Бүгін түнде Еуропа лигасының жартылай финалдық ойындары аясында «Интер» (Италия) «Шахтерге» (Украина) қарсы алаңға шығады. Аталған кездесуді «Qazsport» телеарнасы (Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 00:50-де) көрсетеді.
Қатарынан он ойында жеңіліс көрмеген Миланның «Интер» командасы бұл жолы да жеңісті жолын жалғастырғысы келетіні анық. Алайда миландықтардың қарсыласы «Шахтер» биылғы Еуропа лигасындағы мықты ұжымдардың бірі. Сондықтан миландықтар үшін бұл кездесу қай жағынан алып қарасақ та қиынға соғады. Ойын алдында «Интердің» бас жаттықтырушы Антонио Конте былай депті: «Біз «Шахтерді» құрметтеуіміз керек. Біз бірнеше жыл бойы биік жетістікке жеткен, жақсы дайындалған командамен ойнаймыз. «Шахтер» – Еуропа лигасындағы ең мықты команда. Бірақ біз де жартылай финалға кездейсоқ жеткен жоқпыз, финалға өткіміз келеді».
Көбінесе бразилиялық ойыншыларға сенім артатын «Шахтер» (командада 10 бразилиялық ойыншы бар) жартылай финалға жеткеннен кейін көп мамандар донецкінің командасын фавориттер қатарына қоса бастады. Тіпті, 2008/2009 жылғы жетістігін қайталауы мүмкін дегендер де бар. Бірақ барлығы украиналықтардың өз қолдарында. Егер де олар «Вольфсбург» (3:0), «Базельге» (4:1) қарсы шыққандай ойнаса, онда олар сөзсіз финалда. Бұл жайында команданың бас бапкері де былай дейді: «Бұл матчқа біз әдеттегідей дайындалып жатырмыз. Өте күшті командамен кездесетінімізді білеміз. Конте бапкер әртүрлі күрделі тактикаға құра білетін бапкер. Алайда, біз оған дайынбыз».
Статистика
– қарсыластар 2005/06 Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өзара ойнады: «Интер» қонақта 2:0 есебімен жеңіске жетті, Миланда 1:1 есебімен тең түсті;
– «Интер» УЕФА рейтингінде 39-орында, «Шахтер» – 14-орында;
– «Интер» Чемпиондар лигасында өз тобында үшінші орын алды, содан кейін «Лудогорец», «Хетафе» және «Байерді» Еуропа лигасынан шығарды»;
– «Шахтер» Чемпиондар лигасында өз тобында үшінші орынға ие болды, содан кейін Еуропа лигасында «Бенфика», «Вольфсбург» және «Базельді» артта қалдырды;
– «Интер» УЕФА кубогын үш рет жеңіп алды;
– «Шахтер» 2008/09 маусымда УЕФА кубогын жеңіп алды;
– «Интер» турнирдің жартылай финалында жеті рет ойнап, төрт рет финалға шықты;
– «Шахтер» жартылай финалға екі рет жетіп, бір рет финалға шықты;
Egemen.kz болжамы
«Шахтердің» шабуылшылары өте сауатты ойнаса, «Интерде» футбол «жұлдыздары» жиналған. Мұның бәрі бізге екі команда арасындағы матч қызықты өтетініне уәде етеді. Бірақ, қиын таңдауға қарамастан «Шахтердің» финалға шығатынына сенеміз.