Қасаң ойдан арылу керек
Әне-міне дегенше жазғы демалыстың соңғы айы да тәмамдалуға таяу. Ата-ана, мұғалім, оқушы, жалпы қоғам болып жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастауға дайындалып жатыр. Енді сабақ оқу үшін техникаға телміретін баланың денсаулығын сақтауға септесетін, бірақ маңызды пәндердің қатарына кірмейтін денешынықтыру сабағының жайы не болмақ?
Мектепте «менсінбейтін» денешынықтыру пәні студент атанған шақта ең маңызды, тіпті ең қиын пәнге айналғаны бар. Кейбір курстастарымыз бір ғана осы пәннен 3-ке қорытылғанның кесірінен шәкіртақыдан қағылды. Сонда студенттердің басым бөлігі мектепте денешынықтыру сабағына тиіп-қашып қатысқанын, аталған пәннің сынып журналында оқушыларды түгендеумен ғана оқытылғанын ашық айтатын.
Шәкіртақыдан айырылған бір курстасымыздың: «Денешынықтыру деген мектепте ұлдар доп тебетін, қыздар солардың әрі-бері жүгіргеніне шемішке шағып қарап отыратын сабақ еді. Жыл бойы оқулықтың бір бетін ашпастан мектеп кітапханасына кері қайтаратынбыз. Енді міне, баскетболдың ережесінен емтихан тапсыратын күйге түстік», деп қынжылғаны есімізде. Шын мәнінде оқушыға дене тәрбиесі пәні болашақта стипендиядан қағылмас үшін яки үздік аттестатпен бітіруге ғана керек пе еді? Бұл пәнге деген қасаң көзқарасты қалай өзгертуге болады?
Гүлназ Айтжанқызы оқушы кезінен денешынықтыру пәнінің мұғалімі болуды қалапты. Бірақ ата-анасы қыз балаға ерсі деп таңдауына қолдау көрсетпеген көрінеді. Соған қарамастан кейіпкеріміз араға 4-5 жыл салып өзі таңдаған мамандыққа грант ұтып алған екен. 20 жылға жуық мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келе жатқан Г.Айтжанқызы сабағы бір рет өтпей қалса, оқушыларының жылап көрісетінін айтады.
– Кез келген пәнге оң көзқарасты қалыптастыру – сол пәннен сабақ беретін мұғалімнің қолында. Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ал ұлы мұғалім шабыттандырады. Ең қиын пән денешынықтыру сабағы дер едім. Себебі бұл жерде баланың өмірі, денсаулығы бірінші орында тұр. Шебер педагог кез келген жағдайда білім бере алады. Қашықтан оқыту форматына көшкен кезде де сабағымыз уақтылы, жоспар бойынша жүріп отырды. Өткен IV тоқсанда денені қыздыруға арналған қимыл-қозғалыс жаттығуларын әріптестерімізбен бірлесе видеоға түсіріп, әзірлеген роликтерді оқушыларға жіберіп тұрдық. Мен міндеттемесем де қызығушылықпен жаттығуларды жасаған сәттерін видеоға түсіріп, маған жолдаған оқушыларым болды, – дейді бүгінде Ақтау қаласындағы №3 орта мектепте жұмыс істейтін Г.Айтжанқызы.
Денені қашықтан қалай шынықтырады?
Көктемгі «төтенше тоқсан» көп нәрсеге көзімізді жеткізді және мемлекет мәртебесін көтеруге құлықты педагог қауым мен жауапкершілік жүгі ауырлай түскен, әсіресе қит етсе мұғалімді кінәлай жөнелетін ата-аналарға үлкен сабақ болды. Алдағы жаңа оқу жылы тағы қашықтан оқыту форматында басталмақ. Онсыз да барлық оқу ошағында бірдей өз деңгейінде өтпейтін денешынықтыру пәні қашықтан қалай оқытылады?
Халықаралық мектеп спорты федерациясының президенті Петринка Лоран Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы ұйымдастырған конференцияда қашықтан оқыту кезінде де денешынықтыру сабағына оқушыларды белсенді қатыстыру керегін атап өтті.
– Бүгінде балалар мен жасөспірімдер қимыл-қозғалыстың аздығынан түрлі ауруға жиі шалдығады. Бұл сөзімізге жеткілікті дәлел келтіруге болады. Коронавирус инфекциясының әлемге жайылып, пандемияның өршіп кетуі бұған дейін де күн тәртібінде тұрған осы бір өзекті мәселені одан сайын ушықтырды. Біз Қазақстандағы Білім және ғылым министрлігінің карантиндік шектеулер кезінде түрлі онлайн спорт шараларын өткізіп отырғанынан хабардармыз. Осы үрдісті үздіксіз жалғастырған жөн. Пандемия бізге денсаулықтың қадірін, соның ішінде спорттың адам өміріне қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Әсіресе балаларды қауіпті індеттен қорғау үшін олардың иммунитетін көтеретін денешынықтыру жаттығуларының маңызы зор, – деді П.Лоран.
Халықаралық сарапшының сөзіне қарағанда, вирусты жеңіп, әлемдік ахуал қалпына келіп, оқушылар оқу ошақтарына оралғанда мектептерде денешынықтыру пәнін оқытудың жаңа жүйесін әзірлеп, бұрынғы мән бермеген кем-кетіктер ескерілген заманауи әдістеме әзірленгені абзал. Бұл жұмыс балаларға денешынықтыру пәнінің маңыздылығын түсіндіруге, қызығушылығын арттыруға бағытталуы қажет.
