10 Сәуір, 2010

ШЫНДЫҚТЫ МОЙЫНДАУ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

627 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Біздің халқымыздың басынан не бір зұлмат, қым-қуыт кезеңдер өтті. Соның бәрінде де қазақ хал­қының арманы да, аңсары да Тәуелсіздік болатын. Осы Тәуел­сіздік жолында ата-бабаларымыз жан қиып, қан төкті. Одан бер­тіндегі Алаш ағалары Қазақстан­ның дербес ел болуын көксеп, әр­қилы амалдар іздесе, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де халқымыздың көрнекті қайраткерлері елдің өз жо­лымен дамуын ойластырып бақты. Осындай санғасырлар бойғы  арманның, сол жолдағы жанкешті ерліктің өтеуіне тағдыр бізге бостандық беріп, Тәуелсіздік Туын сыйлады. Ендігі жерде осы Туды мәңгілік тұғырына орнатып, берік қолда ұстауымыз үшін әр қазақ­стандықтың аянбай еңбек етіп, тер төгетін кезеңі келді. Осы тұста заман “мың өліп, мың тірілген” қазақ халқының бақытына орай, бүгінгі ел тізгінін ұстап отырған білікті басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты тарих сахнасына шығарды. Біз – Тәуелсіздік алған жыл­дардан бастап, қиыншылық қамы­тынан тез шығып, өзіміз таңдаған нұрлы жолға біржола бет түзеген халықпыз. Біздің бұл жолымыз мағыналы да мәңгілік жол. Ол – “Қазақстан жолы”. Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев негіздеген осы жол арқылы біз егемендік пен тәуелсіз­дік­ке ешқандай қантөгіссіз жеттік. Қиындық болмады емес, болғанда қандай. Тәуелсіздіктің елең-алаңын­да бүкіл экономикалық бай­ла­ныстар үзіліп, тоқтап қалған шаруашылықты жүргізу үшін қыруар қаржы қажет болды. Бұрын Қазақстанды тек КСРО-ның құра­мында таныған елдер дербес даму жолына түскен елімізге бет бұра қоймады. Осындай тұста Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың асқан көрегендігі мен әлемдік дамуды жете білуі көп көмегін ти­гізді. Ең алдымен, біз әлемге қауіп төндіретін атом қаруы арсеналынан бас тартып, жеріміздегі сынақ поли­гонын жаптық. Қазақстанның бейбіт саясаты әлем елдерін Қазақ­станға бет бұруға ыңғайласа, дау-жанжал­дың, қақтығыстардың себебі болады деген көпэтностық жағ­дайымыз әлемдегі ең шешуші күш­ке айналды. Татулықтың, бірліктің арқасында біз Ресей, Германия, Корея, Грекия, Түркия және басқа үлкен мемлекет­терді, сол секілді Құрама Штаттар, Ұлыбритания, Қытай секілді алып державаларды Қазақстанмен саяси-экономика­лық, мәдени байланыс­тарға түсуге тарттық, шетелдік инвести­цияларға жол аштық. Жиырма жылға жетпейтін мер­зім­де біз ғасырларға пара-пар жол-дан өттік. Қандай қиындықтар кездессе де, елдің болашақ дамуын бір сәтке де естен шығармаған Ел­басы “Қазақстан–2030” Стратегия­сын жасап, соның негізінде дамып келеміз. Сыртқы күштердің орасан ықпалына қарамастан, өзіміздің Конституциямызды қабылдадық, қажетіне қарай оған түзетулер де енгізіп келеміз. Шығыс Азияда бас­тал­ған, мұхиттың арғы жағынан келген дағдарыстардың салдарын еңсере алдық. Мұның бәрі халқы­мыздың бірлігі мен ерен еңбегінің арқасында мүмкін болды. Еуразия кіндігіндегі, мұсылман халқы басым ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, міне, үш айдан асты білікті төраға­лық етіп келеді, Ислам конферен­циясы ұйымына да жетекшілігіміз жемісті боларына сенім мол. Жеріміз ұлан-ғайыр болғаны­мен, халқымыздың саны аз, даму­шы елміз. Соған қарамастан қол жеткен жетістіктеріміз серпінді секі­рістер жасауға мүмкіндік берді. Солай екен деп тоқмейілсудің еш реті жоқ. Сондықтан да, Президент Назарбаев алдымызға жаңа мін­деттер қойып отыр. Оның ең бастысы – индус­триялық-техноло­гиялық елге айналып, әлемнің ең озық елу елінің қатарына ену, Кеден одағының белсенді мүшесіне айналу. Қазіргі кезде біз дағдарыс­ты еңсерудің үлкен бағдарламасын жүзеге асыра отырып, осы қиын жағдайдың өзінен дами түсуді көз­десек, бұл жоспар­ларды жүзеге асыру Мемлекет басшысының төңірегіне, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру идеясы астына топтаса түсуімізді талап етеді. Қазіргі тілмен айтқанда, алыс-жақын шетелдердің бәрінде дерлік тұрақтылыққа қол жеткізе алмай, толқымалы сәттерді бастан кешіп жатқанын күнде көріп, естіп, біліп жатырмыз. Ал Қазақстандағы тұрақтылық пен татулық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі нәтижесінде жүзеге асып отырғаны ақиқат. Шындыққа қарсы тұрар күш жоқ. Жалған жала, өтірік-өсектің бәрі түбінде тарих құмдауытына көміліп қалады да, шындық өз тұғырында әрдайым ту болып желбіреп тұрары хақ. Болашақ бұ­дан да гөрі биік, бұдан да гөрі нұрлы болу үшін, бү­гін­гі көзіміз көріп тұрған ұлы шын­дықты әрқайсымыз әр жаққа бұра тартпай, бұлтақсыз мойындауы­мыз керек. Көз көріп тұрған шындықты мойындау – ұрпаққа үлгі. Бекболат МҰҚЫШЕВ, Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары. АСТАНА.