Қазақ даласы қай уақытта да орасан зор қара күш иесінен, батырлар мен палуандардан кенде болмаған. Есімі елімізге мәшһүр атақты Балуан шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов сынды жойқын күш пен әдіс иесі ерлерді бұрынғы батыр бабалардың сарқыты десек болады.Құдай дарытқан ерекше қажыр-қайратымен ағайын-тума, халқының қорғаны болып, жұртының жоғын жоқтаған сондай ерлердің бірі – Жетпіс балуан. Бұл туралы «Дана.kz» хабарлады.
Жетпіс Құттыбайұлы он тоғызыншы ғасыр соңында Батыс Қазақстанда өмір сүрген балуан. Руы-тана. Ел аралап, күресіп, күш-қайратымен жұртшылыққа танымал болған. Қаратөбе өңіріндегі күресте жауырыны жер иіскемей, жеңімпаз атанған оған қазылар жер телімін берген екен. Ол жер қазір Қоскөл ауылдық округі аумағына тиесілі.
Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылының тумасы, бүгінде Алматы қаласында тұратын зейнеткер Төлеген Сафоллаұлы Жетпіс балуан жеңісіне алған жер аумағында өсіп-өнген тана ұрпағының бір өкілі. Аты аталған ағамыз көп жыл математика пәнінен ұстаздық еткен. Ол Жетпіс балуанның айтулы жеңісін әкесінен естуі бойынша былай деп баяндайды:-Әкеміз Сафолланың айтуы бойынша, үлкен шенді орыс ұлығының алдында, алқалы бір жиында орыстың ірі денелі жас, дүниежүзілік жарыстарға қатысып жүрген балуанына қазақтардан бір адам шықсын деген шарт қойылған. Оған қоса, қай жеңгені жығылғанды бауыздасын деп жерге қанжар шаншып қойған екен. Күрестің осы шартынан және орыс балуаны тұлғасынан сескеніп, бірнеше рет күреске шақырғанда қазақтар жағынан ешкім шықпаған. Сонда Қалқаман тана ұрпағы Жетпіс атамыз «мен шығамын» деп алға ұмтылады. Жетпіс атамыздың 48 жасқа келген шамасы екен. Сонда қарттар «сенің жасың келіп қалды ғой, жастар шықсын» деп тоқтатпақ болыпты. «Жастар шықса, олардың жолын кім байлап тұр» деп ортаға өзі шыққан екен.
Жетпіс атамыздың өзі кедей болған. Үстіне шолақ жең қақпа шекпен (аттың қылы мен қара қойдың жүнінен өрмекпен тоқылған, қапшық жасайтын материал) киген. Күресер алдында ақсақалдар Жетпіске зерлі шапан кигізіп, ортаға шығарады. Орыс балуаны бірнеше рет оны үйіріп көтеріп жерге соққан сайын аяғымен тік түсе берген. Бір мезетте Жетпіс атамыз өзіне ғана тән әдіспен, көз ілеспес шапшаңдықпен көтеріп алып жерге бір соққанда орыс балуаны есінен танып, орнынан тұра алмай қалған. Күрес шарты бойынша «бауызда» деп қолына қанжарды ұстатқанда «жазықсыз адамның қанын мойныма жүктемеймін» деп, қанжарды жерге лақтырып жіберген. Сонда патша «қандай тілегің бар?» деп сұрағанда, Жетпіс атамыз «аталастарыма қоныс тарлық етіп жүр, Көкөзектің бойынан бір өгіз терісіндей жер беріңіз» деген екен. Патша «жарайды, аласың және сыйлық беремін, қайда саласың?» деп алтын тиындарын ұсынғанда, балуан шекпенінің бір жақ етегін ғана тосыпты.Жанашыр бауырлары «аға, неге шекпеніңізді толық жайып тоспадыңыз, алтын ақшаны мол алатын едік қой» дегенде, «ағайындар-ау, ең бастысы, Көкөзек бойынан қоныс алатын болдық, сол жарайды ғой» дейді. Сол уақыттағы ата қонысымыз Өлеңті мен Сайқұдық арасында болған еді. Ал ол уақыт бай-кулактардың қазақтарды Жайық бойының шұрайлы жерлерінен ығыстырған кезі болатын...
Бақытбек Кенешұлы.