінші кезекте кімдерге көмек көрсетілетінін жергілікті ақсақалдар кеңесімен келісе отырып, адамдардың өздері шешеді. Жергілікті атқарушы органдар да игі бастамадан тыс қалмауы қажет. Негізінен мұнда баспанаға мұқтаж азаматтарға асарлатып үй салынады.
Аталған игілікті іске Байзақ ауданы, Мәдімар ауылының тұрғындары алғашқылардың бірі болып кірісіп кетті. Ауылдастары жалғыз өзі төрт бала тәрбиелеп отырған Ғалия Құрмановаға төрт бөлмелі үй салып беруді қолға алды. Ауылдық округ әкімінің шешімімен жергілікті мектепке күрделі жөндеу жүргізу кезінде босаған жер телімі мен құрылысқа жарамды материалдар бөлінген. Ал аталған ауыл тұрғыны Ж.Дәулетов құрылыс материалдарымен көмектессе, қалған көршілер, әсіресе жастар үй құрылысына белсене атсалысып келеді. Бүгінгі таңда бұл үйдің қабырғалары көтеріліп, шатыры жабылып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айының басында Ғалия Құрмановамен қатар Үлгілі және Бәйтерек ауылдарындағы тағы екі отбасы да жаңа үйге қоныстанады. Жалпы, Байзақ ауданының 18 ауылдық округінің әрқайсысында асарлату әдісімен мұқтаж отбасыларға арналып бір-бір үйден салынады. Бұл ретте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ата-бабаларымыздың игі салт-дәстүрлері бүгінде өзінің өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті. Ол өскелең ұрпақты, жалпы облыс тұрғындарын мейірімділік пен өзара көмекке, жергілікті халықтың қолдауын бағалай білуге үндейді.
Сонымен қатар асарлату әдісімен үй салу жұмысы Меркі ауданында да жалғасын тауып отыр. Осы жылдың соңына дейін 9 үй салынады деп жоспарланған. Мәселен, Сарымолдаев ауылдық округінің тұрғындары бірлесіп, көпбалалы анаға арнап баспана салуды бастап кеткен. Сондай-ақ ол үйге бүгінде қажетті коммуникациялар жүргізілген. Сол сияқты Ойтал ауылдық округінде де қамқор жандар екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтың отбасына үй салып беру үшін ақша жинаған екен. Аталған аудандағы Т.Рысқұлов ауылында да ата-анасыз қалған жетім балаға арналып баспана салынуда.
Қазіргі кезде асарлату әдісі облыстың барлық аудандарын қамтып отыр. Мәселен, Шу ауданындағы аз қамтамасыз етілген 17 отбасы жаңа үйге көшетін болса, Жамбыл ауданында тағы 10 отбасы қоныс тойын тойлайды деп жоспарлануда. Жалпы, биылғы жылдың соңына дейін облыста халықтық құрылыс әдісін қолдана отырып барлығы 114 үй салынады. Бұл ретте ауылдастары мен жергілікті биліктің көмегімен көптеген отбасылар баспаналы болады. Бүгінде әулиеаталық әлеуметтің баспана мәселесі көптің көмегімен біртіндеп оң шешімін табуда.
Жамбыл облысы