Қазақстан энергетикасының соңғы жылдардағы өрісті өркендеуі саладағы ұлттық кадрлар біліктілігінің өсуімен, тәжірибесінің толысуымен сабақтаса өріліп келе жатыр. Міне, егемен еліміздің электр энергетикасы саласының дамуына барлық саналы ғұмырын арнап келе жатқан осындай білікті мамандардың бірі – кәсіби инженер-энергетик Қаныш Молдабаев. Ол 1987 жылы Павлодар индустриялық институтын инженер-электрик мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдағаннан кейін еңбек жолын қарапайым электр слесарынан бастап, еліміздің энергетикасы саласындағы ірі компания басшыларының бірі ретіндегі еңбекпен есею жолынан өтті.
Қазақстан энергетикасының соңғы жылдардағы өрісті өркендеуі саладағы ұлттық кадрлар біліктілігінің өсуімен, тәжірибесінің толысуымен сабақтаса өріліп келе жатыр. Міне, егемен еліміздің электр энергетикасы саласының дамуына барлық саналы ғұмырын арнап келе жатқан осындай білікті мамандардың бірі – кәсіби инженер-энергетик Қаныш Молдабаев. Ол 1987 жылы Павлодар индустриялық институтын инженер-электрик мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдағаннан кейін еңбек жолын қарапайым электр слесарынан бастап, еліміздің энергетикасы саласындағы ірі компания басшыларының бірі ретіндегі еңбекпен есею жолынан өтті.
Уақыт – құдірет. Өмір өлшемдерінің бәрі уақытқа тәуелді. Ол жазбайтын жара, ол шешпейтін жұмбақ жоқ. Тіршіліктің күрмеуі күрделі талай түйіндері уақыт атты құдіреттің алдында тайғанақтық танытып, тайсақтап шыға келеді. Иә, Қаныш Тәңірбергенұлының тәуелсіз Қазақстанның энергетикасының кешенді түйіндерін шешуге үлес қосып келе жатқанына ширек ғасырдың өрмегі ауыпты. Содан бері қаншама су ақты, алақұйын заман шіркін талай-талай төңкеріс те әкелді, өзгеріс те әкелді. Кешегі бар құрлықтың алтыдан бірін алып жатқан алып державаның темірдей тәртіпке тәуелді қуатты энергетикалық жүйесі ыдырап, егемендікке ие болып, жеке-жеке бөлінген елдердің еншісіне берілді. Одақтың бірегей энергетикасынан бөлінген тәуелсіз Қазақстанның, бүгінгі әлем таныған қуатты Қазақстанның әлеуетті экономикасының локомотиві болған энергетикалық саланың жеке жүйесін қалыптастыру, тұрақты тұғырын жасау, осы маңызды салада Қаныш жауапты қызмет атқарған жылдардың үлесіне тиді.
Осыдан оншақты жыл бұрын, сонау бір ғасыр тоғысында Қаныш Молдабаев Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің электр энергетикасы басқармасының бастығы қызметінде жүріп, егемен еліміздің энергетикалық саласын қайта құру, дамыту және оның нормативтік базасын жетілдіру мәселелерімен жан-жақты айналысты. «Қазақстан Республикасы электр энергетикалық саласын дамытудың 2007-2015 жылдарға арналған шараларының жоспарын» жасауға белсенді атсалысты.
Ол, 2007 жылы «KEGOС» акционерлік қоғамында «Солтүстік ЖЭЖ» филиалының директоры және 2009 жылдан 2011 жылға дейін «KEGOС» АҚ-тың Ұлттық электр желілерін дамыту департаментінің директоры қызметтерін атқарған кезінде егемен еліміздің энергетикалық саласының бірегей электр энергетикалық жүйесін қалыптастыруда білікті маман, талабы терең жетекші ретіндегі табандылығымен танылды. Электр қуаты бойынша тапшылық көріп, энергетикалық жүйе бойынша көрші мемлекеттерге тәуелді болып келген Қазақстанның оңтүстік облыстарын отандық бірегей электр жүйесіне қосып, тәуелділіктен шығару мақсатында «Солтүстік – Қазақстанның Оңтүстігі» 500 кВ транзиттік 2-ші желісінің құрылысы» атты ірі жоба жүзеге асырылды. Тарихта тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесін қалыптастырудағы осы кешенді жұмыстарды іс жүзіне асыруда Қаныш Тәңірбергенұлының қомақты қолтаңбасы қалды.
Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін және Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Қаныш Молдабаевтың тікелей қатысуымен іс жүзіне асырылған кешенді мегажобалардың маңызы мен тиімділігі зор. Бұл ретте, ел энергетикасының дамуына қуатты қарқын берген «ҰЭЖ-ді жаңғыртудың ІІ кезеңі», «Мойнақ ГЭС-інің қуатын іске қосу», «Қазақстан ҰЭЖ-ге қуаты 500, 200 кВ «Алма» қосалқы стансасының құрылысын салу» атты жобаларды ерекше атап өткен жөн.
Иә, таңдауынан таймай бір салада ширек ғасырдан астам табан аудармай еңбек ету, тек еңбек етіп қана қоймай, энергетикалық саланың әлеуетін арттыруға өлшеусіз үлес қосу кәсіби жоғары біліктіліктің, нағыз азаматтық табандылықтың белгісі болса керек. Қаныш Тәңірбергенұлының саналы ғұмырындағы ғибратты еңбек жолы – азаматтық таңдауға, адамгершілік парызға адалдықтың шынайы үлгісі. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, бұл таңдаудың тамыры терең, қайнары тұнық.
