Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Оңтүстікке келген сапарында жергілікті халықтың ежелден-ақ еңбекқұмар, бейнетқор екенін тілге тиек етіп, бұл өңірде мейлінше шағын кәсіпкерлікті, 15-20 адам еңбек ететін жұмыс орындарын көптеп ашу керек екенін айтқан болатын.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Оңтүстікке келген сапарында жергілікті халықтың ежелден-ақ еңбекқұмар, бейнетқор екенін тілге тиек етіп, бұл өңірде мейлінше шағын кәсіпкерлікті, 15-20 адам еңбек ететін жұмыс орындарын көптеп ашу керек екенін айтқан болатын.

«Ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде жылыжай, тамшылатып суару жүйесін дамыту, көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қоймаларды көбейту қажет. Қазір Кеден одағының арқасында Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы тауарларын Ресейге саудалап жатыр. Бұл үлкен мүмкіндік. Егер қоймаларымыз көп болса, өнімді сақтап, қыстың күндері қымбатқа сатып, диқан қауымның көп пайда табуына мүмкіндік туар еді» деген еді Елбасы. Осы аптада Шымкент қаласының шетінен орын тепкен «Асар» шағын ауданында жаңа өндірістік нысанның тұсауы кесілді. Нақтырақ айтсақ, осындағы «Асар kz» қызмет көрсету-дайындау кешенінде бір мезгілде жалпы сыйымдылығы 5600 тоннаны құрайтын жеміс-көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Бұл жоба «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылып, құрылыстың жалпы құны 489 млн. 259 000 теңгені құрады.
Әрине, қойма дегенде төрт қабырғасын қалап, төбесін шошайтып жауып, іші үнемі қоңыр салқын тартып тұратын үңгір іспеттес қараша үй екен деп ойлап қалмаңыз. Бұл құрылысты жүргізуде технологияның соңғы жетістіктері пайдаланылыпты. Яғни, испан елінің технологиясы бойынша салынған бұл қоймада оңтүстікқазақстандық диқандардың өнімдерін сақтауға толық жағдай жасалған, қажетті қызметтің барлық түрі бар. Тоңазытқыштары бір тетікпен басқарылатын бұл кешеннің мамандары арнайы курстардан да өтіпті. Тағы бір айта кететіні, «Асар kz» кешені тек жергілікті диқандардың өнімдерін сақтап, тек соларға ғана телміріп отырмайды. Бұл кешен өздері де 2 гектар жерге жылыжай жасапты. Осынау жерден жылына 352 тонна өнім алынады. Енді бұл өнім тікелей жаңа қоймаға жіберіледі. Жалпы, бұл сақтау орны «Асар» шағын ауданындағы тұрғындар үшін де тиімді болып тұр. Өйткені, «Асардағы» 1,5 мың отбасының әрқайсысында 3 соттықтан жер бар. Бәрін есептей келгенде 52 гектар жердің өнімі жаңа қоймада сақталынбақ. Шаруалар үшін тиімділігі сол, олар өндірген өнімдерді қойма басшылығы базар нарқымен бірдей алады екен. Сондай-ақ, бұл кешен жылыжайлардан жеткізілген көкөністерді қабылдап қана қоймай, азық-түлік өнімдерінің түр-түрін сырттан сатып алумен де айналысатын болады.
Жалпы алғанда, «ҚазАгроҚаржы» АҚ қойма мәселесінде қарқынды жұмыс істеп келеді. «Жеміс-көкөніс қоймаларын құру және жаңғырту» бағыты бойынша елімізде 17 қойманы қаржыландырды. Бұл қоймалардың сыйымдылығы 91 187 тоннаны құрайды. Биылғы жылы 1, 438 млн. теңгеге еліміз бойынша 13 600 тонна өнімді сақтай алатын 4 ірі қойманы жабдықтау жоспарланыпты. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ соңғы 14 жылда 20,8 млрд. теңге инвестиция салып отыр. Нақтырақ айтсақ, осы өңірдегі 238 шаруа қожалығына қаржылай қолдау көрсетіп, нәтижесінде лизинг және несие бағыты бойынша 312 келісімшартқа қол қойылды. Осы мекеме арқылы облыстың шаруалары үшін жалпы сомасы 4 477,0 млн. теңгені құрайтын барлығы 916 техника алынды. Бұдан бөлек соңғы 9 жылда бюджеттен және бюджеттен тыс 14 жоба қаржыландырылып, құны 3,2 млрд. теңгені құрайтын 15 технологиялық және қайта өңдеу жабдықтары сатып алынды. Бұл жабдықтар әрине, табиғи сусындар, сұйық май, сүт және кондитерлік өнімдер, диірмен, астық сақтау, жылыжай кешендері, құбырлар шығару өндірісіне қызмет етіп жатыр.
– «Біздің мекеме кәсіпкерге 8 жылға 6 пайызбен несие береді. Бұл – жалпы соманың 60 пайызы деген сөз. Көкөніс қоймасы енді іске қосылып жатқандықтан, қаржы уақтылы қайтады деген ойдамыз. Жалпы, қарызды қайтару мәселесінде бізде ешқандай кедергі жоқ», – дейді бізбен әңгімесінде «ҚарАгроҚаржы» АҚ-тың ресми өкілі Ринат Кемешов.
Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында алғашқы рет бау-бақшадан 1 млн. тонна өнім жиналды. Биылғы жылы да осы үрдіс сақталып отыр. Көкөніс пен бақшадан 2,2 млн. тонна өнім алынды немесе 250 мың тонна артық жиналды. Осыдан кейін қоймалардың сыйымдылығы 177 мың тоннаға жетіп, 9 есеге артты. Әрине, бұл кешендер жергілікті тауар өндірушілер үшін арнайы салынып отыр. Яғни, жылыжай жұмысымен айналысатын шаруалар үшін бұл таптырмас орын. Енді тек қоймалардың қадірін біліп, тиімді пайдалана білсек болғаны.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.