25 Қазан, 2013

Жүрек жылуы

410 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Scan001Ақмола – елорда, бірақ әлі Астана емес. 1998-дің күзі тез бітіп, әрі қарай Арқаның ат құлағы көрінбейтін алты айлық қысы бас­талды да кетті. Жібі түзу асхана, шаштараз таба алмауыңыз, жел тұрса аспанда пакет қалықтап ұшып жүретіні жай әншейін тұрмыстық түйткілдер екен. Мынау арқыраған аяз, бет қаратпас боран тек әуежайды ғана жауып тынған жоқ, Алматыға қатынайтын пойыз да тоқтап қалыпты деп естідік, себебі, желден теңселіп кетеді екен. Болат темір төтеп бере алмаған боранға адам шыдап жатты, әсіресе, оңтүстік өңірден қоныс аударғандарға қиын болды осы қыс... осы боран... Қыркүйекте көшіп келген біздің отбасыға да Арқаның арқыраған қысы, көз ашқызбас қарлы дауылы оңай тиген жоқ. Сөйтіп тоңып, торығып жүргенде оңтүстіктегі Мұса ағадан сәлем жетті: «тон беріп жібердім, пойыздан күтіп ал!».

 

Scan001Ақмола – елорда, бірақ әлі Астана емес. 1998-дің күзі тез бітіп, әрі қарай Арқаның ат құлағы көрінбейтін алты айлық қысы бас­талды да кетті. Жібі түзу асхана, шаштараз таба алмауыңыз, жел тұрса аспанда пакет қалықтап ұшып жүретіні жай әншейін тұрмыстық түйткілдер екен. Мынау арқыраған аяз, бет қаратпас боран тек әуежайды ғана жауып тынған жоқ, Алматыға қатынайтын пойыз да тоқтап қалыпты деп естідік, себебі, желден теңселіп кетеді екен. Болат темір төтеп бере алмаған боранға адам шыдап жатты, әсіресе, оңтүстік өңірден қоныс аударғандарға қиын болды осы қыс... осы боран... Қыркүйекте көшіп келген біздің отбасыға да Арқаның арқыраған қысы, көз ашқызбас қарлы дауылы оңай тиген жоқ. Сөйтіп тоңып, торығып жүргенде оңтүстіктегі Мұса ағадан сәлем жетті: «тон беріп жібердім, пойыздан күтіп ал!».

Май тоңғысыз оңтүстікте тон киетін қыс жоқ, кей жылдары тіпті, қар да жаумайды. Ал Арқада тонсыз күнің қараң екен, көңіл алаң екен... Жиырма жыл аудандық автобазаны басқарған әкемнен, ширек ғасыр Шымкенттегі ет комбинатында басшылық қызмет атқарған ағамнан мұндай сәлемдеме жеткен жоқ, дағдарыс шарпуымен жұмыссыз қалған түркістандық Мұса ағамның тонын вокзалда боранмен айқасып жүріп күтіп алдым. Ол тон сол бір ызғарлы қыста денені ғана емес, жүректі де жылытып еді...

Елу бес жылдай ғұмыр кешіп, бақилық дүниеге аттанғанына бір жылға аяқ басқан Мұса Әшен­қожаұлы Паттеев жұртқа жүрек жылуын, ыстық ықыласын, нұрлы шуағын шашып жүретін ашық-жарқын, көпшіл, бауырмал жан еді. Астанаға жолы түскен сайын мені бір бауырыммен таныс­тырып, неге осы уақытқа дейін араласпай жүргенсіңдер деп ұрсып кететін. Жалпы, жұртты бір-бірімен таныстыруға, табыстыруға жаны құмар еді, жарықтық жанындағы жанның жақсысын асырып, жаманын жасырып, айналасы үнемі алқа-қотан топқа айналып жүретін. Елордаға келген сайын Мұсекеңнің өтініш-тілек айтатын, қолдау білдір деп қолқа салатын, азды-көпті билік тізгінін ұстаған бауырларының да қатары қалың еді. Олардың бәрі де ауылдан келген ақжүрек Мұсекеңді қатты қадірлейтін, сөзін жерге тастамайтын. «Етжақының емес, тіпті көршің де емес бұл азаматты қайдан таптың, қуаяқ емес пе өзі, неге сүйрей бересің?», деп сауал қойсаңыз Мұсекең: «Жақсы жігіт қой», деп жай ғана күбірлеп, жылы жымиятын. Сол Мұсекең қамқор болған, сенім артқан «жақсы жігіттер» еліне адал қызмет етіп, азды-көпті еңбегін сіңіріп жүр... Ол кісімен ағалы-інідей араласқан, сыйласқан, сырласқан отыз жылдан астам мерзім ішінде аңғарғаным, дауыс көтермей, киіп-жармай, көкірек кермей, жылы жымиып жүріп-ақ Мұсекең талай ізгі іс бітірді, талай жауапты шаруаға мұрындық болды. Үй салды, ағаш екті, бала-шаға өсірді. Өз үйін салып қана қойған жоқ, Қожа Ахмет Ясауи бабасының кесенесін жөндеуге, өзі басшылық еткен Түркістан медицина колледжінің ғимараттарын бүгінгі заманға сай қайта жарақтандырып, жаңаша сән беруге де қызу атсалысты.