Қанышқа өнегелі өмір мектебінің алғашқы ұлағатын дарытқан ардақты әкесі Тәңірберген Нұрышұлының ғибратты ғұмыр жолы болды. Міне, сексеннің сеңгіріне иек артса да күні бүгінге дейін «Баян-Су» ЖШС-нің тізгінін берік ұстап келе жатқан Тәңірберген ақсақалдың өмірлік өнегесі Қаныштың бойына берік дарыды. Сонау 1958 жылы Павлодар облыстық мелиоративтік су шаруашылығында инженер-гидротехник болып еңбек жолын бастаған жоғары білімді маман Тәңірберген Нұрышұлы 55 жыл бойы таңдаған мамандығынан таймай, өңірдегі су шаруашылығының өркендеуіне өзіндік үлесін қосуда. 1967 жылы «Павлодармелиорация» тресінің бас инженері, 1969 жылы Баянауыл аудандық су құрылысы басқармасының бастығы қызметтерін атқарған ол заман өзгеріп, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен тоқсаныншы жылдардың өтпелі кезеңінде «Баян-Су» ЖШС-ін құрды. Аумалы-төкпелі күрделі уақытта ол кәсіпорынның бұрғылау машиналарын, бульдозерлер, жүк және басқа мамандандырылған техникалары мен жабдықтарын сақтап қалды. Бүгінде Тәңірберген Нұрышұлы басқаратын серіктестік кәсіпкерлік қозғалыстың соқпағын салып, халыққа қызмет көрсетудің жаңа түрімен танылуда. Сонымен бірге, Тәңірберген отағасы бар ғұмырын бала оқытуға арнаған өмірлік қосағы Марқама Тағайқызы екеуі құрған шаңырақта 55 жылдан бері береке мен бірліктің шуағын шашып, бес бала мен немерелерінің шаттығын қызықтап келеді.
Әке ұлағатының тұнығынан сусындаған Қаныш та жастай таңдаған мамандығына адалдығын танытты. Ол жоғары білім алып келгеннен кейін алғашқы еңбек жолын бастаған Баянауыл аудандық электр желілерінде он бес жылға жақын табан аудармай еңбек етіп, қатардағы электр слесарынан жоғары аудандық электр желілері акционерлік қоғамының президенті дәрежесіне көтерілді. Жас маман төл ұжымындағы осы бір еңбекпен есею жылдарында тәрбие берген, мамандықтың қыры мен сырына баулыған білікті тәлімгерлерден үлгі алды. Солардың бірі де бірегейі алғашқы тәлімгер-жетекшісі, Баянауыл аудандық электр желілерінің басшысы Зейнолла Мұсабеков болатын. Қаныштың осы бір мағыналы еңбек жолында өзіндік өнегесін дарытқан тағы бір тұлға Баянауыл ауданының әкімі Кенже Кеңесбаев еді. 1999 жылдың өлара кезеңінде Кенже Сәдуақасұлы Баянауыл ауданына әкім болып тағайындалды. Елдің тұралап бара жатқан тұрмысын көтеру үшін ол жергілікті азаматтарды жанына топтастырып, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. Сол жылдарда ол еңбегімен елге танылған Қанышты да қатарына тартып, байланыс, көлік және көлік жолдарын қадағалайтын, әкімнің орынбасары етіп бекітті. Күрделі кезеңде Баянның іргесін сетінетпей аудан әкімінің орынбасары ретінде бес жыл жемісті еңбек еткен Қаныш Тәңірбергенұлы кәсіби таңдауына адалдығынан таймай 2004 жылы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің электр энергетикасы басқармасының бастығы болып ауысты. Міне, осы кезеңнен бастап тәжірибелі энергетиктің егемен еліміздің әлеуетті энергетикалық саласын қалыптастыру жолындағы қайта құруларды іс жүзіне асырған жемісті қызмет жолы жалғасты.
«Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай, батырмын деп баптанба, жауға шаппай» демекші, тізгін ұстаған ұлдарымызды атқарған ісіне қарай бағалайтын елміз ғой. Ендеше, бүгінде Қазақстанға қажетті электр энергиясының 37,4 пайызын өндіретін, 63 535 шақырымға созылған электр тарату желілері мен 5 794 шақырым кабельдік электр жүйелерін басқаратын «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының даму жөніндегі атқарушы директоры болып қызмет атқаратын Қаныш Молдабаевтың жарты ғасырға жалғасқан ғұмыр жолында егемен елдің тәуелсіз энергетикасын нығайту мақсатындағы азаматтық қажыр-қайратына тәнті боламыз. Осы жемісті еңбегі үшін ол Қазақстан Республикасының және ТМД-ның «Еңбек сіңірген энергетигі» құрметті атақтарына ие болды. Баян елінің жүгін көтеріп, өзі құрған серіктестігін сексен жасқа дейін сенімді басқарып келе жатқан Тәңірберген Нұрышұлындай әкеден ұлағат ұққан Қаныш еселі еңбекпен бірге туған жер, егемен еліне деген сүйіспеншілігін де үкілеп келеді. Ал атадан балаға ұласқан ұлағат тәлімін Қаныш пен Айтжамал Тұрсынқызының өнегелі шаңырағынан өрбіген Айнұр, Олжас, Айғанымдардың жалғастыратыны сөзсіз.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».