Мемлекет мүддесі де сол – ұлт үміті болар жас ұрпақты қалыптастыру, қорғау, қамқорлық жасау, бағыт пен бағдар беру, бақастықтан шалғай шынайы білім бәсекесі, өнер бәсекесіне түсуіне мүмкіндік тудыру. Әдетте, жастарға арналған, болмаса жастар құрып отырған бағдарламаларды көргенде әзіл мен қылжақтың ауылынан ұзай қоймағанына іштей қынжылыс білдіруші едік. Әсіресе, телеарналардың жастар аудиториясы үшін көбірек білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке негізделген бағдарламалар түсіргенін қалайтынбыз.
Жақында жаңа бір жобаға көзіміз түсті. Ұлыстың қолындағы шамшырағы – хакім Абайдың 175 жылдығы аясында «Абай» есімімен аталған телеарна ашылды. Ақын атындағы телеарнада таза бір шығармашылыққа, өлеңге, жастар арасында әдебиетті насихаттауға бағытталған «Жыр майданы» деген хабарды көріп ішіміз жылып қалды. Жастар жыр оқып жатыр. Ақындар емес, жастар – болашақ мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер, құрылысшылар мен инженерлер, технологтар мен тәртіп сақшылары дегендей. Бірімен бірі жарысып, өнер жарыстырып, білім салыстырып, барын салуда. Әл-Фараби мен Абай жылында жастардың жыр оқып жатқаны – қандай жарасымды! Осы оймен бірден ұйымдастырушыларын тауып, хабарластық.
– Жастар арасында поэзия оқуды сәнге айналдыруды мақсат еттік. Жастар үлкендерге емес, бір-біріне еліктейді. Бірінің бойындағы мінез бен әдетті, өнер мен сөзді өзгелері де іліп алып кетеді. Осы заманның сөзімен айтқанда, трендке айналдырады. Маусым айынан басталған жыр оқу жарысына мыңға жуық өтінім түсіп, соның ішінен 16-27 жас аралығындағы 300 үміткерді таңдап алдық. Бұл – жастардың өз жиыны. Байқауда әділ-қазы жоқ. Бірін бірі бағалап, өзін-өзі сынап үйренсін дедік. Жастар арасында жыр оқудың сәнге айналуы – ертеңгі зиялы, интеллигенциялық орта қалыптасуының алғышарты ғой. Қыз-жігіттердің бос сөз, босқа жүріске үйір болмай, өлең оқығаны жақсы емес пе?! Сондықтан біз корпорация басшылығының ұсынысымен осы жобаны қолға алдық. Жоба жыл бойы өтеді. Соңында поэзиялық гала-кеш болады, – дейді жоба авторы және бас продюсері Мұхтар Түменбай.
Рас, жастарды ортасы тәрбиелейді. Ортасы дұрыс болғаны – озады. Жастардың бойына жақсылық пен ізгіліктің дәні – өлең дәні қазір егілсе, ертең бүр жарады, ары қарай жайқалып өседі. Жобаның тағы бір креативті табысы – компьютерлік графикамен Абай бейнесінің қозғалып тұруы. Өлеңді жатқа оқудан жаңылған жасқа Абай бейнесі бас шайқаса, жақсы оқығанын құптап, бас изейді. Мұның өзі әрбір қатысушыға Абайдың алдында тұрғандай, Абай алдында өлең оқығандай әсер сыйламай ма. Иә, әр ұрпаққа Абай қарап тұр. Бұл әсер – «Абайдың сөзі – арым дейтін» қасиетке ұласпай ма?!.