Ал Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының маманы, педагогика ғылымдарының кандидаты Меруерт Тұяқбаева ізденістегі педагог үшін қашықтан оқытуға арналған заманауи контенттің көп екенін жеткізді. Дегенмен дәл денешынықтыру пәнін қашықтан оқыту біздің педагогтерге ғана емес, осы пәннен сабақ беретін шетелдік мұғалімдерге де жаңа сынақ болды.
– Байқасаңыз, математика, физика, химия, биология секілді барлық елдерде міндетті түрде оқытылатын негізгі пәндердің кез келген форматтағы оқу процесін ұйымдастырудың үлгілері бар. Интернеттің заманында бейнесабақтардың түр-түрін табуға болады. Еліміздегі мектептер қашықтан оқытуға көшкенде бірден денешынықтыру пәнін жаңа форматта қалай ұйымдастыруға болатынын зерттеуді бастадым. Әлем елдерінің 79 пайызында нақ осы пән мектепте міндетті түрде бағдарламаға енгізілген екен. Пандемия кезінде осыншама елдің денешынықтыру пәнінің мұғалімдері тосын жағдайға тап келді. Себебі мұндай практикалық пәннің қашықтан оқытуға арналған дайын видео дәрістері түгілі арнайы нұсқаулығы да болмады, – дейді М.Тұяқбаева.
Міне, осы әдістемелік нұсқаулықты сарапшы М.Тұяқбаева Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының өзі басшылық ететін зертханасында дайындап шықты. Ғалым-педагог әзірлеген нұсқаулықтың мәні «көбіне практикалық әрекеттермен ұйымдастырылатын денешынықтыру пәнін қашықтан оқытатын мұғалім өз мақсатына жету үшін оқушының білім алуын бақылауға айрықша көңіл бөлуі керек» дегенге саяды. Бірақ бұл тексеру де, бағалау да емес, бар болғаны кері байланыс орнату. Айталық, анкета жүргізіп, оқушылардан онлайн сұхбат алуға, шағын конкурстық жобалар ұйымдастырып, мониторинг жасауға, білім алушылар арасында қызықты эстафеталар жолдауды ұсынып, оқушыға өзін-өзі бағалау күнделігін толтыруды үйретуге болады. Мұның бәрі баланы өз бетінше білім алуға, өзін-өзі тәрбиелеуге, ересектердің итермелеуінсіз ізденуіне бастайды. Қашықтан оқытудың мақсаты да осы, яғни ата-ана – баланың білім алуына қолайлы жағдай жасаушы, ал педагог – оқушыға бағыт беруші.
Бала денсаулығына бейжаймыз ба?
Бір оқушының үй тапсырмасын әлеуметтік желідегі отбасылық чатта бүкіл әулет болып орындайтын үйде денешынықтыру пәні бар мен жоқтың арасындағы сабақ саналатыны түсінікті. «ЮНЕСКО» Кластерлік бюросының Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секторының жетекшісі Мясоед Арина қашықтан оқыту жағдайында денешынықтыру сабағының жүйелі және нәтижелі ұйымдастырылуы ата-аналарға тікелей байланысты болатынын айтады.
– Денешынықтыру – тәрбиенің бір түрі. Ал бала ең алдымен отбасында тәрбиеленеді. Егер ата-ана үйде денешынықтыру пәнінің аса маңызды, қажетті екенін ескертіп, құлағына сіңіріп отырса, өзі де спортпен шұғылданса, бала ең жақын әрі қымбат ақылшысының айтқанын бұлжытпай тыңдайды және істегенін істейді. Денешынықтырудан беретін мұғалімінің тапсырмаларына ыждағатпен қарайды. Пандемия кезінде жүргізген зерттеулердің нәтижесінде біз ата-аналардың «төтенше тоқсанға» дайын болмағанына көз жеткіздік. Олардың көбі тіпті балаларының физиологиялық ерекшелігін ескеріп физикалық тұрғыда тұлғаны қалай дамыту керегін білмейді. Қай жаста қанша уақыт спорттық жаттығу жасау қажет? Үй жағдайында қандай қимылды ойын ойнауға болады? Мінеки, осындай қарапайым сұрақтардың жауабын айта алмайды, – деген М.Арина мәселенің төркінін түсіндіргендей болды.
«Денсаулық болса, бәрі болады, бұл – бірінші байлық», дейміз. Бірақ баласының дені сау болғанда ғана кез келген қиын пәнді игеріп кете алатынын біле тұра денесін шынықтыратын негізгі пәнге немқұрайды қарайтын ата-ана көп. Оған қоса өзінің пікірімен, ұстанымымен баланың да пәнге деген теріс көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететіндер де бар. Мұны жоғарыдағы кейіпкеріміз, денешынықтыру пәнінің мұғалімі Г.Айтжанқызы да растайды.
– Бәрі демеймін, бірақ баға жағынан және сабақтан сұранар кезде «жібере салсаңызшы, денешынықтыру ғой» деген ата-аналар да, мұғалімдер де болды, – дейді мұғалім. Байқадыңыз ба, пән мұғалімі айтқандай, ата-аналар ғана емес, өзге (мектептерде негізгі пәндерден сабақ беретіндер, қолқа салғыш сынып жетекшілері) педагогтер де қажетті пәнді қажетсіз көреді. Ал денешынықтыру пәніне атүсті қарау – баланың денсаулығына, түптеп келгенде өміріне немқұрайды қарау деген сөз ғой...