"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, "бармақ басты, көз қысты" әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Талап қатаң болады. Былтырғы жиында біз нақты іс-қимыл жоспарын айқындадық. Бүгінде бірқатар мақсатты жүзеге асырдық", - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент Қазақстан беделді халықаралық ГРЕКО ұйымына, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болғанын еске салды.
"Нормативтік актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу институтының жұмысы жаңғырды. Қол астындағылардың жемқорлық әрекеттері үшін басшыларын қызметінен босату қағидаты енгізілді. Мемлекетіміздің осы бағытта қолға алған шараларын белгілі халықаралық агенттіктер атап өтуде. Дегенмен, біз бұған тоқмейілсіп отыра бермеуіміз керек. Сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны әлі де азаймай тұр. Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан. Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.