Көкірек көзі ояу, парасат пайымы жоғары Мұсекең саясаттан да тысқары қалған емес. Құрылған күнінен бастап ақырғы демі біткенге дейін республикалық «Ақ жол» партиясының белсенді мүшесі болды, Түркістан өңіріндегі аймақтық филиалды басқарды, партия басшыларына үлкен жиындарда бетің бар, жүзің бар демей ел ішінің, қарапайым адамдардың аманатын айтып салатын.

Жалпы, Отырар – Түркістан өңіріне кеңінен мәшһүр, өсіп-өнген, өнегелі Пәттеқожа, Әшенқожа әулетіне иман мен ізгілік нұры, білім мен білік, пайым мен парасат қонған. Мұсаның ағасы Исаның мамандығы темір жол инженері болғанымен, әлемдік саясат білгірі, дауласа қалса Бзежинскийдің өзін тығырыққа тірейді-ау деп ойлайсыз. Ал інісі – «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы Шәмші де терең ой-пікірімен, парасатымен белгілі тұлға. Тұстастары мен дос­тары оны «қазақтың Плехановы» деп бекер атамаса керек...

Мұса Паттеевтің қарашаңырақ басылым – «Егемен Қазақстанға» деген ықылас-ниеті де ерекше еді. Газеттің оңтүстік өңірде күндері өткенде оған белсене атсалысатын. 1999 жылдың желтоқсанындағы боранды күндерде «Егемен Қазақстан» өзі енді ғана қоныс аударған жаңа елорда – Астанада мерейтойын өткізді. Елден Мұсекең де пойызбен шаршап-шалдығып жетті-ау, қолтығында матаға оралған сыйлығы бар. «Оны неге орап-матап әспеттегенсіз, аяздан қорықтыңыз ба», деп әзілдесек: «Бұл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жазулы тұрған қасиетті құраннан алынған жолдар – «Егеменді» Алла тағала желеп-жебеп жүрсін деп арнайы жасатып ала келдім», деген еді. Шүкір, жаңа елордаға қоныс аударған «Егеменнің» Арқа төсіндегі ғұмыры сәтті жалғасуда. Жаңа кеңсе ғимараты салынды, таралымы еселеп өсіп, 200 мыңнан асты, бұл да болса Мұсекең сияқты ел ішіндегі қарапайым оқырмандардың ерекше таза ниетінің, ыстық ықыласының жемісі шығар. Ыстық ықылас дегеннен шығады, ғасырлар ауысатын жылдары «Егеменнің» оңтүстіктегі тілшісі – тілі шұрайлы, жүзі шырайлы, жұрт «жігіттің төресі» деп атайтын Төрехан Рәмберді еді. Баспасөзге жазылу науқанын жүргізетін болып оңтүстікке іссапармен келдім. Әуежайда Төкең – Төреханның жанында Мұсекең жүр. Ел аралап келеміз, Мұсекең бізден ажырайтын емес, жолыққан басшыларға нұсқау беріп, тіпті, ақыл-кеңес айтып та қояды. Былай шыға Төкең екеуміз шыдамадық, тарпа бас салдық:

– Оу, Мұсеке, сіз «Егемен Қазақстанда» қызмет істемейсіз, әкімдерге жекіріп тапсырма бергеніңіз қалай, бұл кім, қандай қызмет істейді деп сұраса не айтамыз, – дейміз ғой қосарланып...

– Оның несі бар, оңтүстік өңірдегі №1 оқырман деп айтасыңдар да. 20 жылдан бері осы газетті ежіктеп оқып келемін. Мұндай кездесулерге оқырманның қатысып, өткір ойын айтқаны пайдалы емес пе, қайта, ­– деп өзімізге дүрсе қоя берді.

Сөйткен Төрехан мен Мұса қасиетті Түркістандағы қорымда қатар жатыр, рухтары да сырласатындай. Елу беске қадам басқанында Мұса Әшенқожаұлы жүрек талмасынан қайтыс болды. Не айтса да, не істесе де жүрек елегінен өткізетін жанның жүрегі сыр беруі де тегін емес шығар деп ойлайсың...

Атақты Майлықожа ақын:

Тау басында жел жүрер,

Жол үстінде ел жүрер,

Мына жатқан қара жер

Кезегімен жеп жүрер

Әкесі кетсе орнына

Баласы нәубет кеп жүрер,

Орнында бар оңалар,

«Құдайға шүкір!» деп жүрер, – деген екен.

«Орнында бар оңалар», деп қазақ қалай тауып айтқан. Құдай қосқан қосағы Замира жеңгей Мұсекеңнің орнын жоқтатпай, түтінін өшірмей ұл-қыздарын, немерелерін мәпелеп өсіріп отыр. Тәубе дейсің, осыған.

Кей-кейде кабинетке есікті серпіп, омырау­ын ашып тастап жылы жымиып, елдің ыстық сәлемін арқалап, ауылдың исі, насыбай исі аңқыған Мұсекең кіріп келе жатқандай әсерде қаламын...

Інілік ізетпен,

Еркін ҚЫДЫР.

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19