Руханият • 13 Тамыз, 2020

Онлайн-сөреде – ойлы кітаптар

1045 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда қазақ тіліндегі сапалы кітап­тарды сататын akel.kz интернет-дүкен­нің қызметі іске қосылды. Жазушы, кәсіпкер Арман Әлменбеттің төл жобасы тек қазақтілді аудиторияны қамтуымен ерекше деуге болады. Ең қолайлысы, үйде отырып аталған сайт арқылы қалаған кітабыңызға тапсырыс берсеңіз, кітап үйіңізге өз аяғымен келеді.

Онлайн-сөреде – ойлы кітаптар

Таңдаулы кітаптарды сататын тамаша дүкенде қазіргі таңда отыздан артық бестселлер бар. Онлайн-сө­релерде  қарағандылық кәсіпкер, «Нәтиже» сүт ком­паниясының басшысы Ерлан Әшімнің қолдауымен жарық көріп жатқан кітаптарды да тауып алуға болады. Атап айтсақ Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Д.Иса­бековтің «Гауһартас», М.Бул­гаковтың «Ит жүрегі» т.б. кітаптары жаңа дүкеннің ішін сәнге бөлеп тұр.

Бұл ретте М. Булгаковтың «Ит жүрегі» кітабы жазушы, ғалым Кенжебай Ахме­товтің аудармасымен тұң­ғыш рет қазақ тілінде жарық көріп отырғанын айта кеткен жөн. «Болашақта ғылыми кітаптардың осы онлайн-сөреден табылуына күш саламыз. Ғалымдар өз еңбектерін жазуын жазады, бірақ оның таралуына, оқырманға жетуіне жұмыс істелмей қалады. Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Кі­тап­ан бөлек пайдалы видео-са­бақтар да осы дүкен ар­қылы сатылымға шығады. Жыл соңына дейін 100-200 кітаппен толығамыз», дейді дүкен иесі А.Әлменбет.

«Akel.kz» аз  ғана уақыт­тың ішінде тұтынушы­ла­рынан тамаша тілек те жи­нап үлгерген. «Сайт өте ың­ғайлы, қыздың жиған жү­гіндей. Қызметі де өте же­ңіл, түсінікті. Кіріп көрсеңіздер болады. Дәл қазір кітапқа, руханиятқа жаны ашитын азаматтар жарыса жарнамалап, қолдауы тиіс бір нәрсе болса, ол – akel.kz интернет-дүкені дер едік.

Бұл дүкен интернет ке­ңістікте олқы соғып тұрған бос орынды нағыз қажет уақытында толтырды. Енді оны аяғынан тұрғызуға атсалысу біздің міндет», дейді кітапсүйер көпшілік.

Рухани шөліркеген қа­уымға таптырмайтын тамаша ресурс. Міне, қазақтілді кітап нарығы осылай қанат жайып келеді.