Қоғам • 17 Тамыз, 2020

«Мистраль» масадан құтқара ма?

633 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атыраудың тұрғындарын мазалайтын мәселенің бірі – маса. Жыл са­йын жазда масамен арпалысып жүреді. Былтыр қадалған жерінен қан соратын жәндікті улауға жергілікті бюджеттен 130 млн теңге бөлінген еді. Ал биыл бұл қаржы екі есеге азайды. Масаға қарсы дезинсекция наурыз айында басталды.

«Мистраль» масадан құтқара ма?

Содан бері «AG Disinfection Ser­vices» ЖШС облыс орталығындағы 1188 көпқабатты тұрғын үйдің жер­төлесі мен кіреберісіне қансор­ғыш­қа қарсы дәрілеу жүргізіп келеді. Ал­дымен, масаны дәрілеудің бірінші са­тысында ашық су айдындары қам­тылды.

Биолог-энтомолог Айнагүл Дәуле­тия­­рованың айтуынша, жыл өткен са­йын қансорғыштың шамадан тыс кө­бейгені байқалады. Мәселен, былтыр масаның «Aedes Caspins», «Culex pi­piens», «Culex modestus» деп аталатын түрлері кездесті. Масаға қарсы қол­данылған «Алмафос», кейін «Си­­­нузан» дәрілерінің әсері азая бас­­­тапты. Сол себептен, «Агран», «Ци­­пер­метрин», «Медилисципер» таң­далыпты.

Осындай сан алуан дәрінің уыты неге әсер етпейді? Құлақ түбінен ызың­­­­дап, мазаны алатын масаның кө­бе­­юіне не себеп? Маманның пікіріне жү­гінсек, біріншіден, бұл табиғи те­­­­пе-теңдіктің бұзылуымен байла­ныс­­ты болуы мүмкін. Өйткені Аты­рау­дың экологиялық ахуалы кө­ңіл көн­шітпейді. Екіншіден, облыс ор­­­та­лығындағы лас сулар бірден-бір «ошақ» ретінде қарастырылып отыр. Ал үшіншіден, «Ерік-Мос­то­вой» секілді канал мен дренаж арық­­тарына жиналатын судың сасуы да қансорғыштың күш алуына се­бептің бірі болатыны даусыз. Бұ­лардың қатарына ауа райының ерте жылы­нуын да қосуға болады. Қа­зір табиғаттың мұндай құбылысы ға­лам­дық проблемаға айналып отыр.

Осындай себептердің әсері ме, био­лог-энтомолог Айнагүл Дәу­ле­­­тия­­рованың мәлім етуінше, жыл­­дан-жылға масаны улау жұмысы да күр­­делене түсті. Өйткені адам қа­ны­­мен қоректенетін қансорғыш эко­логияның кез келген жағдайына тез бейімделетінге ұқсайды. Ал бұл масаны улауға арналған дәрілік заттарды үнемі өзгертіп отыруға мәжбүр етеді. Мәселен, төрт-бес жыл бұрын масаны дәрілеуге пайдаланылған «циперметрин», «солфак» секілді пре­параттардың уыты жойылыпты.

Ал 2018 жылдан бері дезинфекторлар ресейлік «Медилисципер» пре­­паратын қолдануға көшкен еді. Бірақ бұл да масаға әсер етпейтіні анықталып отыр. Сол себептен, соң­ғы кезде «Мистраль» препараты қол­данысқа енгізілді.

– Қазір бұл препараттың эколо­гия­ға кері әсері зерттеліп жатыр. «Мистраль» дәрісінің әсері жоғары болғандықтан, оны көп көлемде қол­­данбау керек. Сол себептен оның кө­лемін азайтып, бұрын қолда­ныс­та болған «Бомбей» препаратымен араластырдық. Соңғы аптада жасалған тәжірибеде бұл дәрілік зат оң нәтиже көрсетті. Дәл қазір масаны жаппай улаудың жетінші сатысын жүргізудеміз. Алда әлі үш сатысы бар. Қаладағы дезинсекциялық жұмысқа алты бригада жұмылдырылды. Оның екеуі таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл бригадалар көпқабатты үйлердегі жер­төле мен кіреберісте зиянкестермен күреседі. Ал төрт бригада кешкі сағат 20:00-ден түнгі сағат 02:00-ге дейін қала көшелерінде, ашық су қоймаларын­да, саябақта, мәдениет және демалыс орындарында, сондай-ақ қала маңын­дағы ауылдық округтерде улау жұмы­сын жүргізеді, – дейді биолог-энтомолог Айна­гүл Дәу­летиярова.

Оның айтуынша, масаны улау екі әдіспен жүргізіледі. Біріншісі – дәріні түтіндету, екіншісі – сумен аралас­тырып буландыру. Қолданыстағы дә­рілердің әсері күшті болғандықтан, түтіндетіп улау экологияға қауіп төн­діреді. Сондықтан соңғы жылдары дә­ріні суға қосып, буландырып шашу қолға алыныпты. Алайда мамандар «масаны жоюдың табиғи жолы жоқ» деп дабыл қағуда. Өйткені масаны азық ететін бақа, инелік сынды жән­діктер жойылып барады екен. Ал аты­раулықтарды «Мистраль» масадан құтқара ма?