Қоғам • 20 Тамыз, 2020

Қамкөңіл жандарға айрықша қызмет көрсетеді

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында "мемлекеттің ерекше қажеттілігі бар адамдарға көпшілікпен бірдей жағдай жасауға міндетті" екенін бөле-жара атап көрсетті. Яғни қоғамдық өмірде де, кәсіби қызметте де, мемлекеттік қызметтер алуда да мүгедек жандар жайсыздық сезінбеуі, кедергілерге тап болмауы тиіс, деп жазады Egemen.kz

Қамкөңіл жандарға айрықша қызмет көрсетеді

Ерекше қажеттілігі бар адамдарға мемлекет қамқорлығы қай кезде де ауадай қажет. Оларды жұмыспен қамту негізгі мәселенің бірі. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалында  67 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейді. Әлеуметтік өмірдің барлық салаларында азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделерінің кешенді түрде қамтамасыз етілуіне аталған ұжым айрықша мән беріп отыр. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызмет көрсету ісі де барынша жолға қойылған.

"Әрбір фронт-офисте мүгедектерге қызмет көрсететін арнайы терезелер жұмыс істейді. Құлағы нашар еститін немесе саңырау жандарға  курстардан өткен сурдоаудармашы маман ымдау-ишара тілімен қызмет көрсетеді. Мұнда келетін мүгедектігі бар жандар үшін көліктерін қоятын автотұрақ, арбадағы мүгедектер үшін пандустар, шақыру нүктелері, көтеру лифті, көзі нашар көретіндерге арналған тактильді жолдар, Брайль мәтініндегі ақпараттық тақташалар орнатылған", дейді филиал директоры Данияр Қырықбаев.

Мүгедектер үшін көптеген қызметті онлайн режімде алу қарастырылған. Мәселен, азамат мүгедектік тобын анықтау үшін комиссиядан өткенде, басқа еш жерге жүгінудің қажеті жоқ. Оның құжаттары онлайн режімде мемлекеттік корпорацияға беріліп, осында барлық жәрдемақылар мен төлемдер түрі белгіленіп, оның төленуі ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, "Азаматтарға арналған үкіметтің" мамандары 1 және 2 топтағы мүгедектерге, 70 жастан асқан қарт адамдарға, ҰОС қатысушыларына және мүмкіндігі шектеулі балалардың үйіне барып қызмет көрсетеді.

– Жыл басынан бері біздің мамандар 1737 үйге барып 2 мыңға жуық қызмет көрсетті. Ең көп талап етілетін қызметтер – паспорттар мен жеке куәліктер беру. Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу және т. б. қызметтер де сұранысқа ие, – дейді Данияр Қырықбаев.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.