Құрбан айт мерекесін еліміз жақында ғана атап өтті. Айт күндері жұртшылық бірін-бірі шайға шақырысып, дастарқан үстінде де имандылық, адамгершілік жайында ұлағатты әңгімелер және ақжарма тілектер айтылды. Ақ дініміздің де, мемлекеттік мерекеміздің де мақсаты адамдардың рухани жұтамауы, бірлік-берекенің сақталуы емес пе?! Алайда, біраздан бері байқап жүргеніміздей, кейбір көрнекі күнтізбелерде Құрбан айт мерекесі белгіленбейді. Жылдың басында жергілікті орыс тілді газет оқырмандарға бір бетке жайып жылдың күнтізбесін ұсынғанда, одан мемлекеттік мерекелер қатарында Рождествоны көріп, Құрбан айтты көзіміз шалмаған еді.

Қазір жыл аяқталмай-ақ, алдағы 2014 жылдың күнтізбелері дүкендерге түсе бастады. Жақында Қостанай қаласындағы дүкендердің бірінен осындай күнтізбелерге көзіміз түсті. Қағазында мін жоқ –жалтырап тұр, безендірілуі жайлы тағы ештеңе айта алмайсың. Бұл күнтізбені Алматы қаласындағы ARTCARD баспаханасы шығарыпты. Алайда, мұнда да Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік мерекелер қатарында Құрбан айт қызыл түспен белгіленбеген. Күнтізбенің төменгі жағына мемлекеттік мерекелерді бөлек тізіп жазғанда да, Құрбан айт қалыс қалған. «Абдулла» жекеменшік кәсіпорны шығарған күнтізбеде де 7 қаңтар Рождество Христово мерекесі бар, Құрбан айт мерекесі жоқ. Осы күнтізбеде мемлекеттік тілге қатысты ереже де сақталмаған. Қазақ тіліндегі күн аттары күнтізбенің сол жағына емес, оң жағына жазылған. Тіл жанашыры Төлен Рамазан Павлодар қаласынан осы кәсіпорынның шығарған тағы бір күнтізбесіндегі көзге ұрып тұрған қателерді айтып, телефон шалды. Күнтізбені суретке түсіріп жіберіпті. Онда да Құрбан айт белгіленбеген. Тағы бір мемлекеттік мерекеміз – 7 мамыр – Отан қорғаушы күнін белгілегенмен, күнтізбенің төменгі жағына орналастырған мемлекеттік мерекелер тізіміне қоспаған. Осы кәсіпорынның жетекшісі, телефонның арғы жағынан өзін Нұрлан деп таныстырған жігіт күнтізбенің елу түрін шығаратынын айтты. Жақында іссапармен Арқалық қаласына барғанда жұмыс кабинеттерінде ілулі тұрған көрнекі күнтізбелерге әдейі назар салғанбыз. Бір-ақ мысал. «Арқалық хабары» қалалық газетіндегі әріптестеріміз кабинеттерінде ілінген Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры шығарған 2013 жылдың күнтізбелерінде де Құрбан айт көрсетілмеген. Құрбан айт келер жылы 4 қазанда мерекеленуі тиіс. Ол тек ARTCARD баспаханасы шығарған діни мерекелер күнтізбесінде көрсетілген. Мемлекеттік тілге қатысты ала-құлалықтан қандай күнтізбені қарасаңыз да көз сүрінеді.
Күнтізбе шығарушылар Құрбан айт мерекесін белгілемегенін оның жыл сайын жылжып отыратынын, белгілі бір күнде келмейтінін сылтау етер. Алайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына немесе, жергілікті мешіт имамдарына хабарласып, біліп алуына болмай ма? Құрбан айт – мемлекеттік ресми мереке. Сондықтан оған тек мұсылман жұрты ғана емес, әр қазақстандық құрметпен қарауы тиіс.
Жаңа жыл жақындап қалды. Әр күніміз күнтізбеден басталады. Оған күнде қарайсыз. Күнде қатені көргенде көңіл ортаймай ма?..
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.