Руханият • 17 Тамыз, 2020

«Ер қазақ»

1240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда осындай та­қырыппен «Еге­мен­нің» ардагері, бүгін­де Алматыда тұратын се­­мейлік журналист-жа­зушы Дәулет Сей­­се­н­­ұлының көр­некті абайтанушы ға­лым, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Қайым Мұхамедханов туралы деректі кітабы шықты.

«Ер қазақ»

Хакім Абайдың 175 жыл­дығына орай шығарылған бұл кітаптың «Ер қазақ» деп аталатын алғашқы бөлімі Қайымның әкесі, Алаш арыс­тарының ардақтысы атанған айтулы халық ағартушысы, белгілі меценат Мұхамед­хан туралы әңгімемен бас­та­лып, Семейде ту тіккен Алаш­орда үкіметінің тари­хы­мен жалғасады. Бұл бө­лімде Алаш арыстарының тізесінде отырып ержеткен жеткіншек Қайымға олар­дың жеке бастарының үлгі-өнегесімен әсер еткен игі ықпалы, әсіресе солардың ішінен әкесінің іні досы, жас Мұхтардың нақтылы қам­қорлығы айтылады. Біреу білер біреу білмес, негізі Қайымның Абайдың ақын шәкірттері туралы ғылыми диссертациясы соғыстың со­ңында, жасы отызға енді иек артқанда дайын болған. Бірақ өкінішке қарай, оны қорғап шығу сол уақыт түгілі елуінші жылдардың басында қатты қарсылыққа ұшыраған. Ғалым осы еңбегі үшін 25 жылға сотталып, сталиндік лагерьдің азабы мен тозағына түссе де, ұстазы Әуезовті еш­қашан сатпаған. Сонау соғыс жылдарының аяғында дайын болған ғылыми еңбегін арада он төрт жылдан соң, яғни 1959 жылы екінші қайтара қорғаған. Бірінші бөлімде осының бәрі рет-ретімен баян­далған. Еліміздің айтулы тұлғаларының Қайым Мұхамедхановтың еңбектері туралы айтқан байсалды па­йымдары  мен естеліктері де осы алғашқы бөлімде.

Ал екінші бөлімде автор­дың «Қайсар Қайым» деген атпен екі бөлім, үш көрі­ністен тұратын драмалық туындысы оқырман назарына ұсынылған. «Ұстаз-ғалым туралы сөз» деп ата­латын үшінші бөлімде әріптесіміздің абайтанушы ғалыммен әр жылдарда «Егеменде» жарық көрген сұхбаттары жарияланған. Бүкіл ғұмырын асыл Абайға арнаған ғалым өмірден өткен соң оның есімін қадірлеп, айшықтау мәселесі де ал­ды­мен ел басылымында кө­терілген еді. Қазір сол мә­селелер өз шешімін тауып, қала орталығындағы басты көшелердің біріне Қайым есімінің берілуі, осындағы Абай көшесінің бойындағы Абай кітапханасының жанында ғалымның бюсті­нің орнатылуы – бәрі-бәрі ел еге­­мендігінің арқасы. Халқы бар­да Абай есімі, Абай барда Әуезов пен оның ізбасар шә­кіртінің есімі ешқашан ұмы­тылмайды!

 

Шығыс Қазақстан облысы